Жаңалықтар

Құтқарушылар да, рейстер де кешікті

Он тонналық «MAN»  автокөлігін тізгіндеген ақтөбелік Нұрлан Ысқақов екі күннен бері қар құрсауында жатыр. 

Кешегі қарлы боранның салдарынан Хромтау мен Ақтөбе қалалары аралығындағы тасжолдың бойында көлік кептелісі орын алды. Хромтау қаласынан Ақтөбеге бет алған Нұрлан Ысқақов басқарған жүк көлігі ауа райының тосын мінез танытуы салдарынан 15 наурыз күні кешкі сағат 17.00 шамасында жол бойындағы кептеліске тап болды. Түні бойы ақ түтек боранмен алысқан жүргізушілердің көліктері сол тоқтағаннан әлі жол бойында тұр. Хромтау қаласына шамамен он шақырым қашықтықта жолда қалған жүргізушілерге жергілікті билік, құтқарушылар тарапынан ешқандай құтқару амалдары жүргізілмеген. Біз Н.Ысқақовтың ұялы телефонына хабарласқанымызда:  «Жолда шамамен 60 шақты көлік тұр. Боран көз аштырмайды. Құтқарушылар әлі жоқ. Азық-түлік, жанармай таусылды. Хромтауға он шақырым жерде тұрмыз. Азық-түлік әкелу үшін екі-үш адам жиналып, жолға шығуға тәуекел еткенмен де, қорқыныш басым. Себебі, бораннан алға қарай бір адам жүру мүмкін емес. Хромтау ауданы әкімдігі және құтқарушылар тарапынан біздерді қар құрсауынан алып шығуға ешқандай амал қарастырылып жатқан жоқ. Түні бойы «112» нөміріне хабарластық. Ондағылар «шара қолданып жатырмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Енді, міне, таңнан бері техника күтіп отырмыз», — деді Нұрлан.

Нұрлан Ысқақов Хромтау ауданының Көктау ауылындағы қарағандылық тау-кен технологиясымен шұғылданатын мекемеге Ақтөбе қаласынан зат тасымалдайды. «Менің көлігім бос болғанмен, алдымда бірнеше жүк тиеген фуралар тұр. Асылтұқымды мал тиелген Фурадағы шетелдік жүргізушінің қорқынышы басым. Мал азығы азайған, жанармайы таусылған. «Көлікті жолда қалдырып, ешқайда кете алмаймын. Мал қырылса, шығыны менің мойныма ілінеді» деп қауіптенеді. Түні бойы жүргізушілер бір-біріміздің көлігімізде жылынып, азын-аулақ тағамды бөліп жедік. Алдымызда азық-түлік тиелген жүк көлігі тұрғанмен, жартылай қарға көміліп жатыр», — дейді Нұрлан шарасыз күйде.

Бұл жағдайдан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қоңырау шалдық. Департаменттің бас маманы Динара Атыраубаева штабқа хабарласқанын, жалпы Хромтау бағытындағы жолдың жабық екені тұрғындарға алдын ала ескертілгенін айтты. «Жолдың жабылатыны туралы тұрғындарға «112» нөмірі арқылы ескерту жасалғанмен, адамдар жолға шыққан. Қазір жолда қалғандарды құтқару үшін «Қазақавтожол» мекемесінен арнайы техника жіберілді. Ақтөбе-Хромтау бағыты бойынша метеорологиялық жағдай — нөлдік көріну. Қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару үшін барлық бағытта жұмыстар жасалып жатыр. 15 наурыз күні сағат  21.35-те Белогоркадан  Қарабұтақ поселкесіне дейінгі аралықта жол жабылғаны туралы хабарлама жолданған болатын. «Қазақавтожол» — жол қызметімен айналысатын кәсіпорын. Қазір бұл мекеменің техникалары осы бағыттағы жолда жүр», — деді Д.Атыраубаева.

