Басты жаңалықтарТаным

МЕН КӨРГЕН ЛОНДОН

Былтыр қараша айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы Британдық кеңестің бастамасымен «Ұлттық инновациялар байқауы» өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар, жас ғалымдар мен журналистер қатысқан додада үздіктер анықталды. Осы байқауда топ жарған еліміздің әр өңірінен келген тоғыз тілшіге Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласына бес күнг е жолдама берілген-ді. Соның бірі болып 12-17 наурыз аралығында «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Егібаева екеуміз Тұманды Альбионға сапар шегіп қайттық.

 АҚТӨБЕ-ОРАЛ

 Желтоқсан айында Ақтөбе-Астана-Лондон және Лондон-Астана-Ақтөбе бағытымен ұшаққа билет сатып алып, алаңсыз жүргенбіз. «Эйр-Астана» әуе компаниясы ұсынған билет бізге әрқайсысымызға 187 000 теңгеге шықты. Транзиттік бағытпен кететін болғандықтан, жүгімізді Ақтөбеден салып жіберіп, Астанада қайтадан алып-салып, әуре болмай, Лондоннан бір аламыз деп жоспарлап та қойдық. Ақтөбеден 12 наурыз күні  11.00-де ұшатын ұшағымыз Астанаға 13.40-та келіп, Лондонға сол күні 14.55-те ұшуы тиіс болатын. Бірақ, ауа райы біздің жоспарымызбен «есептеспеді». Ақтөбе мұз құрсауында қалғандай болды. Автокөлік жолдары жабылып қалды. 11 наурыз күні түске таман телефонымызға: «Сіздің рейсіңіз ұшпайды, әуежай жабық» деген өте «қорқынышты» хабарлама келіп түсті. Ал Лондонға келесі рейс 15 наурыз күні ұшады екен. 17-сі күні Астанаға кері оралатын болғандықтан, бізге қалайда, қандай жолмен болса да Астанаға жету керек болды.

Әрі ойланып, бері ойланып, Астанаға Орал қаласы арқылы жету керек деп шештік. Ол үшін Оралға пойызға билет алу керек. Кассада ұзақ келісімдерден кейін Ақтөбе-Астана-Лондон және Лондон-Астана-Ақтөбе бағытының билетін Орал-Астана-Лондон және Лондон-Астана-Ақтөбе бағыты қылып өзгерттік. Орал қаласына билет болмай, жалпы вагонға алдық. Қасымдағы әріптесім екеуміз: «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп жұбатып қоямыз.  Темір көлігіміздің қозғалуына 4 минут қалған кезде пойыздың «үзеңгісіне» аяғым ілінді-ау әйтеуір.

— Уф, үлгердім,-ау, —  деп, маңдайымның терін сүрте беріп едім, жолсерік:

  • Жол болсын! — деп күледі.
  • Лондонға, — деп қоямын. Өзімнің пойызда жалпы вагонда отырғаным есімде жоқ. Барлығы күліп жатыр. Сөйтіп, Астанаға Орал қаласы арқылы ұшып кеттік.

 АСТАНА-ЛОНДОН 

 

Астанада басқа жақтан келген әріптестерімізбен кездестік. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ пиар менеджері Әйгерім Аханова мен Қазақстандағы Британ кеңесінің қызметкері Әйгерім Алпкарина бәріміздің басымызды қосып, Лондондағы бес күндік сапар жайлы ақпарат берді. Қазақстандағы Британ кеңесінің жеңімпаз журналистер үшін дайындаған бағдарламасы өте қызық, Тұманды Альбионға тезірек жетсек екен деп қоямыз…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Хитроу әуежайы

