Жеңіс

18 жасында майданға аттанған

Жеңіс күні жақындаған сайын қан майданда қару ұстаған майдангерлердің есімі ойымызға жиі оралады. Сондай азаматтардың бірі — Мұстафа Тауанов.

1924 жылы Ақтөбе облысының  Темір ауданына қарасты Ленинский ауылында дүниеге келген Мұстафа Тауанов орталау мектепті бітірген соң Өлке орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Сол мектепте бірнеше жыл оқу ісінің орынбасары қызметін атқарады. 1942 жылы тамыз айында кеңес әскері құрамына алып, әскери оқу-жаттығудан өтеді. 1943 жылдың қыркүйегінде Екінші Белоруссия майданына аттанып, аға лейтенант шенін алып, сол жерде болған ұрысқа қатысады. Сол кездегі жас жауынгер Берлин, Кенигсберг, Осовец қалаларына, Мазур көліне дейін барады. Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге атсалысады. Соғыстағы ерліктері үшін ол Әскери кеңес әскері атынан Алғыс хат, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», тағы басқа медальдармен марапатталады.

Майдангермен бірге туған Самат Тауановтың баласы Қоныстың айтуынша, майданда жүргенде одан хат келіп тұрған. Ал соғыстың соңғы жылы хабар болмай, қара қағаз келген. Алайда ағайын-туыс жақсылықтан үмітін үзбей, Мұстафаны күтіпті. Араға бірнеше ай салып, ел жеңіс тойын тойлап болған соң жауынгер елге аман-есен оралған.

  • Әкеміздің айтқан әңгімесінен есімде қалғаны — ол кісі (авт. — Мұстафа) елге оралған соң 1948 жылы Ақтөбедегі сырттай оқитын педагогикалық училищеге түсіп, екі жылдық оқу оқыған. Сол кездегі Новоресей ауданының орталығында мектепте мұғалім, оқу ісінің орынбасары қызметін атқарған. 1951 жылы Н. Байғанин атындағы Ақтөбе мемлекеттік мұғалімдер институтына түсіп, жаратылыстану және география мамандығын меңгерген. Сондай-ақ, аудандық білім беру бөлімінде инспектор, Мағаджан кеңшарындағы жеті жылдық орта мектепте директор болып жұмыс жасаған. Алайда ғұмыры қысқа болып, өмірден ерте кеткен, — дейді ол.

Оның айтуынша, Мұстафа Тауанов отбасын құрмаған, сондықтан артында ұрпақ қалмапты. Алайда Жеңіс күнінде майдангерді Тауановтар әулетінің ұрпақтары еске алып, оның ерлігіне бас иіп, тағзым етеді.

  • Мұстафа ағамыздың құжаттары, соғыстағы ерлігі үшін алған медальдары, суреттері барлығы әлі күнге дейін біздің отбасылық мұрағатымызда сақтаулы тұр. Кейде балаларыма сол естеліктерді көрсетіп, Мұзафар ағамыздың қандай адам болғанын, ол туралы есімде қалған әңгімелерімді айтып отырамын. Ел үшін от кешіп, қан майданда ерлік көрсеткен ағамызды ешқашан ұмытпаймыз, — дейді Қ.Тауанов.

Ғұмыры қысқа болғанымен ерлігімен, ерекше болмысымен есте қалған майдангердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Р.S. Осыдан бірнеше күн бұрын  Қоныс Тауановтың зайыбы Гүлжан апаның түсіне Мұстафа ата кіріп, аян беріпті. Сондықтан атаның аруағы риза болсын деген ниетпен Тауановтар отбасы майдангер туралы естеліктермен бөлісіп, газетке ұсынуды жөн көріпті.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button