БілімЖаңалықтарТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Жас ғалымдар бас қосты

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде жас ғалымдар мен студенттердің LYI халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Мақсат — Қазақстан мен шетелдің белсенді жас зерттеушілері арасында байланыс орнатып, ғылыми бағыттарда пікір алмасуға жағдай жасау.

Конференцияға Қарағанды, Семей, Алматы, Шымкент қалаларындағы және  Ресейдің Уфа, Қазан, Орынбор қалаларындағы медицина университетінің жас ғылыми ізденушілері қатысты.

Жиынның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов пен университет ректоры Ербол Бекмұхамбетов жас ғалымдарға сәттілік тілеп, медицина саласының озық ойлы азаматтары болуға тілектестігін білдірді. Университет қабырғасында жүріп ғылыми жұмыспен айналысқан болашақ дәрігерлер, кейін де осы бағытын жалғастырып, өз саласын жетік меңгеруге ұмтылады. Бүгінде осындай жиындарға қатысып, ғылымға ден қойған дәрігерлер көп. Жыл сайын конференция өз ауқымын кеңейтіп келеді. Нәтижесінде ақтөбелік жас ғалымдар Қазақстан мен ТМД елдерінің  42 оқу орнына 360 ғылыми жұмыс ұсынды. Ашылу салтанатынан кейін жастар секцияларға бөлінді. Әр секция белгілі бір тақырып бойынша жұмыс істеді. Жастар өзара пікір алмасып, жобаларын ортаға салды. Конференцияға төртінші жыл қатарынан қатысып отырған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті Ақтөре Нұрмағанбет қатерсіз ісіктерді зерттеумен айналысып жүр.

— Бұндай басқосу кезінде белгілі бір аурудың түрі, белгісі, диогностикасы туралы жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік туады. Менің зерттеп жүрген тақырыбым қатерсіз ісікке қатысты. Иммунногистохимиялық әдіс арқылы жүргізген зерттеу қорытындымды ұсынып отырмын. Осы әдіс арқылы ісіктің қатерлі және қатерсіз түрге ауысу кезеңін анықтадым. Егер жоба ғалымдардың талдауынан өтсе, кейін медицинада қолдануға болады, —  деді жас ғалым. Сондай-ақ Ақтөре жуырда Минск қаласында өткен ғылыми конференцияға қатысып, арнайы дипломға ие болыпты. Ал Семей мемлекеттік медицина университетінен келген Лаура Үсенова акушерлік бағыт  бойынша ғылыми жұмыс ұсыныпты.

— Қазір аналардың көпшілігі кесер тілігі арқылы өмірге бала әкеледі. Ал бұндай жасанды түрде босанудың соңы кейде асқынуларға ұласады. Сондықтан кесер тілігі арқылы сәби сүйген ананың, тағы да  өмірге бала әкелуі үшін қандай кеңес берілуі керек, медициналық тұрғыдан не істелуі тиіс деген мәселелерді көтердім. Қазір осы тақырыпты зерттеп жүрген өзім қатарлы жастармен пікір алысып жатырмын, — деді.

Ал Бұшқұрт елінің Уфа мемлекеттік медицина университетінен келген Эльмира Азнашева мен Лидия Рамазанова да  акушерлік және гинекология бағытын таңдапты.

Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге бірінші рет келіп отырмыз. Ақтөбеліктердің мәдениеті мен қонақжайлылығы көңілімізден шықты. Қазір өзіміз секілді жастармен пікір алысып, жобаларымызды талқылап жатырмыз. Жалпы бұндай шара екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді, — деді Эльмира.

Конференцияға қатысушылар өздерінің бағыты бойынша бір күн бойы секция жұмысына қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button