АуылБасты жаңалықтар

Мал көбеймей, жағдай жақсармайды

Мал шаруашылығы

 

Мемлекеттік қолдау

 Ақтөбе — қашаннан малды өңір. Бір кезде мыңғырған есепсіз мал өскен өңірде, қазірде де төрт түлік аз емес. Алайда мал басын өсіруге байланысты облыс әкімі қойып отырған талап, тапсырма, қазіргі қол жетіп отырған деңгейден әлдеқайда жоғары. Әрине, қазіргі көрсеткіштерді де салыстырмалы түрде алып қарағанда төмен деуге болмас. Мәселен, биылғы жылдың 1 қазанына, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ірі қара мал 3,4 пайыз, қой-ешкі – 3,8 пайыз, шошқа – 19,1 пайыз, жылқы – 11,5 пайыз, түйе – 1,5 пайыз және құс 5,2 пайыз көбейген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында өсімнің бұдан едәуір жоғарылығы байқалады.

Осы кезең ішінде ет өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайыз, сүт 2,3 пайыз артық өндірілген.

Төрт түлік малдың санын арттырудың бір жолы — мемлекеттік бағдарламаларды нақты жүзеге асырумен байланысты. Кейінгі жылдары өңірлерде малдың санының азды-көпті көбейгені соның арқасы. Әйтсе де, біздің кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, серіктестіктер, ірілі-ұсақты шаруашылықтар мемлекеттің қолдау-көмегін өз дәрежесінде толық пайдаланып отырған жоқ. Мұны мемлекеттік бағдарламалардың  бүгінгі күнге орындалуына қарап аңғаруға болады. Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 4200 сиыр сатып алу жоспарланған болса, одан осы жылғы  18 қазанға 3253 сиыр сатып алынған. Белгіленген жоспар 77,5 пайызға орындалған. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспардың орындалуы мұнан да төмен. Сатып алатын 10 мың қойдың орынына 6238 қой алынды немесе бұл жоспардың 65,5 пайызына тең.

Жылқы түлігін көбейтуді көздейтін «Құлан» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерлердегі орындалуы мүлде сын көтермейді. Соның салдарынан облыс бойынша бұл бағдарлама қаралып отырған кезеңге 27,6 пайыз ғана орындалған. Жыл бойы  2 500 бие сатып алу жоспары  689 биеге ғана орындалған. Жылдың өткен тоғыз айының ішінде орындалмаған жоспардың  қалған үш айда қалай орындалатыны түсініксіз. Алайда жергіліктер орындар, тіпті облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшылары «бұл жұмыстар жалғастырылады, жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалады» деп сендірумен келеді. Рас, қазіргі кезде  «Ырыс» бағдарламасы бойынша берілген тапсырма ғана толығымен орындалды.

Облыста 4 бірінші деңгейлі мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Бұл алаңдарда бір мезгілде 20 мың бас мал бордақыланады. Дегенмен, осы мал бордақылау алаңдарын толық қуатында пайдаланудың алғышарттары жасалып отырған жоқ. Айталық, мал бордақылау алаңдарына ірі қара мал төлдерін өткізу жоспары 20 мың  болып белгіленсе, бүгінгі күнге 9 мың ғана өткізілген. Бұл белгіленген меженің 45,2 пайызын ғана құрайды.

Облыста асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында кейінгі жылдары елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осындай жұмыс ұйымдастырудың және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде облыста соңғы 3 жылда асылтұқымды ірі қара малының үлесі 2 есе өсіп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне қарағанда, осы жылдарда  асылтұқымды қой – 44 пайызға, асылтұқымды ірі қара 11,8 пайызға, асылтұқымды жылқы – 38 пайызға, шошқа 6 есе  өскен. Төрт түлікті тұқымдық жаңартуға байланысты жұмыстар жалғасқан.

