Басты жаңалықтар

Бюджет қаржысынан тыс 29 жоба жүзеге асырылады!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Ақтөбе облысының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары және 2016 жылғы міндеттер туралы» күн тәртібімен жұртшылықпен есепті кездесуі Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында өтті.
Алқалы жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік инспекторы Шалқар Байбеков, «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Қуандық Бишімбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов қатысты. Сондай-ақ жұртшылық өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық, діни, этномәдени бірлестіктердің, ірі шаруашылық субъектілерінің, қаржы институттарының басшылары, БАҚ қызметкерлері, барлығы үш мың адам болды. Аудандардан 7 мыңдай адам онлайн режимінде кездесуге қатысты.

 

 

Есеп несімен ерекшеленді?

Біріншіден, есеп, жылдағыдай облыстық әкімдік ғимаратында емес, жоғарыда айтылғандай, «Қоныс» спорт сарайында өтті. Келем деушілерге шек қойылған жоқ.
Екіншіден, кездесу қарсаңында облыс тұрғындарының өз ой-пікірлерін, сондай-ақ ұсыныстарын еркін жеткізу мақсатында көпшілік жиналатын орындарда арнаулы жәшіктер қойылды, облыс әкімінің блогына хат жолдау мүмкіндігі жария етілді.
Үшіншіден, есеп беру жиынының алдында ғимараттың көрнекті жерінде облыстық басқармалар мен мекемелердің өкілдері қабылдау ұйымдастырды. Мұнда әркім өздерін мазалаған сауалдар бойынша түсінік алып, сондай-ақ тиісті мәселелер бойынша өтініштерін ұсынды.
Төртіншіден, кездесу барысы онлайн режимінде барлық аудандарға көрсетіліп, өңірлердің тұрғындары облыс басшысымен тікелей тілдесіп отырды. Яғни әр аудан тұрғындары жылдағыдай облыс орталығына сабылған жоқ.
Бесіншіден, әркім қалаған сұрағын қойды, шағымын айтты. Ешқандай тыйым салу, беттен қағу болған жоқ. Яғни есепті кездесу билік пен халық арасындағы риясыз әңгімелесуге айналды.
Облыс әкімімен кездесу алдындағы шенеуніктер қабылдауында 170-ке жуық адам болды. 45 азаматтың талап-тілегі Ақтөбе қаласы әкімдігіне бағытталды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы атына 25 өтініш түсті. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша 24 адамның арызы тыңдалды. Денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары және облыстық ішкі істер департаменті басшылықтарына қатысты шешімін табуы тиісті біраз мәселелер қозғалды.

Міндеттер қандай?

— Біздің қол жеткізген табыстарымыз ең алдымен Тәуелсіздікпен байланысты. Сондықтан да биылғы ширек ғасырлық мерекемізді лайықты атап өтуіміз керек, — деді облыс басшысы.
Облыс басшысы есепті баяндамасында әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан Елбасымыз белгілеген міндеттер аясында өңірдің экономикасын ілгері дамыту мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінбекші.

 

 

 

 

 

 

 

 

