Құқық

Алимент мәселесі туындаса…

Заң

 Ата Заңның бірінші бабында басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі аққа қара жаққандай анық жазылған. Сонымен қатар, мемлекеттің басты назарында — бала құқығы. Балалар — дүниеге келмей тұрып-ақ белгілі құқықтарға ие тәуелсіз тұлғалар. Адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қорғау жөнінде әлемде көптеген тәжірибелер жинақталған. Бүгінгі таңда еліміз де адам құқықтары жөнінде халықаралық шарттарға қосылған. Қазақстан Республикасы 1994 жылы Бала құқықтары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясын ратификациялаған. Бұл Заң бала құқықтарын сақтаудың, қорғаудың кең көлемдегі құқықтық нормаларын қолдануды көздейді.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақ­стан-2050» Стра­тегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бала тәрбиесі — тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейту керек!» деген болатын.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексінің талаптарына сай, отбасы мүшелері алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде, алимент өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы екендігі көзделген, яғни, нақты атап айтқанда, осы Кодекстің 164-бабына сәйкес, алимент алуға құқығы бар адам, егер бұрын алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төленбеген болса, алимент алу құқығы туындаған кезден бастап өткен мерзімге қарамастан, сотқа алимент өндіріп алу туралы өтініш жасауға құқылы.

Ата-аналардың кәмелетке толмаған өз балаларын күтіп-бағуға міндетті екендігі туралы осы Кодекстің 138-бабында да қарастырылған: ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу туралы (алимент төлеу туралы) келісім жасасуға құқылы, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын 21 жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.

Егерде ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағу туралы келісім болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 134-ші және 135-ші баптары бойынша, яғни сот бұйрығы негізінде олардан алимент өндіріп алынады. Судья өндіріп алушының ақшаны өндіріп алу немесе борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз сот бұйрығын шығарады.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексінің) 541-бабының 4-тармақшасы бойынша талапкерлер соттарда алименттердi өндiрiп алу туралы талап-арыздар бойынша мемлекеттiк баж төлеуден босатылды.

 Қажымұқан ЕРКЕБАЕВ,

Ақтөбе гарнизоны әскери соты кеңсесінің бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы.              

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мен 8ай бұрын ажырасқан едім. Жалғыз басты анамын.11айлық ұлым бар. 1жасқа толғаннан кейін пособия тоқтайды. 18жасқа дейін өкіметтен қандай көмек бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button