БілімЖаңалықтар

Білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындауға арналған конкурс жариялы түрде өтті

Ақтөбе қаласындағы 15 мектеп, 4 қосымша білім беру мекемесі, 2 балабақша басшысы бос орындарына жарияланған ашық конкурс өз мәресіне жетті. Қазанның 4-і күні Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов конкурстың әңгімелесу кезеңін өткізді. Шараға журналистер де қатысты.

Жиында алдымен сөз алған қала басшысы лауазымды қызметтер үшін жарияланған ашық конкурсқа қатысуға талап білдіргендердің көп болғанын тілге тиек етті.

Жалпы, мектеп директоры қызметіне 57 үміткер болған еді. Оның екеуі облыстық білім басқармасының келісімін ала алған жоқ. Екеуі конкурсқа қатысудан бас тартты. Қалғанының бәрі осында. Жалпы мектеп директоры қызметіне  48 үміткер бар. Сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдарының басшысына — 7, балабақша меңгерушісі қызметіне — 2 үміткер ниет білдіріп отыр, — деді Ілияс Испанов.

Жиын барысында сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы, конкурстық комиссияның төрайымы Ләззат Оразбаева 21 білім беру мекемесінің бұрынғы басшыларының бірі басқа қалаға көшуіне, екіншісі отбасы жағдайына байланысты қызметтен кеткенін, қалғаны зейнет демалысына шыққанын айтты.

Конкурс ұзаққа созылды. 57 үміткердің арасында комиссия мүшелерінің сауалдарына нақты, тиянақты, жүйелі жауап бергендер де көп болды. Сондай-ақ, қарапайым сауалдардың өзіне жауап бере алмай, күмілжігендер де бар. Әсіресе, олар «Оқу жоспары неге негізделіп жасалады?» «Мектеп мемлекеттік қызметтің қандай түрлерін көрсетеді?», «100 нақты қадам — Ұлт жоспарында» мектеп үшін қандай міндет жүктелген?», «Баланың пікірі неше жастан бастап ескеріледі?» сынды сауалдарға жауап бере алмай қиналды.

Конкурсқа қатысушылардың арасында қалаға қарасты ауылдық округтің әкімі, колледж директоры, колледж директорының орынбасары, мектеп директорлары  да бар.

Комиссия мүшелерінің сауалдарына жан-жақты жауап берген Сазды ауылдық округінің әкімі Амангелді Оңғарбаевқа комиссия мүшелерінің бірі:

Неліктен әкім мектепке барғысы келеді? Қанша дегенмен, әкімдік лауазым мектеп директоры қызметінен жоғары ғой, — деді.

Мен — педагогпін. 14 жыл бойы білім беру саласында жұмыс істедім. Менің ойымша, менің орным — мектеп. Балалармен жұмыс істегенді жаным сүйеді, — деді Амангелді Оңғарбаев. №17, №25 мектептердің басшылық қызметтеріне үміткер болған ол №17 мектептің басшысы қызметіне тағайындалды.

Сауалдарға мүдірмей, сауатты, нақты жауап бергендердің бірі — облыстық білім басқармасы әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай. Ол — қалалық Оқушылар сарайы директоры лауазымына үміткер.

31 жыл педагогикалық еңбегімнің 13 жылын мемлекеттік қызметке арнадым, 10 жылдан бері облыстық білім басқармасында бөлім басшысы болып еңбек етемін. Жұмысымнан ешкім қуып жатқан жоқ. Дегенмен, әр адамның өз таңдауы бар. Сол себепті, бағымды сынап көргім келді. Балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Жалпы, мен өнерді сүйемін. Еңбек жолымды Ойыл қазақ орта мектебінде аға тәлімгер болып бастадым. Ол кезде мектептің би үйірмесінің де, ән үйірмесінің де жетекшілігін қоса атқара беретін едік. Колледжде оқығанымда да барлық үйірмелерге қатысып, белсенді болдым. Кейін ол кездегі түлектер үшін ортақ міндет бойынша ауылда екі жыл еңбек еттім. Одан соң Алматыдағы Өнер институтына түскен едім, бірақ ата-анам рұқсат бермей қойды.  Мақсатым — дарынды, өнерлі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, оларға қолдау көрсету, — дейді Шамшат Жұбай.

Конкурс қорытындысында облыстық білім басқармасы әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай Ақтөбе қалалық Оқушылар үйінің директоры қызметіне лайық деп танылды.

Лауазымды қызметтер үшін өткізілетін конкурстарды жариялы, ашық түрде өткізу бұрыннан да ойымда бар еді. Сол ойымды Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа айтып едім, ол қуана құптады.

Жалпы, лауазымды қызметтер үшін ұйымдастырылған конкурстарға байланысты жұрт арасында алып-қашпа әңгіме көп болады. Мақсат —  мұндай әңгіменің негізсіздігіне, үміткерлердің бәріне бірдей ортақ талаптар қойылатынына жұртшылықытың көзін жеткізу, ашықтық пен  жариялылықты қамтамасыз ету. Сол себепті, конкурсқа «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының, прокуратураның, облыстық білім сапасын қадағалау департаментінің өкілдерін, ата-аналарды, журналистерді шақырдық.

Конкурстың бір ерекшелігі, қаладағы мықты мектептерге де директорлар қажет болды. №32 мектеп-гимназиясына №52 мектептің директоры Айжан Жамбылова, №51 мектеп-гимназияға №15 мектептің директоры Гүлназия Дәрібаева тағайындалды, — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button