2016 жылы облыста құны 11,6 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асады. 2015 жылы жалпы құны 6,3 миллиард теңге болатын 7 жоба қолға алынды. Бұл ретте былтыр пайдалануға берілген жобалардың өнеркәсіп өндірісі көлемі 137,0 миллиард теңге құрады. Биылғы жобаларға сәйкес 594 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Алдағы уақытта «ҚазИнРусс-трейдинг» ЖШС аз тоннажды мұнай өңдеу зауытын іске қоспақшы, Германияның «Weckenmann» технологиясы бойынша жылына қуаттылығы 50 мың шаршы метр болатын үй құрылысы комбинаты, итальяндық технология бойынша темір-бетон өндірісі, сондай-ақ «Ұлан» компаниясының өндірістік-өнеркәсіптік кешені ашылмақшы.
Сонымен бірге Қытай Халық Республикасының әлеуетті инвесторларымен цемент зауыты құрылысы, калий тыңайтқыштары, суда еритін күрделі азот-фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға мемлекет тарапынан қабылданып отырған мақсатты бағдарламалар көп көмегін тигізбекші. Алайда, облыс әкімі атап көрсеткендей, бірқатар жерлерде бұл мүмкіндік өз дәрежесінде пайдаланылмай отыр.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімдерінің көлемі 142,5 миллиард теңге құрады. Өсім мал шаруашылығы бойынша да, сондай-ақ егіншіліктен де байқалады. Жалпы ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазіргі уақытта облыс тұрғындарының негізгі азық-түлік түрлеріне сұранысы өз өнімдеріміз есебінен өтелуде. Облыс әкімі осы жерде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда кей аудандардың сылбыр қимылдап отырғанын сынға алды. Жылда бидай сеуіп қарап отыра бермей, біздің жерімізде жақсы шығатын тары, мақсары секілді дәнді дақылдар егуге көңіл бөлу керектігін ескертті.
Өңір басшысы аймақтық кооперация маңыздылығына тоқталды. Осы ауқымда Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан көкөніс түрлерін тікелей жеткізу тиімділігі айтылды. Мысалы, өткен сенбідегі жәрмеңкеде Қызылорданың күріші әдеттегідей 220 теңге емес, 150 теңгеден сатылды! Демек, өңірлердің бір-бірімен байланысуы, ең алдымен, қарапайым халыққа пайда бермек. Аталған облыстардың облыс аумағында өнім өткізу нүктелері ашылғанда, баға өзінен-өзі түседі!
Сондай-ақ Алға ауданындағы ет комбинаты көршілес Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының малдарын етке өткізуде басты тетікті ұстамақшы.
Ет және сүт өңдейтін 26 цех, 13 сервистік-дайындау орталықтарын және 39 ауыл шаруашылығы кооперациясын құру жолымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі ұлғайтылмақшы. Биылғы жылы шаруашылық жүргізудің отбасылық формалары түрінде шағын фермалар құру жобалары жүзеге асырылады, бұл мақсатқа 2,5 миллиард теңге қарастырылды. Ақтөбе қаласында индустриалды-аграрлық аймақ құрылады.
Ауыл шаруашылығын ілгерілетудің бір көзі — суармалы алқаптарды молайту болып отыр. Бұл ретте ескі тоғандарды пайдалану, бөгеттерді іске қосу көзделуде. Облыс басшысы аудандардың әкімдеріне бұл жөнінен нақты тапсырма берді.

