Басты жаңалықтар

Ақтөбеде мысыр тауығын өсіруге мүмкіндік мол

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан нарығындағы құс өнімдерінің 50 пайызы сырттан әкелінеді. Сондықтан қазіргі басты міндет — импортқа тәуелділікті барынша азайту.  Ол үшін өнім көлемін арттырып, тұрғындарды 90 пайыз отандық өніммен қамтамасыз ету қажет.

Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде біздің облысымызда да құс шаруашылығы нық қадаммен жандануға бет алды. Алайда мамандар мал, құс шаруашылығын қолға алмас бұрын, бірінші кезекте кадр мәселесін шешіп алуға кеңес береді. Себебі олар  арнайы маманы жоқ шаруашылықтардың түптің-түбінде жандануы екіталай екенін айтады.   

Басты бағыт — бейімдеп оқыту

Ақтөбеде шағын шаруашылықпен шұғылданушылар саны күн өткен сайын артып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары құс өсіріп, шаруашылық құрып жатқандардың қатары көбейді. Ауыл-аймақтарда шаруашылықтың бұл түрін қолға алу, құстың санын өсіру, өз өнімдерімізді тұтыну үшін тер төгіп, еңбек ету қажеттігін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі аудандарға барған сапарында жиі айтады.  Оның үстіне, шаруашылық құрып, құс өсіремін деушілерге мемлекеттен едәуір қолдау да бар. Алайда көпшілік кәсіпкерлер өздерінде бар әйтпесе қолдарына тиген несие қаражатын шаруашылықты аяғынан тік тұрғызумен ғана шектеледі. Ал құстың қалай өсіп-өнуі, қоректену жолдары, емдік шаралары турасында бәрі бірдей біле бермейді. Сондықтан Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі мамандары биылдан бастап оқу орнындағы білім алушыларды құс, аң шаруашылығына бейімдеп оқытуды қолға алған.

Алдағы уақытта оқу орнында оқушыларды таза құс, аң шаруашылықтарына бейімдеп оқытуға бағыт алғымыз келеді. Алайда бұл бастаманы жаңа оқу жылынан бастап жүзеге асыруды қолға алдық. Бұған себеп — колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, мұндағы мамандармен тілдесуге келген сәтінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың  төрт түлік мал шаруашылығын ғана емес, оқушыларды құс, аң шаруашылығының қыр-сырын үйретуге баулу, осы салада жетік мамандарды даярлау керектігі жайында айтқан әңгімесі арқау болды. Бұл шаруаны биылдан бастап қолға алдық, яғни колледждің үшінші курс оқушыларын құс, аң шаруашылықтарын меңгеру бағытында даярлап жатырмыз, — дейді Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің арнайы пән мұғалімі Серікқали Жакупов.

Кәсіпкерлер кеңес сұрап келеді

Оның айтуынша, құс шаруашылығы үшін арнайы маман даярлауда бұл салаға оқу құралы ретінде құстың бірнеше түрін өсіруге тура келіпті. Бүгінде колледж базасында қарапайым тауық пен тауыстан бөлек, мысыр, брайн тауықтары, қырғауылдар өсіріліп жатыр. «Құс шаруашылығы үшін маман даярлағаннан кейін бұл саланың қыр-сырын жетік түсіндіруде тауық пен қаз туралы оқытып қана қоймаймыз ғой. Сол үшін жан-жақтан құстың түрін, тұқымын іздестіруге тура келді. Мысыр, брайн тауықтары Ақтөбе жерінде көп кездеспейді. Алайда Ақтөбе қаласындағы «Пантера» дүкені иелігінің аңшылық шаруашылығында сұлу да сирек кездесетін бұл құстардың өсіріліп жатқанын бұрыннан білетінбіз. Өйткені осындай құстарды өсіріп, көбейту үшін шаруашылық басшысы бізден, яғни колледж мамандарынан үнемі ақыл-кеңес сұрап жатады. Біз мұндай құстың өсіп-өнуі үшін жасалатын барлық жағдайлар мен күтімді айтамыз. Биыл сол шаруашылықтан 15 мысыр, 20-ға тарта брайн тауығын алдық. Қазір колледж базасында оқушыларға аймақта сирек кездесетін бұл құстардың қыр-сыры, көбеюі, күнделікті тамақтану рационын есептеу, құста кездесетін аурулардың алдын алу, оларды емдеу жолдары жайында жан-жақты сабақтар өткізілуде. Сол үшін оқу бағдарламасына арнайы пән ретінде кіргізіп, қазір балалармен осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», — дейді С.Жакупов.

