Жеңіс

Тылда тер төккен

Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қалған қыз-келіншектер мен балалардың тартқан азабы, жеңісті жақындатуға қосқан үлестері аз емес. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында тұратын еңбек ардагері Нығмет Жұмабаев солардың бірі.

Ақсақалдың қимылы әлі ширақ, бұйырса,10 мамырда 88 жастың төріне шықпақ.

1928 жылы дүниеге келген Нығмет атаның әкесі 1938 жылы қайтыс болып, ағасымен екеуі ерте жастан белді буған екен. Оған қоса, ағасы соғысқа аттанып, кішкентай бауыры мен анасына бас-көз болатын ер-азаматтың міндетін көтеруге тура келді. Анасына сүйеу болған ол 13 жасынан еңбекке араласқан. Белі қатпаған бозбала алғашында егістік басындағы төрт тракторға май құюшы болған. «Сол төрт трактордың екеуіне 60 литр, екеуіне 65 литр май кететін, әлі күнге есімде», — деп қояды сөз арасында.  Кейіннен ұжымшардағы кез келген жұмысты мүлтіксіз атқарып, 14 жасында алғаш рет еңбегі еленіп, марапатталған. 16 жасында осы еңбекқорлығын көрген басшылар оны Жайсаң ауылындағы училищеге бригадирлікке оқуға жіберген. Сол уақытта 220 сом шәкіртақы алғанын да ұмытпаған. Жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері қырқыншы жылдарды ауыр күрсініп еске алады:

— Елге ауыртпалық зауал түскенде нәзік жанды әйелдердің ерлігін, қайратын көріп, таңғалуға болады. Оларға қуат берген Отанды қорғау патриоттық рухы еді. Әйелдердің көпшілігі қол жұмысында істесе, бірқатары мал жинап, оны Отан қорғау қорына тапсырды. Жұмыстың ауыры, жеңілі деген таңдау жоқ, анаммен бірге жүріп, жіберген жерде жұмыс жасадық. Қыстың күні өгіз арбамен ұжымшардың малына үлкен үймелер тиеп, ауылға таситынбыз. Сол кезде шөптің арасынан аңқыған иіс мұрнымызға ерекше боп сезілетіндіктен болар, арасынан бір таба нан шықса ғой деп армандайтынбыз. Өйткені қиын кезең еді. Ішерге ас, киерге киім болмады. Кеңес Одағында, кейін Тәуелсіздік алғалы да еңбек үздігі атанып, тағынған төсбелгілерім де аз емес. Аллаға шүкір дейін, бейнетімізге қарай лайықты зейнетақымызды да алып келеміз. Жыл сайын Жеңіс күніне мемлекет тарапынан сыйлық ретінде бір реттік жәрдемақы да төленеді, — дейді кешегісі мен бүгінін сөз қылған қария.

1954 жылы Қансұлу әжемен отау құрып, татулығы жарасқан шаңырақ астында алтын құрсақ ана 13 құрсақ көтеріп, бүгінде ел қатарына қосылған 5 ұл, 5 қыздан жиырмадан астам немере, жиырмадан астам шөбере сүйіп отырған ардақты жандар. Барлығын да оқытып, тоқытып, білдей азамат пен азаматша етіп ел қатарына қосқан қариялардың қазір тек қана денсаулықтары сыр бергені болмаса, шаңырақтарын шаттыққа толтырған жұбайлардың отасқандарына биыл 62 жыл толмақ.

Нығмет атаның бабы мен бағы барын көргеннен-ақ пайымдауға болады.

— 40 жыл Аққайың елді мекенінде ауылдастар арасында абыройымыз бен сый-құрметіміз жарасқан отбасының біріміз. Тек соңғы жылдары жас ұлғайған сайын денсаулықтың нашарлауы салдарынан қалаға көшуге мәжбүр болдық. Кезінде мынау еркектің, мынау әйелдің міндеті деп жатпай, балаларды баға жүріп, қолға түскен, көзге көрінген жұмысты күйеуім келгенше тындырып қоямын деп ауырлығына қарамастан істей беретінбіз. Иығымыз талғанша иінағашпен су тасып, балшық илеп, үйді майлау мен үшін түкке тұрғысыз дүниелер болатын. Сөйтіп жүріп дүкенде қарауыл боп 23 жыл істедім. Балаларым өсе келе жәрдемші болды. Бірақ он баланы тудым деп ешқашан міндетсінген емеспін. Сондықтан да әрқашан Алла мына екі қолыма берсін деп тілейтінмін. Қазіргі жастардың маңдайы ашық, қолда бардың қадірін білу керек, — дейді әңгімемізге қосылған батыр ана. Ендігі тілектері — қаладан пәтер алу. Әзірге кезекте тұрған көрінеді.

Жарты ғасырдан астам уақыт қол ұстасып келе жатқан қариялар әңгімесінің соңында: «Тәуелсіз еліміз өз іргесін қалап, бойын тіктегелі барлық жағдай жасалуда. Шүкіршілік ету керек. Тәуелсіздік ата-бабамыздың аңсағаны еді, оған да жеттік, тәуба. Енді соғыстың бетін әрі қылсын, еліміз тыныш, бірлігіміз берік болғай», — деді.

Аманат ҚАЛПИЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button