… Ұшақ 6 сағаттан астам ұшты. Біз қонатын әуежай Лондонның батыс жағында орналасқан, қону-ұшу жолақтары батыстан шығысқа қарай бағытталғандықтан, әуе көлігіміз Ақтөбеге келген ұшақтар секілді тура қаланың үстімен ұшты. Әуежай теңіз деңгейінен 25 метр биіктікте ғана орналасқан. Сондықтан мұнда жиі тұман болады екен. Лондонға жақындай бергенде ең бірінші байқағаным да осы болды —  алып қаланың тұманға оранғаны. Көлігіміз қаланың үстімен ентелей келіп, әуежайға жақындай бергенде екінші бірден көзге түскені — автокөліктердің біздікіндей емес, оң бағытта жүретіні, себебі мұнда көліктердің рульдерінің барлығы оң жағында орналасқан. Солтүстік теңіздің үстінен өткенде су көліктерінің саптағы солдаттардай бір ізбен кетіп бара жатқаны да қызық. 

Біз мінген ұшақ Лондонның халықаралық әуежайы — Хитроуға қонды. Энциклопедиялық дерек бойынша, Хитроу — әлемдегі ең ірі халықаралық әуежайлардың бірі. Мәселен, былтыр жолаушылардың көптігінен Хитроу әлем бойынша бірінші орын алыпты — 75 миллионнан астам жолаушы! Екінші орында Париж (65 миллионнан астам жолаушы), үшінші орында Ататүрік (61 милллионнан асады).

Әуежайда бізді осы бағдарламаларды ұйымдастырушы компания Британ Кеңесінің қызметкері Малгося Розвадовска күтіп алды. Біздің қонақүйге апаратын көлік күтіп тұрғанымызда көлікке шығарып салушы әуежай қызметкерімен әңгімелестік. Есімі Жошы екен.

— Охо, Шыңғыс ханның ұрпақтары мұнда да жүр екен. Сіздің атаңыз Шыңғыс хан болған, білесіз бе? —  деп әзілдесе кеттік. Құранды-сұранды ағылшыншамды түсінді ме, түсінбеді ме, білмеймін, басын изеп: «ес, ес, Шынғыс хан, монгол» деп күлді. Түсінгенім — Жошы Африкадан келген екен, әке-шешесі сол Африкада қалыпты. «Қазақстанды білемін», —  дейді. Малгося мен Жошы көлік келгенше бізге Хитроу әуежайы туралы айтты: сонау бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Хитроу орналасқан жерде әскери аэродром болған. Тек 1946 жылы ғана азаматтық әуежай ретінде пайдаланыла бастаған. Бес терминал жұмыс істейді.  Бесіншісін 2008 жылы ІІ Елизавета ашыпты. 1980 жылға дейін үш терминал жұмыс істеген. Жолаушылардың көптігіне байланысты (жылына 30 млн адам) 1986 жылы  Уэлский ханзада мен ханшайымның қатысуымен 4-терминал ашылған.

Күн сайын бұл жерден әлемнің 190 қаласына қарай 1300 ұшақ ұшады. Оның ішінде Астана әуежайы да бар. Күніне 185 мыңнан астам адам осы әуежайдың қызметін пайдаланады.  Біз төртінші терминал арқылы өтті. Ұлыбританияда оқып жатқан әріптесіміз Айгүл Нұркееваның айтуынша, Тәжікстан, Ауғанстан секілді «-стан» сөзімен аяқталатын елдердің жолаушылары осы терминал арқылы өткізіледі екен. Мұның да бір себебі бар шығар. Біздің әрқайсысымызды жеке-жеке тексеріп: «Лондонға неге, не үшін келдің, неше күн боласың?» деген сықылды сұрақтармен әйтеуір қалаға қарай өткізді. Лондон жеріне табанымыз тиген соң тобымыз болып әуежайда Қазақстанның туымен суретке түсіп алдық.

 ЛОНДОН ЖОЛДАРЫ

 Әуежайдан қонақүйге шамамен бір сағаттай жүрдік. Менің бірден байқағаным — Лондон жолдарының тым тар екендігі. Көлік демекші, Лондон көшелерінен джип секілді үлкен көліктерді сирек көресің. Кілең көлемі «Дэо-Матиз» сияқты шағын автокөліктер. Және бір-бірімен «иық тірестіріп», жап-жақын жүреді. Жол мен үйлердің арасы да тым жақын: көліктен түсе сала, үш аттасаң, қандай да бір ғимаратқа маңдайың тіреледі. Төрт жағыңда жапсарлас төрт көлік келе жатса да, бұл жақта жол-көлік оқиғасын байқамадық. Жылдамдықты арттыруға да, апаттық белгіні жағып, жол жиегінде тұрып алуға да еш мүмкіндік жоқ — үлкен ағынның ережесін бұзу мүмкін емес. 

