Жаңалықтар

Ақсақалдармен көрісті

Ежелгі қазақ дәстүрі бойынша кеше көрісу басталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қадірлі ақсақалдардың шаңырақтарында болып, сәлемдесіп шықты.

Еңбек ардагері Сматулла Беркімбаев облыс басшысымен әңгімелесу барысында бұл мерекені қазақтар ылғи да ерекше салтанатпен атап өтетінін айтып, үйіндегі бар жақсы киімдерін киініп, ұйқысынан ерте тұрған адамдар жақын ауылдарды аралап, үлкендерге қол беріп, барша жұртқа жақсылық пен игіліктер тілейтінін ерекше жылылық сезімімен еске алды. Ұзақ жылдар бойы Байғанин, Темір және Шалқар аудандарын басқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған ақсақал ұзақ қыстан кейінгі көрісудің көктем келгендігін білдіретіндігін, достық пен бейбітшілікке үндесетінін айтуы жарасымды тілектерге жалғасты.

Білім беру саласының қайраткері, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, бүгінде сексен сегіз жасқа толып отырған Ниетжан Беріков көрісудің өскелең ұрпақ үшін елеулі тәрбиелік мәні бар екендігіне тоқталды.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ақсақалдарға жақсы денсаулық, ұзақ ғұмыр, сондай-ақ олардың жақын-жуықтарына игіліктер тілеп, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Еңбек ардагерлері қарт адамдарға деген ыстық ықыласы үшін облыс басшысына алғыстарын айтып, жұмысына табыс тіледі.

 «Ақтөбе ақпарат».

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button