Жеңіс

Шығыс шекарада соғысқан жан еді…

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан апам Күлпаршын Молдағалиқызы туралы мен әрдайым кейінгі ұрпаққа тағылым ретінде айтып отырамын. Ол 1926 жылы желтоқсан айының жиырма алтыншы жұлдызында дүниеге келген. 1939 жылы Кеңқияқтағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер техникумына оқуға түседі.

Апам бір әңгімесінде мынадай жайды баяндап берген: «соғыс басталып, елдің азаматтарын күнбе-күн армия қатарына алып жатты. Біздің курстан үш орыс қызы және мен армияға алындық. Уақыт 1942 жылдың тамыз айы болатын. Бізді Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласына жеткізді. Сол жерде әуе шабуылының №608 атқыштар батальонында қысқа мерзімді оқу-жаттығудан өттік. Жау истребительдерін зеңбіректен нысанаға алу, парашютпен секіру, әскери ұшақта келе жатып бағытты өзгеру сияқты дағдыларды меңгердік. №23 учаскеде №2 жауынгерлік Қиыр Шығыс майданында жапон милитаристеріне қарсы шайқастарда дұшпан әскеріне қарсы күресте болдым».

Ол осылайша көптеген қиындықтарды бастан өткеріп, елге 1945 жылы қазанда оралды.

Ағамыз Тыныштықбай Молдағалиұлы да соғыста болған. Ол Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Ағамыздың көп кітаптары болатын. Менен үлкен апам Зура көрші әйелдерді жинап алып, Қамбар батыр, Алпамыс, Қобыланды тағы басқа ерекше тұлғалар туралы дастан-жырларды оқып, майданнан жылы хабар күткен жандардың көңілін бөлетін.

Күлпаршын апам майдандағы Тыныштықбай ағамен хат алысып тұрған. Соңғы хатында ағамыз: «Күлпаршын, елге аман-есен оралсаң, әке-шешемізге, бауырларымызға қамқор болғайсың» деп тапсырма беріпті. Сөйткен қайран ағамыздың елге оралмағаны өкінішті.

Күлпаршын апам Тыныштықбай ағаның аманатын орындау жолында қызмет етті. Елге оралғасын педагогикалық училищеде білім алып, Қожасай орталау мектебінде мұғалім болды. Кейін қыздар институтында сырттай білім алып, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игерді.

Күлпаршын апам ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденін, Жуков медалін кеудесіне тақты. Басқа да жауынгерлік марапаттары аз болған жоқ.

Ең бастысы — ол әке-шешемізді ардақтап бақты, өмірден озған соң арулап қойды. Соңынан ерген біздерді қанат қақтырып, ұядан ұшырды.

Ол 2000 жылы өмірден өтті. Жалынды жастық шағы майдан даласында өткен Күлпаршын апамыз бен өмірден ерлікпен қыршын кеткен Тыныштықбай ағамыз бейнелері біз үшін — тірліктегі жігерлендіруші күш.

 Орал МОЛДАҒАЛИЕВА,

зейнеткер-ұстаз.

 

Редакциядан: Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында тұратын ардагер ұстаз осы хатты газетке арнайы жіберген екен. Осы аралықта сексен екі жастағы аяулы әженің өмірден өткені туралы хабар алдық. Майдангер апасының рухын тірілткісі келген Орал әженің жаны жаннатта болсын.    

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button