Лондонның жалпы аумағы 1580 шаршы шақырым. 9 миллионға жақын адам тұрады. Астананың аумағы 722 шаршы шақырым, 1 миллионға жуық халқы бар. Ал енді есептеңіз: Астананың жер көлемі — 2 есе, халық саны 9 есе аз екен! Лондонның жолдарының тар болатыны заңдылық екен деп ойладым. Біздікіндей кең-байтақ жер оларға бұйырмаған. Кафе-мейрамханаларында да жағдай осындай: келген қонақтардың әңгімелері дәл желкеңнен естіліп отырады…  

 Лондон даблдекерлері

Жол демекші, жолда Ұлыбританиядан және Германиядан шығатын көліктер көп. Лондонның ең негізгі символдарының бірі — екі қабатты қызыл автобустары қаланың тар көшелерінің сәні.  Лондон даблдекерлері деп аталатын (doubledecker  — екіқабатты) қоғамдық көліктерге 80 адам сыяды. Ол Лондон көшелерінде 1850 жылдарда пайда болыпты. Екінші қабатының төбесі ашық қоғамдық көліктер де бар, мұндайлар көбіне сырттан келген туристерге қызмет етеді. 15-20 фунтқа (шамамен 7-10 мың теңге) автобуспен қаланың әдемі жерлерін тамашалауға болады. Біз де автобуспен қаланы аралауға бармақшы болдық. Алайда кешкі серуенге кешігіп қалдық.

 Лондон таксилері

Қаланың тағы бір символы — Лондон таксилері. Жалпы, Лондон таксилерінің тарихы 1630-жылдардан басталады екен. Ең алғаш екі доңғалақты кабриолет түрінде шығарылғандықтан, Лондон таксилері кэб деп аталып кеткен. Бүгінде Лондон көшелерінде жүрген шағын ғана қара, қызыл түсті көліктердің барлығы Ұлыбританияның зауыттарында шығарылған. Кей таксилердің сыртында түрлі жарнамалардың суреттері бар. Бір қызығы, кэб жүргізушілері арнайы үш жылдық курстан өтіп, Лондон тарихын түгел біліп шығуы тиіс. Және олар кез келген уақытта гид ролін атқара алуы керек. Лондон көшелерінде қол көтерген адамға осындай таксилерден басқа көліктердің қызмет етеуіне рұқсат берілмейді. Таксиге мінгеміз жоқ, көбіне метроның, автобустың қызметін пайдаландық.  

 Бористің велосипедтері

Лондон жолдарында велосипедпен қатынаушылар да баршылық екен. Олар біздегідей жаяу жүргіншілер арасымен жүрмейді, автокөліктер жолының жиегінде арнайы велосипедшілерге арналған жолақ бар. Темір қазықтарға бекітілген велосипедтер әр көшенің сәні. Қажет десең, 2 фунт (шамамен мың теңге) төлейсің де, велосипедті мініп кете бересің. Бір велосипедті пайдалануға жарты сағат уақыт беріледі. Бұл уақыт өткеннен кейін оны барған жеріңдегі жақын маңдағы қазыққа бекітіп кетесің. Діттеген жеріңе жете алмасаң, сол станциядан велосипедті қайтадан сатып алуға болады. Мұндай велосипед станциялары Лондонда 2010 жылы салына бастаған, осы жылы қаланың мэрі Борис Джонсонның шешімімен қалада жалпы саны 6 мың велосипеді бар 400 станция ашылған. Мэрдің құрметі үшін мұндай станцияларды тұрғындар Boris bike деп атап кеткен. Лондон тұрғындарына үлгі болу үшін қала мэрінің өзі жұмысына велосипедпен қатынайды деседі.  Ал жол тақтайдай тегіс! Велосипедтің қасына барып, қызықтағанымыз болмаса, оны мінуге мүмкіндік болмады. Себебі, біріншіден, қала таныс емес, жол бағыттарын білмейміз, екіншіден, жолдың бағыты рулі оң жақтағы автокөліктерге ыңғайланған. Ол біз үшін өте ыңғайсыз болды. Жолдан өтерде біз өз елімізде әдеттегідей алдымен солға, сосын оңға қараймыз ғой. Оларда керісінше. Туристерге ыңғайлы болсын деп, жолдардың барлығының бойына: «Алдымен оңға қара!» деген жазулар жазып тастапты.