580 мың шаршы метр үй, 2 мың жер учаскесі беріледі

Облыс басшысы бюджет қаржысына сүйеніп отыра бермей, қосымша мүмкіндіктер табу қажеттігіне баса назар аударды. Осындай реттермен 2016 жылы бюджеттен тыс 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл қатарда офтальмологиялық аурухана құрылысы, қалалық балалар стоматологиялық емханасы, жедел жәрдем ауруханасы секілді 6 басымдық бағыттағы жоба бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мұзайдын, Ақтөбе қаласында — 4, Алға, Ембі, Хромтау, Шалқар қалаларында, Темір ауданының Шұбарқұдық поселкесінде, Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында жалпы жобалық қуаты 2 415 орындық 10 балабақша салынады, облыс орталығында көше жарығын қамтамасыз ететін жүйе қайта жарақтандырылып, пайдалануға беріледі. Жобалардың жалпы сомасы 16 миллиард теңгені құрайды.
Түркиялық инвесторлар Ақтөбе қаласында жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысы жобасын жүзеге асырмақшы. Жылына 150 000 шақырту қабылдайтын мүмкіндігі бар бұл бағдарлама құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Жедел жәрдем стансасы медициналық кластер құрамына кіреді.
Ақтөбе қаласындағы медициналық кластер биылғы жылы шетел инвесторларының қатысуымен құрылмақшы. Кластер Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына ғана емес, сондай-ақ Қызылорда өңіріне де қызмет көрсететін болады. «Ақтөбе — батыс өңірдің орталығы болуға тиіс!» — деп атап көрсетті облыс әкімі.
Жиырма тоғыз жобаны жүзеге асыру арқылы облыс бюджетіне түсетін ауыртпалықты біраз азайтуға болады. Сонымен бірге, қосымша 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақшы. 2415 баланы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту мүмкіндігі тумақшы. Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем көрсету сапасын арттыруға жол ашылады деп күтілуде.
Облысқа инвестиция тарту мәселесінде елшіліктермен тығыз байланыс орнатылуда. Қазақстандағы бірқатар елшілер қазірдің өзінде Ақтөбе өңірінің мүмкіндіктерімен танысып, іскерлік ұсыныстарын білдіруде.
Облыс әкімдігі аймақ экономикасы салаларының ішкі резервтерін айқындауға қатысты өз жоспарын бекітті. Бұл туралы есепті баяндамада айтылды.
— Бірінші кезекте біз әлеуметтік нысандарды, мемлекеттік және оған бағынышты мекеме-кәсіпорындардың автокөліктерін сұйытылған газға ауыстыратын боламыз. Мұның өзі бізге жылына 500 миллион теңге бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қараусыз қалған ғимараттарды есепке алып, оларды алдағы уақытта тиімді пайдалану шараларын аламыз, — деді өңір басшысы.
Бюджет қаржысын үнемдеу күн тәртібінен алдағы уақытта да түспек емес. Былтыр осы мақсатқа сәйкес 6,5 миллиард теңге оңтайландырылды. Биылғы меже — 2,4 миллиард теңге. Оңтайландырудан түскен қаржы қосымша жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, білім беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады.
Жер байлығын өндіруші компанияларда қазақстандық құрамды арттыру, шетел инвестицияларын тарту, халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді жұмыс істеу, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, оның ішінде «Туған жерге тағзым» акциясын жандандыру жұмыстары биылғы жылы да жалғасын таппақ.
Облыста биыл 580 мың шаршы метр үй салынады. Ақтөбе қаласында кезекте тұрғандарға кемінде 2 мың жер учаскесі беріледі.

10 мектеп салынады!

Биылғы жылы облыста жаңадан 10 мектеп бой көтереді. Оның үшеуі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджет есебінен салынады. Сол сияқты дуальды білім жүйесін дамыту, қажетті мамандықтар бойынша мамандар даярлауға көңіл бөлу өрістемекші.
Жұмыспен қамту — бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Өткен жылы осы бағытта жасалған кешенді жоспарға сәйкес 21 мыңдай адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіпорындарда жұмыс орындарын сақтау, еңбекақы қарызын болдырмау, жұмысшылардың құқығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер кәсіподақтардың қатысуымен кәсіпорын басшыларымен 5200 меморандумға қол қойды, осы аумақта 92 мыңнан астам жұмысшылардың мүдделері қорғалады. Жалпы облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз құрады.
Облыс әкімінің жұртшылықпен кездесуінде көптеген мәселелер қозғалды. Оның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ, есепті жолға қою, салық түсімдерін қамтамасыз ету міндеттері айтылды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Тағы бір қозғалған мәселе — жеке иеліктегі жерлердің тиімді пайдаланылуы. Бұған қатысты әкім: «егер пайдаланылмай жатқан жер болса, мемлекетке қайтып алынады» деп шешімді сөзін айтты.
— Қай жұмыста болмасын, ең алдымен есеп, талдау, сосын бақылау жүзеге асуы тиіс. Бізде осы жетіспейді. Аталған үш қағидатты күнделікті іске асырып отырсақ, ең алдымен бюджетіміз нығаяды, шаруамыз түзу жолға түседі, — деді баяндамашы.
— Облыс орталығы ретінде Ақтөбе қаласының жан-жақты дамуы жалпы экономикамызға серпін берері сөзсіз. Оның үстінде Ақтөбе агломерациясы ауқымында көптеген шаруалар атқарылуы тиіс. Сондықтан қаламызды көркейтуге, өңірде атқарылатын игілікті істерге үлес қосу — бәріміздің парызымыз,— деп атап көрсетті Бердібек Машбекұлы.
Есепті жиын қорытындысында облыс басшысы тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарға қатысты мәселелер қаралып, жауап қайтарылатындығын айтты. Сонымен бірге ұзақ мерзімді, мейлінше көкейкесті бағыттар бойынша шаралар жоспары жасалып, олардың жүзеге асырылуы бақылауда ұсталатындығы көпшілікке жеткізілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әкімге қойылған сұрақтар

