ЖаңалықтарЭкономика

Аймақаралық кооперация: азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортты азайту

Биылғы жылы аймақаралық кооперация аясында ақтөбелік биліктің ықпалымен 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығы хабарлады.

Елбасының аймақаралық кооперцияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстарымен тығыз байланыс орнатылды.

Оңтүстік өңірлерден жеміс-жидектер, көкөністер, ет, күріш, тұзды тікелей жеткізудің нәтижесінде азық-түлік өнімдерінің бағасын 10-нан 40 пайызға дейін төмендетудің мүмкіндігі туды. Негізінен алғанда, жыл басынан бері Қызылорда облысынан 88 тонна күріш әкелінді, оның килограмы осындағы 220 теңге орнына 150 теңгеден өткізілуде. Аралдан әкелінген 64 тонна тұздың килограмы 37 теңгеден бағалануда. Қостанай облысынан 40 тонна ұн, 40 тонна сиыр еті, Жамбылдан килограмы 45 теңгеден 80 тонна сәбіз, 35 теңгеден 70 тонна пияз, 50 теңгеден 20 тонна қырыққабат әкелінді. Оңтүстік Қазақстан облысы көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуде.

Барлық аудандарда еліміздің көрші аймақтарынан азық-түлік тауарларын тікелей жеткізуді жүзеге асыру үшін аудандық операторлар анықталды. Олар белгіленген бағалар бойынша ауданның сауда субъектілеріне өнімдер өткізумен шұғылданады, бұл тұрғындарға базарлардағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен өнім алуға мүмкіндік береді.

Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарына құрылыс материалдарын, мұнай жабдықтарын, химия реагенттерін, металл құрылымдарын жеткізу бойынша жұмыстар жолға қойылды. Ірі өнім жеткізушілер қатарында «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Стройдеталь» ЖШС, «Экотон Батыс», басқа да кәсіпорындар бар.

Аймақаралық өзара ынтымақтастық аясында жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындарында «Серпін» бағдарламасы бойынша Батыс өңірлер мен Қызылорда облысынан 5553 студент білім алуда. Жасалған меморандум аясында аймақтар озық тәжірибені зерттеу, жазғы демалысты ұйымдастыру, бірлескен мектеп конкурстары мен олимпиадаларын, мектеп оқушылары мен жастар үшін туристік-саяхат түрлерін, жастар форумдары мен фестивальдерін өткізу бойынша жалпы білім беретін мекемелердің басшылары мен педагогтардың тәлімдемесін ұйымдастыруға қатысты ынтымақтастықта еңбек етуді жоспарлауда.

Бұдан басқа, облыста Батыс өңірлер мен Қызылорда облысы тұрғындары үшін медициналық кластер құрылымдау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, оның құрамына бірнеше медициналық мекемелер кіреді. Осы қатарда облыстық аурухана, облыстық клиникалық балалар ауруханасы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медициналық орталығы, «Дару» оңалту орталығы, облыстық кеңес беру-диагностикалық және облыстық перинаталдық орталығы бар.

Жыл басынан бері Ақтөбенің медициналық мекемелерінде көрші өңірлерден 1522 тұрғынға ота жасалып, емдеуден өтті, сондай-ақ таяу шетелдің 100 азаматына дәрігерлік көмек жасалды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button