Мереке

Отбасылық сайыс өтті

15 мамыр — Халықаралық отбасы күнінде Ақтөбедегі діни және этномәдени бірлестіктер арасында «Менің отбасым — менің байлығым!» атты сайыс өтті.

Облыстық дін істері басқармасы мен «Жарық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен сайыстың мақсаты — этномәдени және жергілікті діни бірлестіктер арасында отбасы құндылықтарын насихаттап, конфессияаралық қарым-қатынасты нығайту.

Іс-шараның ашылуында сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлібек Тұралиев қоғамдағы отбасының рөліне тоқталып, жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады. Барлық қатысушыға сәттілік тіледі.

Төрт кезеңнен тұратын сайысқа 5 отбасы қатысты. Олар алдымен өздерін таныстырып, екінші кезеңде өнерлерін ортаға салды. Үшінші кезеңде интеллектуалды сұрақтарға жауап берген отбасылар сайыстың төртінші бөлімінде үйден дайындап келген фотоколлаждарын қазылар алқасына ұсынды.

Сайысқа тыңғылықты дайындалып келгендердің бірі — Берген мен Айгүл Ғаббасовтар.Шаңырақ көтергендеріне қырық жыл болған отбасы 7 қыз тәрбиелеп өсіріпті.

— Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Шаңырақта берілетін  тәрбие — ұлт болашағының кепілі. Біз балаларымыздың елін, жерін сүйетін азамат болып өсуі үшін бар күшімізді салдық. Бүгінде әрқайсысы өзі қалаған мамандық иесі атанып, елдің дамуы жолында еңбек етіп жүр. Қыздарыма үнемі отбасындағы ең басты құндылық сыйластық екенін айтып отырамын. Сыйластық бар жерде мейірім де, кешірім де болады, — деген Берген барлық баласының мектеп жасында қосымша музыкалық білім алуына жағдай жасағанын айтты.

— Қыздарым ән де айтады, аспаптарда да ойнайды. Сондықтан сайыс туралы естігенде, бірден қатысу туралы шешім қабылдадық, — деді ол.

Сайыс қорытындысын шығарған қазылар алқасы қатысушыларды түрлі номинациялар бойынша марапаттап, барлығына ақшалай сертификат табыстады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button