Жеңіс

Саябақтағы салтанат шеруі

Жеңіс күнін тойлауға аудан жұртшылығы көп жиналды. Тікелей соғысқа қатысқандар қазір ауданда жоқ. Алайда мереке күні олардың орнын тыл ардагерлері басты. Салтанатты шараларға мектептер мен колледж оқушылары қатысты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тлеумағанбетов жиналғандардың алдында ерлік шежіресі туралы әңгіме шертіп, барша ойылдықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Салтанатта сөз алған еңбек ардагерлері Любовь Петрашова мен Айғанша Құлбаева Екінші дүниежүзілік соғыс ерлерінің ерліктерін, бабалар рухын құрметтеуге шақырды. Облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Саламат Аманбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақеділ Махановтар көпшілікті мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

Аудандық мекемелердің басшылары  мен тыл ардагерлері Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.  Мұндай шараларға жекелеген азаматтар да қатысты. Айталық, Қартбаевтар отбасы өз аталарының рухтарына арнап аталған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Мұнымен бірге, Жеңіс күні аудан орталығында әскери шеру рәсімі өтті. Оған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Серік Жамантаев пен аудан әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тлеумағанбетов басшылық жасады. Осы салтанатты шаралар аудан орталығындағы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы орталық саябақта мерекелік думанға ұласты. Онда соғыстағы жауынгерлер мен ержүрек қаһармандардың ерлігі театрландырылған көріністер арқылы көрсетіліп, патриоттық әндер шырқалды. Мерекелік думан аяқталысымен тыл ардагерлеріне аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы мәдениет және демалыс орталығында ас берілді. Осы жерде  мерекелік дастарқан жайылып, ардагерлерге ерекше сый-құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқан басында балалық шағы сұрапыл соғыспен сабақтасып, сол жылдардың қиыншылықтарын бастарынан өткерген ардагер ағалар тағылымы мол әңгімелерін шертті.

 Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button