Жаңалықтар

Ақтөбеде инновациялық жобалар форумы өтті

«Ғылым — Білім — Өндіріс — 2016». Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында осындай тақырыпта инновациялық жобалар форумы өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қатысты. Сондай-ақ басқосуға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым және инновациялық қызмет департаментінің директоры Тілек Кетегенов,  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Әлия Ағзамова,  Қазақ-орыс халықаралық университетінің ректоры Ербол Алданов жиналды.

Бүгінде аймақ басшысының тапсырмасымен жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың арасында тығыз байланыс орнату мақсатында облыстық әкімдікте жұмыс тобы құрылып, қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Өндірістік кәсіпорындардың проблемаларын шешу және танысу мақсатында жоғары оқу орындарының профессорлары мен ғалымдары облыстағы «Қазхром ТҰК» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «АҚХЗ» АҚ, «Дастан компания тобы» кәсіпорындарына барды.

Жиында алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары шараның мақсаты туралы тілге тиек етті.

Білім және өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін шараның басты мақсаты — кәсіпорындардың қызметіне инновация мен ғылым жөніндегі ұсыныстарды енгізу, — деді Асқар Шериязданов.

Одан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің (университеттің құрылымдық бөлімшесі) директоры Тілек Кетегенов сөз алып, іргелі оқу орнындағы өзі басқаратын департамент жұмысын таныстырды. Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент университетте өткізілетін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды үйлестіреді. Департамент қызметінің басты мақсаты — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми және интеллектуалдық әлеуетін барынша толыққанды пайдалануға, ғылыми-зерттеу жұмысының, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерінің тиімділігін және білім берудің сапасын арттыру үшін ғылыми-өндірістік қызметтің кешенді дамуына ықпал ету.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақтөбе облысындағы оқу орындарымен, кәсіпорындарымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын. Іргелі оқу орны Ақтөбедегі екі мектепке қолдау, көмек көрсетіп, оларға басшылық етуді жоспарлап отыр. Соның арқасында біздің облыстағы екі мектептегі 11-сынып оқушылары қашықтықтан оқыту әдісі арқылы білім алатын болады.

Форум барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары металлургия, химия және мұнайхимия, құрылыс материалдарды өндіру, қоршаған ортаны қорғау бойынша жобаларды әзірлеу жөнінде баяндады.

Басқосуда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Әлия Ағзамова, облыстық әділет департаментінің басшысы Гүлмира Тұрлыхановалар сөз сөйледі.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қорытындылап, ғалымдардың, кәсіпорын басшыларының жұмысына сәттілік тіледі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button