Көп жағдайда, мал шаруашылығының тағдырын мал қыстатуға дайындықтың қаншалықты дәрежеде  жүргізілгені шешеді.  Алда жауапты мал қыстату науқаны келе жатыр. 2016-2017 жылғы қыс маусымына облыс бойынша 2,1 млн тонна шөп дайындалды, бұл қажеттіліктен 4,3 пайызға артық.

Қайта өңдеу 

 Облыстың ауылшаруашылық саласы бойынша қаңтар-қыркүйек айларында 31,7 млрд теңгенің өнімдері шығарылып, нақты көлем индексі 99 пайызды құрады. Облыс бойынша өндірілген етті қайта өңдеу үлесі33,8 пайыз, сүт 29,2 пайыз болып отыр. Әрине, бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қойып отырған талабынан көп төмен.  Сондай-ақ, облыс әкімінің үстіміздегі жылы әр ауданда кемі 1 ет, 1 сүт өңдейтін кәсіпорын ашу жөнінде тапсырмасы болды.  Осы талапқа  сәйкес аудандарда жұмыстар жүрді. Өкінішке қарай, кей аудандар бұл талаптан шыға алмады. Соның салдарынан бұл бағыттағы жұмыстар кешеуілдеуде. Бүгінгі күнге облыс бойынша 7 ет, 9 сүт өңдеу цехын ашу жоспарлануда. Егер шағын несие арқылы өңдеу кәсіпорындары ашылса, сүт пен еттің өңделу үлесі ең кем дегенде 5-7 пайызға өсетінін айтады облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының мамандары.

 Шағын фермалар құру

 Облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын және дәстүрлі емес өнімдер өндірісін арттыру, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жобасы іске асырылуда.

Жобаны іске асыруға 4,3 млрд теңге қаражат қаралған.

«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасымен – 2,5 млрд теңге(6,7 пайызбен 6,0 млн тг. дейін, 5 жылға).

Жергілікті бюджет, «Алмэкс» ХК АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаражаттары есебінен  900,0 млн теңге  (6  пайызбен 17,0 млн.тг. дейін, 5 жылға)

«Ақтөбе ауыл микрокредит» МҚҰ» ҚЖС өз қаражаты есебінен –  900,0 млн теңге (8,3  пайызбен 15 млн тг. дейін, 5 жылға).

Бүгінгі күнге 1167 адам жалпы көлемі 3,5 млрд теңге шағын несие алған. Соның ішінде:«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасымен 900 адам 2,1 млрд теңге қаржыға қол жеткізіп отыр.

Берілген несиеге мал және қажетті құрал-жабдықтар  алынып, бүгінгі күнге барлығы 413 шағын мал бордақылау алаңы, 42 сүт ауласы құрылды, Мұнымен бірге,  7 сүт жинау пункті, 1 сүт таситын көлік алынып, 2 мал сою пункті салынды және 27 шағын жылыжай тұрғызылып, 20 шағын құс фермасы құрылып, жұмысын бастады.

Осы құрылған шаруашылықтарда жаңадан 1210 жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығы кооперациясы

 Бүгінгі күнге облыс бойынша 43 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың 33-і мал шаруашылығымен, 6-ауы аралас түрімен айналысу мақсатында құрылған. Осы кооперативтердің құрамына 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 32 шаруа қожалығы, 1 өндіріс кооперативі, 744 жеке қосалқы шаруашылық және 3 жеке кәсіпкер біріктірілген.

Жаңадан құрылған кооперативтерге облыс әкімдігі тарапынан нақты қолдау көрсетілуде.

Жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру мақсатында 7 сүт жинау пункті сатып алынып, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілді. Сонымен қатар, ет бағытында да осы мақсатта 37 сервистік дайындау пункті құрылып, жұмысын бастады.

Дәстүрлі емес өнімдер өндірісін қолдауға байланысты да тиісті шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылы ешкі сүтін өндірушілерге субсидия төлеу үшін 3,0 млн теңге қарастырылып отыр. Келесі жылдан бастап бал арасын өсірушілерге субсидия төлеу жоспарланған.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button