Жаңалықтар

Дәм татыңыз: 5 мың литр наурызкөже, 7 тонна бауырсақ!

Наурыздың он төртінші жұлдызында көрісу басталысымен-ақ жұртшылық ауа райының құбылмалы көрінісіне қарамастан, қыстың кейін ысырылғанын сезініп, көңіл күйлері ерекше көтеріліп, «өлмеген құлға келді жаз» дегенді айтып, бір-біріне мерекелік құттықтау-тілектерін білдіруге кірісті. Облыс орталығында мәдени-көпшілік шаралар да нақ осы күндерде тізгін қақты.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында журналистермен жүздескен Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Қорғанбаева биылғы Наурыз мейрамын өткізудің бағдарламасына шолу жасады. Оның айтуынша, осы аптадан бастап әр күн аясында атаулы түрде шаралар өткізілуде. Мәселен, көрісуге жалғасып, «Жайнау», одан кейін «Шеберлік» орын алды. Негізгі мерекелік іс-шаралар 21-22 наурызда өткізіледі.

Ақтөбе қаласында және оған қарасты ауылдық округтерде жаппай халықтық серуендер ұйымдастырылады, алпыстай киіз үй тігіліп, олардың маңына алтыбақандар орнатылады.

Халықтық серуендер Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, «Мега Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешені алаңдарында, Пушкин атындағы және «Ретро» саябақтарында өтеді. Бұл жерлерде мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, түрлі ойындар, конкурстар жұртшылық назарына ұсынылады. Бұл шаралар 21 наурызға белгіленген.

Ал 22 наурызда сағат он бірден бастап ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта Наурыз тойы дабылы қағылады. Қаланың көрнекті жерлерінде 21 наурызда өткен шаралар бұл күні де жалғасын табады. Сондай-ақ Тұрғындар қалашығы аумағында «Металлургтер» мәдениет үйі ән мен күйдің көрігін қыздырмақшы.

Ғазиза Жұбанова көшесінен 11-шағын ауданға дейінгі Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы Президент саябағы ауданында қала кәсіпорындары ең үлкен ауылды жасақтап, 25 сәнді киіз үй шаңырағын көтереді.

«Ең үздік киіз үй», сондай-ақ «Ақ босағаның алтын діңгегі» атты әжелердің, «Паһ, шіркін, қазақтың келіндері-ай» атауымен жас келіндердің байқауы өткізіледі. «Ай-керім» айдарымен шашы ұзын қыздарымыз көрік салыстырады. Батагөйлер ақ батамен айналаға шуақ шашса, жас жігіттер «Ұлы даланың тарланы» сайысында сынға түседі.

Ақтөбеліктер мен қала қонақтарына дәм татқызу үшін мейрамханалар мен кафелер 5 мың литр наурызкөже мен 7 тонна бауырсақ әзірлейді.

Наурыз күнгі іс-шаралардың барлығы да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен үндесе атқарылады.

«Шератон» қонақүйі маңайында орнатылған қазақ эпосының көңілді кейіпкерлері бейнесі көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Осы жерде жастардың ескерткішке суретке түсуіне болады.

…Қала Наурыз мерекесіне бар жабдығымен, сән-салтанатымен жасанып әзірленуде. Негізінде, «мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы!». Самарқанның көк тасы еритін бұл күні көшеге шығып, көппен бірге Наурызды мерекелеңіз!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button