 ЛОНДОН ҒИМАРАТТАРЫ

 Вестминстер сарайы

Лондон ашық аспан астындағы ашық мұражай секілді. Әр көшесінің, әр ғимаратының тарихы бар. Мұнда негізінен ертеде салынған құрылыстар көп. Лондондықтар өз тарихын қатты құрметтейтіні байқалады. Тарихи деректерге сенсек, Лондон тарихы осыдан 2 мың жылдай уақыт бұрын басталған. Бір дерек бойынша, Лондонның негізін біздің дәуірімізге дейін римдіктер қалаған деседі. Ең алғаш рет Рим легиондары қаланың қақ ортасында ағып жатқан Темза өзенінің сол жағалауынан Лондиниум аталатын бекініс салыпты дейді.  Содан бергі уақыттарда жергілікті халық даниялық виргиндермен де бірнеше рет қақтығысқан. 1042 жылы Эдвард таққа отырады. Эдвард билік еткен жылдары қалада бірнеше ірі ғимараттардың құрылысын жүргізген деседі. Соның бірі — Темзаның бойында орналасқан Вестминстер сарайы. Әйгілі Биг-Бен осы жерде тұр.  Ғимаратты көруге көз керек — аумағы 3 гектар жерді алып жатқан сарайдың қасбетінің ұзындығы 270 метрге жуық. Ғимарат ішінде 1200 бөлмесі бар көрінеді. Бұл алып ғимаратта Ұлыбритания парламенті отырады.

Биг-Бэн

Ұлыбританияның ең негізгі символы — Биг-Бэн осы сарайдың бір бөлшегі болып есептеледі. Ресми түрде «Вестминстер сарайының сағат мұнарасы» аталатын алып мұнараның жоғарғы жағында төрт сағат бар. Сағат тілінің ұзындығы 4 метр, салмағы 300 келі көрінеді. Жалпы, сағат механизмінің өзі 5 тонна тартады. Циферблат диаметрінің өзі 7 метрге, сағат тілдерінің ұзындығы 2,7 және 4,2 метрге жетеді деседі. Ал қоңыраудың салмағы — 13,5 тонна. Биг-Бен туралы дерек көп. Ол әлемдегі төрт қырында сағаты бар ең үлкен мұнара болып есептеледі. Оның жүріп тұрғанына биыл 157 жыл болыпты!  2012 жылы Биг-Бенге ресми түрде Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның есімі берілген деседі. Біз мұнараның ұшар басына дейін шыққанымыз жоқ.  Британ Кеңесінің қызметкері Малгося Розвадовсканың айтуынша, сағат циферблаттарының бетінде қазақша айтқанда «Құдайым, біздің патшайымымыз І Викторияны сақтай гөр!» деген жазу бар дейді, ол аз болса, мұнараның оң, сол жағында «Құдайға шүкір» деген мағынадағы сөз жазылған екен.

