АуылБасты жаңалықтар

Әр гектардан 13 центнерден астық жиналды

Ертең ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні

Үстіміздегі жылдың 22 қазанында Ақтөбе қаласының ипподром алаңында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай мерекелік шара өткізіледі. Биыл аталған сала еңбеккерлерінің төл мерекесін еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты кең көлемде атап өту жоспарлануда.

Бұл күнгі салтанатты шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы озық кәсіпорындардың басшылары мен алдыңғы қатарлы қызметкерлері қатысады.

Ипподром алаңына киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Сонымен қатар, осы жерде ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмелері ұйымдастырылады. Оларға ауыл шаруашылығының ең озық өнімдері, асылтұқымды малдар мен дәстүрлі емес салалар өнімдері, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар қойылып, көрсетіледі. Бұл шараға облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласынан 50-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін, жабдықтарын, дәстүрлі емес кәсіп түрлерін ұсынады.

Салтанатты жиында облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен алдыңғы қатарлы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мараппаттары мен облыс әкімінің Алғыс хаттары, бағалы сыйлықтары табыс етіледі.

Ресми жиын соңы облыс өнерпаздарының концертіне, ат жарыс, аударыспақ сынды ұлттық спорттық ойындарға ұласады.

Біздің газетіміздің бүгінгі айқара беті елді азық-түлікпен қамтып отырған

осы сала еңбеккерлерінің қол жеткен табыстары мен проблемаларына

арналып отыр.

 

Бұл егінші қауымның біраз жылдан бері күткен көрсеткіші

 Биыл егіншілік үшін қолайлы жыл болды. Осы сәтті егіншілік саласының ерлері ұзақ күтті. Көптеген шаруа қожалықтары қарызға белшесінен батып, қиыншылықтарға ұшырады. Сонда да алған бағыттарынан қайтпай, әр жылдан үміт күтіп, егіс сала берді. Астық жақсы шыққан жылы еңбектерінің еселеп қайтатынын білді. Көктемде облыс бойынша 340,9 мың гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Майлы дақылдың көлемі 38,6 мың гектарға, картоп 5,9 мың гектарға, көкөніс 4120 гектарға, бақша 870 гектарға жеткізілді. Мал азығындық дақыл алқабы 177 мың гектарға дейін ұлғайды.

Егін орағы науқанының жауын-шашын жиілеп, күрделі жағдайда өткеніне қарамастан, жаңа егінді жинау уақытында аяқталды. Барлық дәнді дақыл алқабынан 433 мың тонна жалпы өнім алынды. Орта есеппен дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 13 центнерден астық жиналды. Облыстың егінші қауымы мұндай жоғары көрсеткішке бірсыпыра  жылдардан бері  жетіп көрмеген еді.

Егіншілікпен айналысатын аймақтағы жекелеген шаруашылықтар облыстың орта көрсеткішінен асып түсті. Дәнді дақыл егісінің әр гектарынан  «Алтынжар»-17 центнерден, «Степное» — 16,4, «Дилент» — 16, «Барыс» — 14. «Жамбыл С» 13,5 центнерден өнім алды.

Биыл картоптың жылы болды. Облыс бойынша картоп алқабының өнімі гектарына 169 центнерден айналды. Хромтау ауданында «Луч» шаруа қожалығы әр гектардан 250 центнерден картоп өнімін жинады. Мәртөк ауданындағы «Алтай К» шаруа қожалығы — 210, «Ақсай» — 187 центнерден, Ақтөбе қаласының Пригородный шаруашылығы — 200 , «Еламан» 230 центнерден өнім алды.

Қазір майлы дақылдар жиналып жатыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мұрат Есмағанбетов келер жылға қажетті тұқым дайындау жұмысының, биылғы егін орағымен қатар жүргізілгенін айтады. Соның нәтижесінде 35,8 мың тонна тұқым құйылды. Бұл белгіленген тапсырмадан 4 пайызға артық. Қолдағы бар тұқымның 28 мың тоннасы немесе 79 пайызы сараптамадан өтті. Егу сапасы тексерілген тұқымның 24 мың тоннасы стандартқа сай екенін көрсетті. Алдын ала алынған нәтижелерге қарағанда, тұқымның 88 пайызы бірінші класқа, 11 пайызы екінші класқа сай келеді. Жалпы көлемдегі тұқымның 61 пайызы жоғары өнім беретін тұқымға жатады. Қалған шығымдылығы төмен тұқым ауыстырылады, болмаса жаңартылады. Қалай болғанда да, алдағы жылы жоғары өнім беретін тұқым қоры болады.

Шаруашылықтардың сыртқа алаңдамай, облысымыздың ішінен жоғары өнім беретін тұқым қамдауына мүмкіндік мол. Шығымдылығы жоғары тұқым шығарып сататын шаруашылықтар  өңірде жеткілікті. «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2400 тонна, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 тонна жоғары өнім беретін тұқым қорын дайындап алды.

Аймақта мал азығындық дақылдар егісінің көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Түрлі екпе шөптер, жүгері, күнбағыс, судан шөбі егіліп, тәуір өнім алынып жүр. Мәртөк ауданында «Дина» шаруашылығы майлы дақылдар егіп, тұқымын жинауда басқаларға жақсы үлгі көрсетті.

Мал азығындық және майлы дақылдардың тұқымын біздің шаруашылықтарымыз ұзақ жылдар бойы Ресей Федерациясының көрші аудандарынан алып келгені белгілі. Қазір осы кіріптарлықты жойып, облыстың өзінде шешудің жолдары қарастырылуда. Алдағы жылғы  егіске қажетті тұқым өңірдегі шаруашылықтардың өзінен табылатын болады.

Астықты сақтау өңірде қиындық келтірмейді. Облыста 7 элеватор бар. Олардың сыйымдылығы 440 мың тонна. Қазір осының төрттен бір бөлігіне тең астық келіп түскен.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button