Басты жаңалықтар

Жалақыдан қарыз жоқ

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы иелігіндегі Ақтөбе ферроқорытпа зауыты және Дөң тау-кен байыту комбинатының еңбек ұжымдарымен кездесті. Акционерлік қоғамның өткен жылы өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісімшарт талаптарын орындау мәселелеріне қатысты болған жиынға облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Т.Айжарықов, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары мен кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы қазіргі экономикалық қиындықтар кезінде барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, дағдарыстың қиыншылықтары қарапайым халыққа өз әсерін тигізбеуі қажет екенін айтты. Жыл басынан бері өңірдегі осындай ірі-ірі кәсіпорындарда болып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп жүрген облыс әкімі:
«Қазіргі таңдағы жағдайды өздеріңіз күнделікті өмірден, баспасөзден білесіздер. Дағдарыс дегенмен, шынын айтқанда сол дағдарыс халыққа қатты әсер етіп жатқан жоқ. Оның бірінші себебі — аймақтағы өндірістік кәсіпорындардың жұмыс істеп, алған міндеттемелерін толығымен орындауы. Ең бастысы — жұмыс орындарын сақтап, жұмысшылардың жалақысын дер кезінде алуға мүмкіндік жасалып жатыр. «Қазхром» — өңірдегі ең ірі компаниялардың бірі. Бүгінде 11,5 мың адам осы компанияда еңбек етеді. Облыс экономикасының дамуына сіздердің кәсіпорынның жұмысы айтарлықтай үлес қосады», — деді.
Аймақ басшысының айтуынша, дағдарысқа қарамастан аталған компанияның экономикалық жағдайы көңіл көншітеді. Ең негізгісі — мұнда жұмыс орындары қысқармай, жалақыдан қарыз жоқ. Керісінше, биыл 1 қаңтардан бастап кәсіпорында жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға көтеріліпті.
— Осы компанияның құрылтайшысы Александр Машкевичпен кездескенімізде, ол кісі бұл жағдайдың бәрін жасауға уәде берген. Сондай-ақ, «Қазхром» компаниясының басшылығы да бұл істе өз уәдесінде тұр. Хромның конденсатына бағаның төмендеуіне қарамастан, оның көлемі былтырғы, алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен болған жоқ. Конденсаттан кішкене төмендеу болғанмен, бірақ биылғы жылғы жоспар былтырғымен салыстырғанда жоғары болмақ, — деді Б.Сапарбаев.
Кездесу барысында «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның президенті Виктор Тиль өткен жылы кәсіпорындағы өндірістік қызмет және ұжымдық келісімшарттың орындалуына қатысты баяндады. Оның айтуынша, еліміздегі үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама шеңберінде іске қосылған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехы бүгінде заманауи инновациялық өндірістердің бірі саналады.
В.Тильдің айтуынша, бұл цехта еңбек ететіндердің дені — жастар. Көпшілігі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің және Қарағандының жоғары оқу орындарын бітірген түлектер. Өткен жылы кәсіпорында ұжымдық келісімшарттағы тапсырмалар 100 пайызға орындалған. Бүгінде 7 мыңнан астам адам еңбек ететін Дөң тау-кен байыту комбинаты жұмысшыларының орташа айлық табысы 164,6 мың теңгені құраса, 4 мыңға жуық адам жұмыс жасайтын Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағылардың орташа жалақысының көлемі — 152,6 мың теңге.
В.Тиль өз сөзінде акционерлік қоғамның құрамына кіретін Ақтөбедегі өндіріс орындарының алдағы уақытта да өз қуаттылығында өнім шығарып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы басты назарда болатынын айтты.
Кездесу барысында Б.Сапарбаев акционерлік қоғам басшылығына алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, мейлінше импортты азайтып, кәсіпорында қазақстандық үлестің салмағын арттыруды, сондай-ақ, қоғамның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы жобаларды дамытуға, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу барысында облыс әкімі жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Соның бірі — Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшысы Нағашыбай Өмірзақов Хромтау-Ақтөбе аралығындағы тасжолды жөндеу, жол бойына арнайы жол құрылысымен айналысатын мекеме ашу мәселесін көтерді. Бұл сауалға байланысты Б.Сапарбаев биыл, алдағы жылы Хромтау-Ақтөбе бағытындағы тасжолға қаржы тапшылығына байланысты күрделі жөндеу жүргізілмейтінін, тек жол бойындағы шұңқырлардың жамалатынын айтты. Зауыт жұмысшылары қойған сауалдардан аңғарғанымыз — оларды өндірістен гөрі әлеуметтік мәселелер көп толғандырды.
Кездесу соңында облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар кеңесі және «Қазхром» ТҰК» АҚ арасында жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, өзара ынтымақтастық жөнінде үш жақты меморандумға қол қойылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button