Сирек те сұлу құс

Серікқали Сұлтанұлы сөз арасында мысыр тауығы туралы қызықты мәлімет айтты. Мысыр тауығының арғы «атасы» Африкадан тараған. Яғни, Африкада кең таралған Numididae тұқымдастағы жалғыз түрі қалған құс. Кейін құстың бұл түрі Африкадан Ежелгі Грекияға және  Ежелгі Римге енгізіліп, үйге үйретілген. Кейде бұл құсты сырдаңтауық деп те атайды.

Мысыр, брайн тауықтарының қарапайым тауықтан сырт келбеті жағынан ерекшеліктері көп. Мәселен, мысыр тауығының басы қауырсынсыз болады. Яғни, басында әртүрлі бездер, шорлар болады. Тұмсығы үлкен емес, қармақ тәрізді. Қанаттарымен қоса құйрығы да қысқа, дөңестеу келеді. Құйрығын қауырсындары жауып тұрады. Бұл құстың жағының астында қызыл етті бездер болады. Кеудесінің жоғарғы жағы және желкесі — қызғылт, ал қалған жерінің түсі — қара-сұрғылт және ақ дақтармен келеді, — деп, маман облыста сирек кездесетін бұл құсты бізге осылайша сипаттап берді.

Оның айтуынша, бұл құстар топтасып өмір сүргенді жақсы көреді. Жылдам жүгіреді, бір-біріне келе жатқан қауіпті жағдайларды шыңғырық дауыспен «ескертетін» көрінеді.

Аймақта сирек кездесетін мұндай құстардың жергілікті жағдайға бейімделу турасында сұрағанымызда Серікқали Жакупов:

Құсқа жылу қажет. Мысыр, брайн тауықтары жазда көкке жайылғанды жақсы көреді, қыс айларында қараңғы жерде, яғни қорадан шығармай ұстауға бел байлап отырмыз. Сол үшін құс тұратын орынға жылу мөлшері жеткілікті жүргізілді. Бізде көк те, құсқа беретін жем, дәрумендер де мол. Сондықтан аймақта мысыр тауығының санын молайтып, шаруашылық құруға да мол мүмкіндік бар. Қазір бөденені де өсіріп, соның жұмыртқасынан пайда тауып отырғандар бар емес пе?

Брайн тауығы — етті тұқым әрі өте сұлу құс. Бұл құстың еті өте тығыз, қарапайым тауықтың етіне қарағанда дәмдірек келеді. Етінің қоректік сапасы қарапайым тауықтарға қарағанда өте жоғары болады. Брайн тауығын да  жаз айларында көкке жаюымыз керек. Бұл құстар көктен өздеріне қоректік заттарын алады. Ал қыста бұл тауықтарға мөлшеріне қарай қоректік рацион құрып, сол бойынша тамақтандырамыз. Қажетті дәрумендермен қоса ізбесті көп беру керек. Өйткені ізбес тауықтың қауырсынын қатайтуға, жұмыртқаның сыртқы қабығы (скорлупа) үшін қажет. Ізбес тас тауықтың алдында тұрақты тұру керек. Егер ізбес, бор жетіспеген жағдайда жұмыртқаның қабығы жұқа немесе қабығы болмай да туатын жағдайлар орын алады. Ақтөбе жерінде бор жеткілікті. Сондай-ақ, тауықтың бұл түрлеріне А, Е, Б, Д дәрумендерін жиі беру керек. Құстардың қоректік рационын құру кезінде осы айтылған жайттарды түгел қамтуға тырыстық. Тағы бір айта кететін жайт, қарапайым тауықтар сияқты құстың бұл түрлері де тірі арпа, бидайды жақсы жейді. Алайда қарынға түскен жемді қорытуда тауыққа керегі — әйнек пен тас.  Тауық күйіс қайырмайды, аузында тісі жоқ. Сондықтан қарынға түскен  жемді уату үшін әйнек пен тас тауықтың алдында қысы-жазы үзілмеуі керек, — дейді арнайы маман.