 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есептен кейін «Қоныс» спорт кешеніне арнайы келген халықтың сауалдарына жауап берді. Жеке және қоғамдық мәселелерге байланысты 40-қа тарта сұрақ қойылып, аймақ басшысы оларға толымды жауаптар қайтарды. Кейбір мәселелерге байланысты тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің атына қойылған жалпы саны 139 жазбаша сұрақтың 25-і хаттарды қабылдау жәшіктеріне, 100-і әкімнің блогына, 14-і сайтқа келіп түскен.
Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылаған сөзінде есеп беру жиынына дайындық және шараны өткізу кезінде түскен сауалдардың барлығы қаралып, өтініш иелеріне жауап берілетінін атап өтті.
Жұртшылықтың мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік жайына назар аударатындығы байқалды. Бірінші болып сөз алған еңбек ардагері Есімқан Есенбаев осы мәселені қозғады.
Әкім бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, ең кемі 29 нысан салу жоспарланып отыр, оның ішінде 10 балабақша бар. Мұндай жұмыстар тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда да жүргізілуі тиіс. Инвесторларға жер беріледі, инфрақұрылым жасақталады. Заңға сәйкес салық бойынша жеңілдіктер беріледі. Кемі 10 миллион доллар қаржы салған инвестор салықтың 4 түрінен 10 жыл мерзімге босатылады және оның шығындарының 30 пайызы кері қайтарылады.
Ақтөбе қаласындағы 25 қабатты үйдің тұрғындары бұл ғимараттың тапсырылуын 7 жыл күткен. 2013 жылы «Лашын инвест холдинг» атты құрылыс компаниясы үйді біраз олқылықтарымен тапсырыпты. Бұл олқылықтар әлі жойылмай отыр. Тұрғындар әлі күнге дейін кондоминиум құра алмауда.
Бұл жайға қатысты облыс әкімі өзінің орынбасары мен қала әкіміне нақты тапсырма берді.
Байғанин өңірінің тұрғындарын мазалайтын жол жайы туралы еңбек ардагері Бердіхан Кемешов айтты. Бұған қатысты шаруа биыл Байғанин мен Шұбарқұдықтың арасындағы 59-шақырымнан басталады. Жоба Азия Даму банкі арқылы қаржыландырылады.
Құрашасай селосында 2014 жылы жаңа мектеп құрылысы салынып, қолданысқа берілді. Ал ауыл ортасындағы ескі мектеп ғимараты қаңырап бос тұр. Сол ғимаратты ауылдағы кәсіп бастағысы келетін жастарға берсе екен деген тілекке оң жауап қайтарылды.
Кездесу барысында қаланың Оңтүстік-батыс-2 ауылындағы №20 бағыттағы автобус жүретін жолдың 400 метрі асфальтталғанымен, тротуар қаралмағаны, автобус, көліктер адамдармен бірге жүретіні айтылды.
Қалада биыл 17 көшеге асфальт төселеді. Олардың ішінде қаладағы, сондай-ақ қала маңындағы елді мекендер де бар. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Кейбір жолдардың шұңқыр жерлері тегістеліп, ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Мұның барлығы қаржыға тіреледі. Алдағы 3-5 жылда Ақтөбенің барлық жолына асфальт төселеді.
Ақтөбенің Махамбетов аумағы деп аталатын бөлігінің тұрғындары — 170 шақты үй иелері өз проблемаларын білдірді. Жерге қатысты бұл мәселе тексерілетін болды.
Облыс басшысына зейнеткерлердің де денешынықтырумен айналысқысы келетіні туралы ұсыныс түсті. Бірақ олар үшін баратын жерлері жоқ немесе ақылы. «Денешынықтырумен, фитнеспен айналыссақ, біздің соңымыздан жастар ерер еді» деген зейнеткер Ақсәуле Қажымұратованың сөзін облыс әкімі қолдады.
