Басты жаңалықтарМереке

Балалар үшін қан тапсырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер «Донор бол да, өмір сүруге үміт сыйла!» акциясына қатысты.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған шара барысында облыстық әкімдік, облыстық департаменттер мен басқармалар қызметкерлері қан тапсырды. Олардың қатарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та болды.

— Бастама мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көтеріліп отыр. Бізді осы жағы қуантады. Жаңа облыстық балалар ауруханасы іске қосылғалы, түрлі ауыр жағдайларда балаларды өзімізде емдеудің мүмкіндіктері артты. Ауыр науқастарға көп жағдайда міндетті түрде қан құю қажет. Әсіресе, жаздың кезінде балалар үшін донорлық қан күн-түн демей, үзіліссіз сұратылып жатады, — дейді облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі Әуезхан Мағзұмов.

Облысымызда ауыр қан дерті — лейкозға шалдыққан 52 бала тіркелген. Оларды емдеу барысында жілік майы ауыстырылады. Бұл үшін ең қиыны — донор табу болып отыр. Қан тапсыру акциясына қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің бірқатары жілік майы доноры ретінде облыстық қан орталығының арнайы тізіміне тіркелді.

Қан тапсыруға келгендерді қан орталығы дәрігерлері мұқият түрде тексерулерден өткізді: қан қысымын өлшеп, қан тобын анықтады, т.б.

Облыстық әкімдіктің бастамасын әрі қарай Ақтөбе қалалық және барлық аудандық әкімдіктер жалғастырмақ.

 Индира ӨТЕМІС. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button