Серікқали Жакупов аймақта құс шаруашылығымен айналысатындардың тауық тамағына ерекше мән беру керектігін, ол үшін жоғарыда айтылғандай, күнделікті қоректік рацион енгізу қажеттігін баса айтты. Сол кезде тауықтан мол өнім өндіруге мүмкіндік туады.

Инкубациялық жұмыртқа табиғи өнім емес

Мысыр, брайн тауықтары жұмыртқасын өздері  басады. Брайн тауығы 25-27 күнде жұмыртқадан балапан басып шығарады. Құстың бұл түрінің бір мезгілде 10-12 балапан шығаруға шамасы жетеді. Бұлардың санын инкубациялық жолмен де көбейтуге болады. Мысыр тауығы бір жылда 180 дана жұмыртқа туады. Егер балапан бастырмай ұстайтын болсақ, брайн тауығы жылына 280-300 жұмыртқа туады. Брайн тауығының мықтылығы сол, оның жұмыртқасымен қоса етінің қоректік сапасы да жоғары болады. Еркегі 3-3,5 келіге дейін ет береді. Қазір біз көп жағдайда инкубациялық жұмыртқаны тұтынамыз. Қанша айтқанмен де, инкубациялық жолмен алынған жұмыртқа таза табиғи өнімдер қатарына жатпайды. Жұмыртқаны жарып қараған кезде-ақ мұны айқын аңғаруға болады. Себебі, инкубациялық жұмыртқаның сары уызының түсі солғын болады. Бұл — инкубатор тауықтардың бір тордан шығарылмай өсірілуінің дәлелі. Ал көкке жайылған тауық жұмыртқасының сары уызының түсі сап-сары болады. Яғни, тауық жерден өзіне керекті дәруменді алады, сондықтан жұмыртқаның сапасы да жоғары болады. Осыдан 25-30 жыл бұрын әрбір үйдің қорасында кем дегенде 15-20 шақты тауық болатын. Қазір ауыл тұрғындары мал ұстап, құс өсіргісі келмейді. Сиыр саумайды, сүтті сатып алып ішуге дағдыланған. Табиғи өнімнен гөрі тетропакеттегі тауарларды тұтынуға құмартып кетті, — дейді арнайы маман.

Серікқали Жакупов құс шаруашылығымен айналыспас бұрын кадр мәселесін шешіп алуға кеңес береді. Себебі, шаруашылықта мал дәрігері мен зоотехник маман болмаған жағдайда, бұл саланы алға бастыру мүмкін емес. «Бұл — мал шаруашылығы, құс шаруашылығы үшін де ортақ мәселе. Бір кездері: «Қазақ атамыз малмен өскен, бұған маманның керегі жоқ», — деген сөздер де болған. Ал қазір шаруашылықты мамансыз ұстап тұруға болмайтынын қайта түсініп келе жатыр.  Тағы бір мәселе — шаруашылық жоспарлы бағытта жүргізілу керек. Малға немесе құсқа қанша азық керек, қанша мал немесе құс ұстау керек, кететін шығын мен өндірілетін өнім түгелдей есептелуі керек. Шаруашылықты қалай болса солай жүргізуге болмайды. Жоспарлы жүргізілген жұмыстан ғана нақты нәтиже көрінеді», — деді маман.

P.S. Қазір облыстағы бірқатар шаруашылықтар, әсіресе құс шаруашылығымен айналысатындар мамансыз жұмыстың мардымсыз болатынына көз жеткізгендей. Ақтөбе қаласына қарасты Маржанбұлақ ауылындағы қаз, күркетауық өсірумен айналысатын «Русарт» шаруашылығы мен Шұбарқұдықтағы «Г.Итешова» жеке кәсіпкерлігінің басшылары құс өсіру үшін колледж мамандарынан жиі ақыл-кеңес сұрайтын көрінеді. Бұлардың қатарында Хромтаудағы мал шаруашылығымен айналысатын «Жантізер» шаруа қожалығы да бар. Мамандар кәсіпкерлердің келіп, кеңес алатынынан кәдімгідей қуанатын көрінеді. 

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button