Басты жаңалықтарЭкономика

Иран инвесторлары 100 мың гектар алқапты игермек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Иранның «Джахад-э-Сабз» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Хамиди Эсфахани Можтава Алиризамен кездесті.

«Джахад-э-Сабз» — Иран елінің ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы жетекші компаниялардың бірі.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысы мен Иран мемлекетінің арасындағы негізгі тауар айналымы ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде бидай мен арпа экспортынан тұрады.

— Біз экспорт көлемін арттыру және сауда-экономикалық қатынастарды жақсарту мақсатында екі жақтың бизнес-қауымдастығы өкілдері ынтымақтастығын орнатуға мүдделіміз, — деп атап өтті облыс басшысы.

Өз кезегінде, Хамиди Эсфахани Можтава Алириза облыс әкіміне аумақта өсімдік шаруашылығын дамыту үшін Иран мемлекеті инвестиция құюға дайын екендігін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, «Джахад-э-Сабз» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы дәнді дақыл егу үшін 100 мың гектар алқап бөлуге ықпал етуін сұрады. Бұл ретте шетелдіктер астық өсірумен шектелмей, өңірде егістік жер құнарлылығы көрсеткішін жақсарту жұмыстарын жүргізуге ниеттеніп отыр.

— Облыста майлы дақыл, бидай, арпа, тары, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егуге болатын 1,2 миллион гектар егістік алқап бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы алқап көлемін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз сіздің ұсыныстарыңызды қолдаймыз, қажет болған жағдайда көмектесеміз, — деді аймақ басшысы шетелдік мейманға.

Кездесу барысында биыл Иран компаниясына 10 мың гектар жер бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Шетелдіктер жергілікті шаруа қожалықтарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарын қолға алмақшы. Ирандықтар сұраған 100 мың гектар алқап 2017 жылы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

 «Ақтөбе ақпарат».

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button