Басты жаңалықтар

Кореямен ынтымақтастық нығаяды

Симпозиум

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақтөбеде алғаш рет «ҚР аймағында органдар трансплантациялаудың дамуы» атты республикалық симпозиум өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және Оңтүстік Корея елінің Сеул Ұлттық университеті госпиталінің президенті Бьюнг Хи Ох пен ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы Жақсылық Досқалиев бастаған бір топ ғалымдар қатысты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен шарада еліміздің батыс аймағында трансплантология бағытын дамыту, осы саладағы қиындықтар мен өзекті мәселелер сөз болды. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс медицинасының дамуы жөнінде, оның ішінде медициналық кластер құру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, қонақтардың қадамына сәттілік тіледі. Ал Сеул Ұлттық университеті госпиталінің президенті Бьюнг Хи Ох облыс басшысы мен денсаулық сақтау басқармасына алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі жанданатынын айтты.
— Қазақстан мен біздің клиниканың арасындағы байланыс 2012 жылдан басталды. Біздің ең үздік мамандарымыз алғаш рет Алматы мен Астана қалаларында асқазан-ішек, сүт безі, бүйрек ауруы бойынша шеберлік кластарын өткізді. Ал 2013 жылдың қаңтар айында Астанада алғаш рет бауыр трансплантациясын жасадық. Қазіргі күні біз трансплантология бағыты бойынша Астанадағы клиникамен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол уақыттан бастап біздің клиника Қазақстанның өзге өңірлерімен де байланысын нығайта түсті. Оның ішінде биыл алғаш рет Қазақстанның батыс өңірі бойынша Ақтөбеде бауыр ауыстыру отасы жасалғанын сіздер жақсы білесіздер. Алдағы уақытта клиника қазақстандық мамандармен бірлесе жұмыс жүргізіп, медицинаның өзге де бағыттары бойынша тәжірибе алмасады, — деді Бьюнг Хи Ох.
Сондай-ақ жиында Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқармасының басшысы Болатбек Баймаханов, ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы Жақсылық Досқалиев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов кадр даярлау және еліміздегі трансплантология саласының өзекті мәселелері, оның ішінде донор тапшылығы туралы кеңінен айтып өтті.
— Қазіргі күні елімізде науқасқа донор болатындардың жетпіс пайызы — туған-туысқандары. Ал шетелде бұл мәселеге басқаша көзқарас қалыптасқан, яғни азаматтың өлгеннен кейін дене мүшесін алу мәселесі заңмен қарастырылған. Мәселен, Түркияда азамат көз жұмғаннан кейін дене мүшесін алуға қарсы емеспін десе, оның жүргізуші куәлігіне арнайы мөртаңба қойылады. Енді бір елдерде жеке куәлікке белгі соғылса, бір елдерде арнайы куәлік беріледі. Бір сөзбен айтқанда, әр елдің тәсілі әртүрлі. Біздің еліміз де осы мәселені жан-жақты тексеріп, арнайы заң қабылдады. Қазіргі күні министрлік ереже бекітіп жатыр.
Жалпы елімізде донор болуға қарсылық танытпайтындардың қатарында бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы иеленеді. Ал Ақтөбе өңірі үшінші орында тұр, — деді Жақсылық Досқалиев.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен Сеул Ұлттық университеті госпиталінің президенті Бьюнг Хи Ох екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Меморандум аясында екі ел арасындағы байланыс одан әрі нығая түспек.
Сондай-ақ облыс басшысы Бердібек Сапарбаев батыс өңірде трансплантология саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Сеул Ұлттық университеті госпиталінің президенті Бьюнг Хи Ох пен осы университеттің хирургия департаментінің директоры, профессор Сах Кьюнг Сак, анестезиология-реанимация департаментінің директоры, профессор Кук Хьюн Ли мен денсаулық сақтау халықаралық орталығының атқарушы директоры, профессор Кванг Вунг Лиді және Жақсылық Досқалиев пен Болатбек Баймахановты Алғыс хат және арнайы медальмен марапаттады. Сондай-ақ Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының профессоры Тоқан Сұлтаналиев, Шымкент қаласының жедел жәрдем медициналық ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиев, Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы гепатоблиарлы хирургияның бөлімше меңгерушісі Данияр Тоқсанбаев, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы, трансплантация бөлімінің жетекшісі Ғани Құттымұратов және осы орталықтың анестезиология-ренимация бөлімінің жетекшісі Бақыт Жәркембаев марапатталды.
Жиын соңында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қандай қаржылық қиындықтар болмасын мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі кемітілмейтінін, Ақтөбеде медициналық кластер құруға барлық жағдай жасалатынын айтып, жиналған ғалымдарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Сондай-ақ бір айта кетерлігі, симпозиум аясында екі шеберлік класы өткізіледі. Шетел және отандық мамандардың қатысуымен 2-3 наурыз күндері бір бүйрек және бауыр ауыстыру отасы жасалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button