Жеңіс

Жетпіс жылдан соң жеткен хабар

 

 

Сұм соғыс талай баланы әкесіз өсірді. Жетім етті, жоқшылықтың кермек дәмін татырды. Сонда да біз еш мойымай, күдер үзбей, әр таңды үмітпен атырған едік. Бірақ сол жарық сәуленің семіп, «әкеміз аман-есен оралар» деген сенім жоғалып, бәріне мойынсұнған кезде бір хабар жарқ етті. Әкемнің қаза болған, жерленген жері табылды. Осылайша Көбеген Қоңыровтың ұрпағы арада 70 жыл өткенде әкеміз туралы деректі біліп, рухына тағзым еттік, жерленген жерін көрдік. Бұл — ең үлкен сый, бала арманның орындалған күні болды.

Әкеміз Көбеген Қоңыров туралы естелікті біз еміс-еміс есте сақтаппыз. Себебі, бала болдық, ойынмен жүріп, кетсе де келер деген үмітпен күн өткіздік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. 1941 жылдың желтоқсаны еді. Бір күні Байғанин селосынан 200-ге жуық сарбаз бен 2 командир жаяу келіп, біздің ауылға аялдады. Біз ол кезде Байғанин ауданы, Қазақстан ауылында тұрған едік. Қан майданға аттанып бара жатқан осы топ ауылда екі күн болды. Өйткені күн боран, жол жабық. Намысшыл ауыл азаматтары осы сәтте бірлесе шешім қабылдап, фашиспен соғысқа аттануды жөн санады. Олардың арасында менің әкем Көбеген Қоңыров та болды. Барлығы 20 адам топқа ілесіп, қан майданға аттанды. Әкем ол шақта 36 жаста еді. Жас әрі момын әкем бала-шаға, бауырларыменқоштасып, үйден шығып кетті. Қимады, қайта оралып, бесікте байлаулы жатқан Аманқұл есімді баласын құшарлана иіскеп, жүрегі елжірей «сағынамын-ау» деп жылы жымиды. 1942 жылдың қыс айы, әкем сол кеткеннен тек бір рет хат жазды. Бір ғана қуаныш —  жалғыз хат болды.

Жылдар өтіп жатты.  9 мамыр — Жеңіс күні келді. Бірақ біздің асқар тауымыздан хабар болмады. Бәрі күдерін үзді, әкенің жоқ екеніне көндікті. Іздеу, сұрау шараларынан да мардымды жауап болмады. Арада осылай 70 жыл өте шықты.

Үш ұл мен бір қызын өсірген Зәру анамыз көз жұмды. Балалары өсіп-жетілді. Бір күні келініміз Гүлжамал ғаламтор арқылы әкеміз туралы хабардың бар екенін айтып, сүйінші сұрады. 2015 жылы құжаттарды жинап, қолда бар деректерді қайта қарап шығуға мүмкіндік болды. Іздестіруге ұсыныс та тасталды. Атырау облысының әскери комиссариаты арқылы Ресейдің Қорғаныс министрлігіне хат жолдап, көп кешікпей Ресейдің Тула облысынан хабар алдық. Тула облысының әскери комиссары А.Сафроновтан «1905 жылы туған Отан қорғаушы Көбеген Қонаровтың есімі Тула облысының «Естелік кітабында» және Тула облысы, Белев ауданы, Будоговищи ауылында орналасқан әскери жерлеу мемориалдық тақтасында мәңгілік есте сақталып жазылды» деген мазмұнда хат келді. Қуаныш деп осыны айт. Әкеміздің жерленген жері табылды. Мен үшін «Естелік кітаптағы» жазба да өте ыстық. Онда «Қонаров Көбеген, 1905 жылы туған. Ақтөбе облысы, Байғанин аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қатардағы жауынгер. 1281 CП 60 СД,  1942 жылдың 7 сәуірінде қаза тауып, Тула облысы, Белев ауданы, Будоговищи ауылында жерленді» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Ал тіркеу құжатында 1942-1943 жылдары ауданның оңтүстік төңірегін 4-ші дивизия қорғаған. Қабірде 1165, 1166, 1181, 1185 СП және 774 санды гаубиттік артиллериялық полкінің жауынгерлерінің денесі қайта жерленгені туралы жазылған. Баласы үшін әкенің жерленген жерін көріп, оған Құран бағыштау парыз ғой. Оны балаларым, немерелерім де құптады. Арада 70 жыл өткенде таптым, бардым, әке рухына тағзым еттім.

Әкем өлсе де оның көзін көргендер жанымда болды. Міне, солар арқылы оның момын, қарапайым қазақ азаматы екенін білдім. Оның әке-шешесі мал баққан, алабөтен мінезі жоқ, қарапайым жан болған екен. Анам Зәрудің айтуынша, ұзын бойлы, қапсағай, сары өңді келген. Ал замандастары оның қақпаны құрғамайтын қырағы аңшы екенін айтып отырады. Әрі шалғы-орақтың шебері болған. Міне, қазіргі күні көзі болмағанымен, ұрпағы аман. Өсіп-өнді, оннан астам немересі, 40-қа жуық шөбересі, шөпшегі мен жиені бар. Бәрі де бір кездері соғысқа аттанып, елге оралмаған ата рухын сыйлап, оны мақтан етеді, бейбіт күн сыйлаған баба ерлігіне дән риза.

 

Жұмақұл КӨБЕГЕНОВ,

баласы, еңбек ардагері.

Атырау қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button