 

 

Тауэр көпірі

Вестминстер сарайын, Биг-Бэн мұнарасынан әрі асып, Тауэр қорғанына қарай өттік. 1066 жылы 1 Вильгелм негізін қалаған Тауэр қорғаны шын мәнінде ертегілерде ғана кездесетін жау кіре алмайтын берік қамал секілді көрінді. Герцог Эдинбургскийдің сөзімен айтсақ, бұл жерде қорған да, ақша сарайы, патшайымның құнды дүниелерін сақтайтын сарай, түрме, обсерватория, тіпті зообақ та болыпты.  Тауэр қорғанына іргелес Темза өзенінің үстімен өтіп жатқан Тауэр көпірінің де тарихы 19 ғасырға кетеді. 1894 жылы салынған көпір де Лондонның ең негізгі символдарының бірі ретінде туристер көп келетін орынға айналған.  Ұзындығы 244 метр болатын көпірді 65 метрлік мұнаралар тіреп тұр. Көпір үстіндегі көлденең жатқан ұзындығы  61 метр болатын темір белдіктер өзен бойымен кемелер өткен кезде жаймен ашылып, жабылады. Бұл жерде де туристер толып жүр.

Букингем сарайы

Лондонға барған адам Букингем сарайына соқпай кетпейді. Біз де бардық. Патшайым отыратын сарайдың алдында қарақұрым халық. Сарайдың қақпасының қасына дейін келіп, суретке түсуге, сарайды тамашалауға туристерге ешқандай шектеу қойылмаған. Бір қызығы, ІІ Елизавета резиденцияда болмаған кезде сарай төбесіне Ұлыбританияның туы ілінеді де, патшайым ішінде болған кезде ол ту арнайы штандартпен ауыстырылады. Біз алғашқы күні барған кезде сарай маңы жабық болды. Себебі, бұл жерде ирландықтар «әулие Патрик күні» деп атайтын мерекеге дайындық жүріп жатқан болып шықты. «Ирландықтардың айтуынша, көктегі жебеуші әулие Патрик 17 наурызда қайтыс болыпты, сондықтан жыл сайын сарай алдындағы алаңда осы күні мереке тойланады», — дейді Малгося. Ирландияның ұлттық мейрамы болып есептелетін бұл күнде мерекеге қатысушылар осы мерекенің арнауы символы болып есептелетін үш тармақты жапырақтар мен жасыл түсті киімдер киіп алады екен. Біз жақындап келіп, жасыл киімділермен суретке түстік.  Сарай маңындағы алаңда көпшілікке арналған басқа да шаралар көп өткізіліп жатыр екен. Біреулер тегін сорпа таратып тұр. Қолымызға бір-бірден тегін сорпа ұстатып кеткен қыз да бізді әулие Патриктерінің күнімен құттықтап әлек. Одан әрі жүріп келеміз. Өзінің үй-күйі жоқ екенін ұсақ әріптермен тасжолға жазып отырған мына қарияға әріптесім Ләззат Егібаева қолындағы сорпасын беріп кетті. Иә, Лондон көшелерінде қайыршылар да бар екен. Көшеде басқаша жолмен ақша тауып тұрғандар да жеткілікті. Мысалы, үстін алтын, күміс түстес бояулармен бояп алған, бет-ауызын да баттастырып бояған мына кісілер бейнебір қозғалатын ескерткіштер секілді…

Букингем сарайына басқа күндері де бардық. Келесі барғанымызда ІІ Елизавета резиденцияда болып шықты — сарай төбесіндегі ту штандартпен ауыстырылған. Қақпа ашық, алдында әскери киімділер тұр. Бізге суретке түсуге болады деп ишарат білдірді. Қашан барсақ та, сарай маңында адам толып жүреді екен. Суретке, видеоға түскен адамдар кілең. Бір қызығы, суретке түсіп жатқанда ешкім саған кедергі жасамайды. Адамдары бір-бірімен иық тірестіріп жүретін тар көшелерде де екі жақтан келе жатқандар тұра қалып, сен суретке түсіріп болғанша жымиып күтіп тұрады. Қысқасы, Лондон сапары жөнінде  әрі қарай суреттер «сөйлесін»…

P.S. Лондон сапары жөніндегі мақала жалғасын газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар. 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе-Орал-Астана-Лондон-Астана-Ақтөбе.

         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button