Басты жаңалықтар

Ардагерлер үйлері ашылады

Кеше облыстық ардагерлер ұйымының VII есеп-беру-сайлау конференциясы өтті.
Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.
Бастауыш ұйымдар жетекшілері, аудандардан келген делегаттар, жалпы, жиынға қатысушылар алдымен өткен конференциядан бергі аралықта өмірден озған Ұлы Отан соғысы ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы уақыт ішінде облысымыз бойынша 325 ардагер бақилық болған.
Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірмановтың атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасы мен кеңес жанындағы тексеру комиссиясының есебі тыңдалды. Кеңес Баймұқанұлы ардагерлердің қоғамдық өмірге, соның ішінде жастар тәрбиесіне, тұрақтылық пен татулықты сақтау бағытындағы жұмыстарға белсене араласатынын атап өтті. Сонымен қатар, билік, кәсіпорындар мен мекемелер тарапынан да ардагерлерге әрдайым қамқорлық көрсетілетінін баяндады. Өткен жылы облысымызда, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, 43 ҰОС ардагеріне баспанасын жөндеуден өткізу, түрлі техника, тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз ету сынды қамқорлықтар жасалған.
Жиында Алға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есентай Сүлейменов, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Прихно, т.б. сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы жұмыстарға аға буынның белсене атсалысуы сынды тілектерін жеткізді.
Делегаттар облыстық ардагерлер кеңесі мен тексеру комиссиясының жаңа мүшелерін және республикалық ардагерлер ұйымының VII съезіне делегаттар сайлады.
Жиын соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп, ардагерлерінің сауалдарына жауап берді.
Облыс басшысы өз сөзінде алдағы уақытта Ақтөбе қаласы мен аудандар орталықтарында Ардагерлер үйлерін ашу керектігін; кәсіпорындар мен мекемелерде бастауыш ардагерлер ұйымдарын құрып, ардагерлерге қолдау мақсатындағы істерді жандандыру қажеттігін атап көрсетті.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button