Наурыздың қарлы боранының салдарынан облыс аумағымен өтетін республикалық маңыздағы көптеген жолдар жабылды, жолаушылар жол азабын тартты.

15 наурыз күні сағат 16.11-де Самара-Шымкент тасжолы бойында кептелісте көліктердің тұрғаны туралы хабар жетті. Оқиға орнына дереу жеткен «Қазақавтожол» мекемесінің құтқарушылары арнайы техниканың көмегімен жолды тазартып, нәтижесінде 43 автомобиль мен ондағы 73 адамды қар құрсауынан құтқарды. Көліктердің бағыты реттелді. Осындай жағдай Мәртөк ауданында да орын алды. Мәртөкке барар жолда жүк көлігі жолдан шығып, соның кесірінен 22 автокөлік кептелісте қалған. Оның 12-сі — жүк, қалғаны — жеңіл автокөліктер. Бұл кедергі де «Қазақавтожол» мекемесі техникаларының күшімен реттелді, — деді Д.Атыраубаева.

Кеше  Ақтөбе қаласының солтүстік айналма жолы мен Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз, Алға-Қандыағаш-Шұбарқұдық-Қарауылкелді бағытынан  Атырау шекарасына дейінгі аралықтағы жолдар ғана ашық болды. Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындардың жолға шықпауын ескертеді.

Жалпы төтенше жағдайлар департаменті берген қорытынды мәлімет бойынша, соңғы екі күнде жол бойынан 600-ге жуық адамға және 330-дай тұрып қалған техникаға көмек көрсетілген. Қазіргі тұста жол бойларында құтқару жұмыстарымен 120-дан астам адам және 75 техника шұғылдануда. Құтқару жұмыстары облыстың Хромтау, Мәртөк, алға, Қобда, Әйтеке би, Байғанин аудандарында және Ақтөбе қаласында жүргізілді.

…Кешегі қарлы боран ақтөбеліктерді де біршама әбігерге салды. Көшені басқан қалың қардан көлік қозғалысының жүруінде қиындықтар туындады. Такси қызметіне сенгендердің де сабақтан, жұмыстан қалғандары көп болды. Кеше Ақтөбе қаласы аумағында қар тазарту, шығару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілді.

Қала көшелерінде қар тазарту жұмыстары түнгі сағат 22.00-ден  таңға дейін жүргізілді. Ең бірінші  — қоғамдық көліктер жүретін аумақтар тазартылды. Аялдама маңында тазарту жұмыстары жүргізілді. Ауа райының құбылуына байланысты кеше қала аумағындағы кейбір ауылдарда қатынас мәселесі қиындады. Боранның күшеюінен Ақшат, Белогорка, Сазды ауылдарында жол болмады. Жол бойында тазарту жұмыстары жүргізілгенмен, артынша қар басып жатты. Соған қарамастан күшейтілген режимде жұмыстар жүргізілуде, — дейді «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Нағымжан Алдияров.

Кеше қала аумағында 100-ден астам арнайы техника, 200-ге жуық жұмысшы қар тазарту, шығару жұмыстарымен шұғылданды. Н.Алдияров бүгінде қордан бөлек, инертті материалдардың артығымен алынып жатқанын айтты. Ол ауа райының қолайсыздығынан туындаған келеңсіздіктерге селолық округ тұрғындарын  түсіністікпен қарауға шақырды.

P.S. Қарлы боранның салдарынан бірқатар әуе рейстері кешіктірілді.  «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Құсманов: «Ауа райының құбылуынан рейстер кешіктірілді. Себебі, кеше 17-18 метр/секунд жылдамдықта жел тұрды. Бұл — ұшақтардың ұшып-қонуын қиындатады әрі қауіпті», — деді. Оның  айтуынша, кеше  863-ші Алматы-Ақтөбе, 977-ші Астана-Ақтөбе рейстері кешіктірілді. Кешіккен рейстердің барлығы ішкі бағыттар.

 Арайлым НҰРБАЕВА.   

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button