Жаңалықтар

440 миллион теңгелік 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды

Брифинг

 «Ақтөбе ақпарат» орталығында бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізген Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов осындай деректі журналистер назарына ұсынды.

Аталған жобаларға ет өңдеу комбинаты, заманауи баспахана және көкөніс пен ет өнімдерін сақтайтын қоймасы бар жабық базар кіреді. Бұл жұмыстар атқарылу барысында жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ салықтық түсімдер молаяды.

Сонымен бірге мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы аясында да бірқатар шаруалар орындалмақшы. Мәселен, Ембі қаласында осы ауқымдағы «Нұр-Мәлика» балалар бақшасы өз жұмысын бастады. Соның нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 93,3 пайызға жетті. Қандыағаш қаласында 100 орындық балалар бақшасы осындай механизм көмегімен іске қосылады. Ал Қайыңды селолық округіне қарасты Алтынды поселкесінде демеушілер тарту арқылы бизнес-инкубатор бой көтерді.

Өткен жылы аудан экономикасына 73 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіпте 280 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, алдындағы жылмен салыстырғанда ілгерілеу көрінісі байқалды.

— Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде, — деді аудан басшысы. — Былтыр бұл салаға 113 миллион теңге инвестиция салынды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 4,2 есе көп. Биыл бұл көрсеткіш 300 миллион теңгеге жетеді деп күтудеміз. «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында фермерлерге 810 миллион теңге қолдау жасалды.

Алдағы уақытта Талдысай селолық округінде мал бордақылау алаңының қуаттылығын қазіргі 600-ден 1,5 мың басқа дейін жеткізу көзделуде. Сонымен бірге Ембіде мал сою цехы, Жемде сүт өңдейтін шағын цех ашылмақшы. Ешкі сүтін өндіруі ісі жолға қойылады. Бал араларын өсіретін шағын ферма қатарға қосылады.

Суармалы алқаптар 150 гектарға көбейтіліп, жалпы мөлшері 554 гектарға жеткізіледі. Бұл жерлерге картоп және көкөніс отырғызылады. Қандыағаш қаласында бұрын бір жылыжай жұмыс істеп келсе, биыл оның қатары тағы да екі жылыжаймен толықпақшы. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкелерде 195 миллион теңгенің өнімдері сатылды. Өткен жылы жасалған меморандумға сәйкес «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС арқылы мың тоннадай ұн алынып, одан пісірілген нан тұрғындарға арзан бағамен сатылды. Тұрақтандыру қорын жасақтау үшін сыйымдылығы 150 тонна болатын арнаулы қойма ашылды. Қандыағаш және Ембі қалаларында әлеуметтік дүкендер жұмыс жасайды.

— Жалпы алғанда мұғалжарлықтардың тіршілігі жаман емес, — деп атап көрсетті Серік Тілеулесұлы. — Мәселен, бізде орташа еңбекақы 118 мың теңге құрайды. Сондай-ақ әрбір төртінші тұрғынның жеке көлігі бар. Дегенмен, бұл көрсеткішке де тоқмейілсуге болмайды. Әрбір отбасында игілік пен молшылық болуы керек деп есептейміз.

Өткен жылы бос орындар жәрмеңкесі үш рет өткізілді, оның екеуінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру жайы қарастырылды. Нәтиже жаман болған жоқ, мүгедектігі бар 33 адам өздеріне жұмыс тапты. Әкімнің айтуына қарағанда, ауданда жұмыссыздық 0,4 пайыз құрайды. Қазіргі уақытта еңбекке орналастыру тізімінде 172 адам тұр.

— Соңғы екі жыл ауқымында жергілікті кәсіпорындардың басшылары мұндай жәрмеңкелерге ықыласпен қатысуда, — деді Серік Тілеулесұлы.  — Тағы бір байқалған жай — мұнай секторынан жұмыстары қысқарып жатқан адамдар ауыл шаруашылығында, нақтырақ айтсақ, фермерлікпен шұғылдануға тілек білдіруде. Біз оларға мүмкіндігіне қарай мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес көмек-қолдау жасаймыз.

Кешегі бір тұстарда Қандыағаш қаласы тоқырауды бастан өткерді. Бірнеше бес қабатты тұрғын үй ғимараттары есік-терезелері алынып, күтімсіз бос қалды. Шаһарда жылу, су мәселесінен қиындықтар орын алды. Бүгінгі күні соның бәрі қалпына келтірілді. Соңғы уақыттары «СНПС-Ақтөбемұнай» АҚ-ға қарасты бірнеше бөлімшелердің облыс орталығына қоныс аударуына байланысты олардың ғимараттары босап, соған байланысты компания басшылығымен келіссөздер жүргізілуде. Аудан басшылығы бұл жерлерге әлеуметтік бағыттағы нысандарды орналастыруды көздеп отыр. Алайда әзірге «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бір бес қабатты ғимараты ғана жергілікті коммуналдық меншік иелігіне өтті.

Биылғы жылы қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Ахмет Жұбановтың туғанына 110 жыл толуы ауданда кең көлемде атап өтілмекші. «Мұғалжар өңірінде революцияға дейін шаруаның отбасында дүниеге келіп, ізденісімен, тума талантымен академик дәрежесіне көтерілген дара тұлғаның асқақ рухы біздің жас буын өкілдеріне ерекше тағылым болатыны сөзсіз», — деп түйіндеді кездесуді аудан әкімі.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.            

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button