БілімЖаңалықтар

Ато Браун колледжге ат басын бұрды

 

Қазіргі уақытта елімізде кәсіптік білім беру ісіне ерекше назар аударылып, әсіресе жастардың жұмысшы мамандығын біліктілікпен игеруіне көңіл бөлінуде. Бұл игі шара Елбасы Жолдауларынан бастау алады.

Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақты айтатын болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі саласы бойынша 2014 жылы «Дуальды оқыту жол картасы» бағдарымен республиканың 15 оқу орны қатарында «дәнекерлеу ісі» мамандығымен дуальды білім беру жүйесін енгізудің эксперименталды алаңы болып таңдап алынуы алға ұмтылыстың бір белгісі іспетті. Әрине, мұндай таңдау бекер жасалмайтыны белгілі. Оның алдында бұл білім ордасы халықаралық және республикалық жобалардың жеңімпазы атанды.

ТАСИС-тің «Қазақстандағы кәсіптік білім берудің шағын және орта бізнес дамуымен байланысы» және Дүниежүзілік банк қаржыландырған техникалық және кәсіптік білім беру ісін жаңғырту жобасының «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша жобаларда алдыңғы қатардан көріну оңайға түспегені белгілі.

Осы аптаның орта тұсында Ақтөбедегі инвестициялық форумға келген Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браунның колледжге арнайы ат басын тіреуі ерекше оқиға болды. Дуальды оқыту жүйесіне қомақты қаржы бөліп отырған банк өз қаржысының із-түзсіз кетуін қаламайды екен.

Колледж директоры Жанкелді Қалқаман қонаққа жоба шеңберінде атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оқу орны базасында құрылған ресурстық оқу орталығында қазіргі заманғы дәнекерлеу түрлерінің барлығын қамтитын төрт оқу-өндірістік шеберханасы бар. Оның ішінде пластмасса өндірістік дәнекерлеуі, плазматрон, дефектоскоп зертханасы, оқу полигоны, заманауи электронды және тренажерлік, жаттығу жабдықтарымен жарақтандырылған үш арнаулы пән оқу кабинеттері бар.

Банк өкілі электрмен дәнекерлеу ісімен шұғылданып жатқан шәкірттердің іс-қимылына көбірек назар аударды. Колледждің екінші курс оқушысы Арсен Бақытовтан аппаратты қолына алғанымен, шамалыдан соң кібіртіктеп қалған банкирге болашақ маманның өзі көмекке келді.

Ең бастысы, Ато Браун колледждегі жұмысшы мамандар даярлау ісіне көңілі қанағаттанатындығын білдірді.

— Дуальды білім беру жүйесін енгізудің моделі бойынша болашақ маманды кәсіпорын өзі іздеуі керек. Ақиқатын айтқанда, барлық кәсіпорындар бұл моделі қабылдауға әзірге толық дайын емес, сондықтан бүгінгі күні аралас моделді енгізіп, колледж базасында оқыту көңілге қонымды болып тұр, — дейді Жанкелді Қалқаман.

Бір атап өтетін жайт, өңірде ресурстық оқыту орталығы осы коллежде алғаш болып құрылды. Ол — кәсібилікке баулудың жаңа түрі, білікті мамандар даярлау мен дуальды білім беру жүйесін енгізудің кепілі. Жақында ғана дуальды білім беру жүйесінің қазіргі жай-күйі туралы мәселе Хромтау қаласында өткізілген республикалық ғылыми-практикалық конференцияда кеңінен сөз болды. Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде атқарылып жатқан игілікті істер көпке үлгі етілді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

      

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button