Басты жаңалықтар

3 ауылға ортақ мәселе: көгілдір отын, ауызсу және ескі мектеп

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кеше Қобда ауданына қарасты елді мекендерді аралаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындармен кездесуінде ауылдың дамуы үшін мектеп, балабақша, клуб, медициналық пункт сынды әлеуметтік нысандардың дұрыс болуын қамтамасыз ету керек екендігін атап өтті.
Қобда ауданы Бестау ауылының тұрғындарын қуантатыны — елді мекендеріне газдың тартылғаны. Облыс орталығынан аудан орталығы — Қобдаға тартылған көгілдір отынның игілігін бестаулықтар да көріп отыр. Барлығы 500-дің үстінде тұрғыны бар шағын ғана ауылда оның атауымен аттас «Бестау» ЖШС мен 9 шаруа қожалығы тіркелген. Қожалықтардың негізгі кәсіп түрі, әрине, мал шаруашылығы. 2015 жылы «Рахмет» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 9,5 миллион теңгеге 52 бас ірі қара сатып алған. Ал «Белогор», «Арт-агро» қожалықтары «Құлан» бағдарламасымен жылқы санын 93 басқа көбейткен. Бестаулықтардың мемлекеттің арнайы мал басын көбейтуге арналған бағдарламаларын пайдалануда енжарлық танытып отырмағанын байқауға болады.
Ауылдағы Пятогорск орта мектебінде барлығы 87 бала білім алады. Аралас мектепте білім қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қобда ауданындағы жұмыс сапарын осы мектепті аралаудан бастады. Іргетасы сонау 1975 жылы қаланғанымен, 2013 жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін ғимараттың көркі жаңарып қалыпты. 2014 жылдың желтоқсан айында мектептің газбен жылыту қазандығы іске қосылған. Оқушылар жылы әрі таза ғимаратта білім алуда. Мектеп ғимаратының балабақшаға айналдырылған бөлігінде 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Әр сәби үшін ата-анасы балабақша үйінің қызметіне 6000 теңге ақы төлейді.
Облыс әкімі мектептің сыныптары мен спорт залын аралап көрді. Мектеп директорынан денешынықтыру пәніне арналған жабдықтармен қамтылу жайын сұрады. Балалардың сүйікті ойыны футбол үшін доптың жетіспейтінін естіген өңір басшысы:
— Өзіміз халыққа спортпен айналысыңдар дейміз. Бірақ мектепті қарапайым доппен қамти алмаймыз. Мұны қалай түсінуге болады? — деп жанындағы Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсібалиевке ескерту жасады.
Өңір басшысы ауылдың клуб үйіне де барды. Ондағы кітапхананың жайымен танысты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аралаған Қобда ауданының өзге Жаңаталап, Терісаққан және Жарсай ауылдарының мәселелері ортақ. Самара-Шымкент халықаралық тасжолынан шеткерірек орналасқан бұл ауылдар ең алдымен көктем және күз мезгілдерінде жолдың азабын тартады. Жауын-шашын кезінде грейдер жол ми батпаққа айналып, іргедегі аудан орталығына қатынаудың өзі мұңға айналады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрсек, ауызсу мәселесі шешілсе дейді. Әкіммен болған кездесу кезінде қай ауылдың болмасын тұрғыны «осы аталған өзекті мәселелер шешімін тапса, ауылдан жаппай көшу тоқтап, тіпті керісінше тұрғындар саны көбейер ме еді… Әйтпесе, табиғаты сұлу бұл жерлер ешбір мекеннен кем емес» деген ойларын жеткізді. Өйткені тұрғындар саны азайған сайын аталған ауыл тұрғындарын енді мектебіміз жабылып қалмаса екен деген күдік мазалайды. Үш ауылдың да мектеп ғимараттары әбден ескірген. Алды сонау 1967 жылы саманнан тұрғызылыпты.
Өңір басшысы ауылдықтардың көңілін мазалаған сұрақтарға жауап берді. Ең маңыздысы — бұл ауылдардағы мектептер жабылмайды. Ауызсу мәселесі мемлекеттің арнайы бағдарламасына сәйкес шешіледі. Ал газдандыруға келер болсақ, билік газдандыру саясатында ең алдымен елді мекеннің халық санына маңыз береді. Одан кейінгі кезек магистральды газ құбырларына жақын орналасқан елді мекендерге беріледі. Бұл елді мекендер толық қамтылып болғаннан соң ғана шағын елді мекендер қолға алынбақ. Облыс әкімдігі өткен жылы облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ-мен жалпы құны 19 миллиард теңге болатын меморандумға қол қойды.
— Егер халық санын алатын болсақ, біз республика бойынша ең көп газбен қамтылған облыстардың біріміз, облыс тұрғындарының 88 пайызы газбен қамтылған. Ал газ тартылған елді мекендердің санын алсақ, онда көрсеткішіміз төмен. Өйткені осы сіздердің ауылдарыңыз секілді халық саны аз елді мекендер көп. Газ тарту миллиондаған қаржыны қажет етеді. Бүгінгі күні бізде ондай қаражат жоқ. Оның үстіне, қазір экономикалық дағдарыс орын алып отыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
Бұл ауылдардағы мектептердің жағдайының заман талабына сәйкес келмейтіндігіне тоқталған өңір басшысы оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті шаралардың алынатынын, сараптама қорытындысы бойынша қажет деп табылса, жаңа мектеп ғимаратының салынуы мүмкін екендігін мәлімдеді.
— Ауылдың дамуы үшін мектеп, балабақша, клуб, медициналық пункт сынды әлеуметтік нысандардың дұрыс болуын қамтамасыз етуіміз керек. Сол кезде ауыл тұрады, ол жерден ешкім ешқайда көшпейді, — деді ол.
Өңір басшысы биыл облысымызда шағын отбасылық фермаларды дамытуға бағытталған пилоттық бағдарламаның іске қосылғанын айтты.
— Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, «Даму» қоры және «Алмекс» қорымен келісімшартқа қол қойдық. Бұл жобаға барлығы 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінбекші. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 2,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұлар аз қаржы емес. Әкімдердің басты міндеті — халыққа осы несиеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіру, — деді Бердібек Сапарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жөнінде.
Ол сондай-ақ Жарсай елді мекеніндегі еділбай тұқымды қой өсіріп отырған «Алтын дала» шаруа қожалығының жағдайымен танысты. Қожалықтың басқарушысы Ораз Алитурлиевтің айтуынша, қожалықта 620 тоқты, 630 саулық қой бар. Ол қой басын көбейту үшін «Алтын асық» бағдарламасын пайдаланғандарын айтады. Қожалықтың қожайындары үстіміздегі жылы енді ірі қара өсіруді қолға алмақшы.
Облыс әкімі Қобда ауданындағы жұмыс сапары аясында сонымен қатар аудан орталығындағы «Арай» әлеуметтік дүкені мен Қобда көпсалалы колледжінде болды.
— Колледжде бүгінгі күні барлығы 150 оқушы білім алады. Біз осы аудандағы ауыл шаруашылығы салалары үшін қажет мамандарды даярлаймыз. Оның ішінде газ дәнекерлеушісі, аспазшы, механизатор, мал маманы секілді мамандықтарды атап өтуге болады, — деді өңір басшысына мәлімет берген колледждің директоры Әділбек Қорғанбаев.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button