ЖаңалықтарЭкономика

Акциялар сатылымға шығарылады

«Ақтөбе металл конструкциялар зауыты» акционерлік қоғамы Қазақстан қор биржасында IPO өткізуді жоспарлап отыр. Кеше «Капитал Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында бұл жөнінде таныстырылым жасалды.

«Ақтөбе металл конструкциялар зауыты» АҚ-ның акциялары шілде айының екінші жартысынан бастап сатылымға шығарылады. Әрбір акция 11 177 теңгеге бағаланған. Бұл — болжамды баға. IPO-ға шығарылатын акцияның жалпы саны — 85 892 дана.

Компания басшыларының айтуынша, болашақта түскен табысты акционерлермен бөлісуге тура келсе де, бұл қадам кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді әрі табысты еселей түсуге сеп болады. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру да көзделіп отыр.

Бұл орайда «Фридом Финанс» компаниясы консультациялық көмек пен андеррайтерлік қызмет көрсетеді. Аталған компанияның бас директоры Тимур Турлов таныстырылым кезінде: ««Ақтөбе металл конструкциялар зауытының» қаржы рыногына шығуы — кәсіпорынның клиенттер мен серіктестіктер арасында беделін арттырып, бәсекелестікке төтеп беретінін әрі бизнесті халықаралық қаржы талаптарына сай, бухгалтерлік есеп-қисабы ашық, сенімді фирма ретінде таныстырары сөзсіз. Қазіргідей экономикалық күрделі жағдайда компанияны акционерлендіріп, мерзімі шектеусіз инвестиция тарту — болашақта түскен табысты акционерлермен бөлісуге тура келсе де, бұл кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның дамуына қаржы табуға мүмкіндік береді», — деді.

IPO кезінде тартылған қаржы кәсіпорын мойнындағы қарызды азайтып, зауыттың өндірістік қуаттылығын арттыруға жұмсалады.  Т.Турлов акцияны сатып алу үшін еліміздегі кез келген брокерлік компанияға өтініш беруге болатынын айтты.

Бүгінде аймақтағы табысты кәсіпорындардың қатарына кірген «Ақтөбе металл конструкциялар зауыты» АҚ-ның ендігі қадамы — республикалық маңызы бар кәсіпорынға айналып, өнімдерін экспортқа шығару. Қазірдің өзінде кәсіпорын Батыс Қазақстан аймағындағы құрылыс индустриясы мен өнеркәсіптің бірқатар салаларына қажетті металл конструкцияларды жобалау және өндіру қызметінің 73 пайызын іске асырып отыр. Зауыттың бас директоры Қ.Қойлыбаевтың айтуынша, компания негізінен мұнай кеніштері мен тау-кен шахталары бар кәсіпорындарға қызмет көрсетеді. «Компанияны акционерлендіру арқылы инвестиция тарту — кәсіпорынның сапалы түрде дамуына берілген мүмкіндік. Ұжымның жинақтаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі, акционерлендірудің инвестициялық нәтижесі кәсіпорынның әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді», — деді Қ.Қойлыбаев.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button