Жеңіс

ОН ТОҒЫЗДА ОТ КЕШКЕН…

Жеңіс күні жақындаған сайын көңілімізді ерекше бір сезім билеп, тебіренеміз. Бір түрлі бейбіт күннің қадірін тереңірек ұғынып, әкеміздің бозбала шағында үстіне шинель киіп, қолына қару ұстап, қар төсеніп, мұз жастанған күйін көз алдымызға әкелеміз.

Біздің әкеміз Ақаш Төлеу баласы Шалқар ауданына іргелес Арал өңірінде, Көкарал елді мекенінде дүниеге келген. Оның әкесі Төлеу өте алғыр, би, мырза кісі болыпты. Әбубәкір, Нұртуған жырларын үш күн, үш түн демалмастан айтады екен. Осындай өнегелі адамның бауырынан өрбіген Ақаш әкеміз қатарының алды болған.

1941 жылдың күзінде он тоғыз жасқа енді іліккен шағында ел қорғауға майданға аттанады. Ол оңтүстік майданда, Сталинград түбінде соғыстың ең бір кескілескен ауыр сәттерін бастан өткереді. Оның кейбір әңгімелерін біз балаң кезімізде шет жағалап тыңдап, бораған оқ пен оттың ортасынан қалай аман шыққанына таңғалатынбыз.

Әкем 1943 жылға дейін Курск түбінде шайқасқан. Содан кейін аса маңызды тапсырмамен Италияда партизандармен бірге болған. Соғыс біткенше қолынан қаруын тастамай, елге 1946 жылы ғана оралыпты.

Бір өкініштісі, әкеміздің көзі тірісінде оның майдан жолдарын біз нақтылап қағазға түсіріп алмаппыз. Марапаттары жөнінде де мән бермеппіз. Бірақ, біздің білетініміз — әкеміздің соғыстың бастан-аяғына дейін қатысқаны, ел қорғауда алдыңғы қатарда жүргені.

Қазір ақпараттар алудың мүмкіндігі мол ғой. Бәлкім, архивтерден қосымша мәлімет-деректер табылар деген де ойдамыз.

Әкеміз соғыстан оралған соң анамыз Бибіжанмен бас қосып, бес бала өсіреді. Ұзақ жылдар бойы Шалқар ауданының «Тоғыз» кеңшарында абыройлы еңбек еткен жауынгер әкеміз елге сыйлы болды. Жас кезіндегі балуан атағы кейін де қалған жоқ.

Бес баладан тараған 17 немере, 25 шөбере қазір Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. Олар әр Жеңіс күнін асыға күтіп, сол күні аталарын еске алады.

 Тояш АҚАШҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button