Жаңалықтар

Биыл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 5,3 миллиард теңге бөлінеді

Брифинг

 «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Бағжан Тілегенов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысы ең алдымен өткен жылғы атқарылған істерге қатысты қысқаша баяндап берді. Былтыр «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аумағында 236 кәсіпкерге 3,8 миллиард теңге мөлшерінде қолдау жасалды. Бағдарлама бойынша мәліметтерге талдау жасағанда ауылдық жерде тұратын кәсіпкерлердің белсенділігі арта түскендігі байқалады. Мәселен, соңғы бір жылдың ішінде ғана олардың үлесі екі есеге артқан. Мұның себебі елдегілерге несие берудің жеңілдетілуімен түсіндіріледі. Қазіргі уақытта ауылдағы кез келген ғимарат, басқа да жылжымайтын мүліктер кепілдікке алына берілетін болды.

Бағдарламаға қатысушылардың көш басында Хромтау, Мұғалжар, Алға аудандарының тұрғындары тұр.

Негізінде кәсіпкерлер бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көре алады. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы 104 адам өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арзандатылған шағын несиелер алды. Ауылдық жерлерде тұратын кәсіпкерлер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ секілді қаржы институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері мыңнан астам ақтөбелік барлық қаржы институттары бойынша қолдау тапты. Ақтөбе облысы Алматы және Павлодармен қатар республика бойынша алғашқы үштіктен орын алды.

Кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай қолдау көрсету бойынша жұмыстар биылғы жылы да жалғасады. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 4,1 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа село кәсіпкерлері мен істерін жаңадан бастаған талапкерлерге 1,2 миллиард теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаржы бөлінеді.

Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етушілерді несиелендіруге биылғы жылы бөлінетін қаражат мөлшері былтырғыдан 5,3 есеге көбеймекші. Демек, кәсіп етемін деушілерге кең жол ашыла түседі.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан да субсидиялау, кепілдендіру, грант беру, сондай-ақ қаржылай емес қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Соңғы уақытта кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары өз жұмыстарын жандандыра түсті. Істерін жаңадан бастаған, сондай-ақ жалғастырушы кәсіпкерлерді оқыту жүргізілуде.

«Даму» негізгі бағдарламаларымен бірге бірқатар өзге де жобаларды жүзеге асырады. Солардың қатарында кәсіпкер әйелдерді қолдау қолға алынды. «Даму-көмек» бағдарламасы мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіппен шұғылдануына қолдау жасайды. Осындай аумақта адамдарға соңғы уақытта ғана 92 грант берілген. Бұл қолдаудың ерекшелігі — қайтарымсыздығында, одан салық төленбейді, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу талап етілмейді.

 Нұрмұханбет  ДИЯРОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button