«Өте жақсы, өмірлік маңызы бар сұрақ. Мемлекет басшысы алдымызға ең алдымен қарттарға, ардагерлерге, соның ішінде зейнеткерлерге жағдай жасау міндетін қойды. Сондықтан бізде ең алдымен жастарға емес, үлкен кісілерге жақсы жағдай жасалады, содан кейін ғана барып жастардың қамы.
Спорт залдары, спорт алаңдары қажет дегеніңіз дұрыс. Менің орынбасарларыма, жауапты басқарма басшыларына бұл туралы нақты тапсырмалар беремін» — деді.
Кеңес Нокин селосының Жылыжай кешенінің тұрғындарын су мәселесі толғандырады. Бұл — Заречный 1, 2, 3-ауылдарына, Ақжар, Нокин ауылдарына, қала іргесіндегі басқа да елді мекендерге ортақ мәселе. Барлығы да билікке белгілі жайттар. Бірақ бұл мәселелерді шешу қаржыға келіп тіреледі. «Мүмкіндіктерімізге қарай мәселелерді шешеміз. Ең алдымен сумен, жарықпен қамтамасыз ету мәселесі қаралады. Барлық мәселе біздің бақылауымызда», — деді әкім бұған қатысты.
Азық-түлік және дәрі-дәрмек бағаларын тұрақтандыру, реттеу мәселесіне байланысты жұмыстар жөнінде мынадай жауап қайтарылды.
— Бәсекелестік болса, баға да тұрақты болады. Өкінішке қарай, біз өзімізді азық-түлікпен 100 пайыз қамти алмай отырмыз. Бұл мәселеге қатысты тұрақтылық қорын аштық, апта сайын «Табыс» базарында осы қор тарапынан әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдері арзан бағамен сатылады. Екіншіден, міне, үшінші апта «Ақтөбеде жасалған» акциясын өткізіп жатырмыз. Акция аясында жергілікті тауар өндірушілер сауда орындарында өз тауарларын тиімді бағамен сатып жатыр. Үшіншіден, жақында ғана көрші облыстардың, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорданың өнім өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өткізілді. Онда кейбір азық-түлік өнімдері 50-60 пайыз арзан бағамен сатылды. Мысалы, күріш 220-230 теңге болса, жәрмеңкеде Қызылорданың күріші 150 теңгеден сатылды. Міне, біз көршілес облыстармен осындай жұмысты жалғастыруымыз керек, Ақтөбеде олардың өнімдерін әкеліп сататын сауда орталықтарының құрылысын жүргізуді ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ, көктемде аталған өңірлермен фьючерлік келісімшарттар жасасуды жолға қоймақпыз.
Қазақстан дәрі-дәрмекпен өзін 30 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр, қалғанының барлығы импорттық тауарлар. Сондықтан жақында біз дәрі-дәрмек жеткізетін «Фармация» компаниясының басшылығымен кездесіп, әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің бағасын өсірмеу туралы мәселені талқыладық. Алдағы уақытта бұл мәселе жалғасын табатын болады.
Байғанин ауданындағы Ноғайты елді мекені маңынан полигон ашу туралы әңгіме өрлеп тұр. Халықтың наразылығына қарамай, қалталылар әлімжеттік жасап, сол полигонды ашып жібере ме деген қауіп бар ел ішінде. Тұрғындардың пайымдауынша, ол жерге ешқандай полигон салуға мұқтаждық жоқ. Себебі, Жарлы ауылынан 5 шақырым жерде пайдаланусыз тұрған полигон бар.
«Полигон жөнінде айтқаныңыз дұрыс. Оны зерттейміз, шынымен елді мекенге жақын, халыққа зияны тиетін болса, оның үстіне дайын, пайдаланбай тұрған полигон болса, мәселені бір жағына шығарамыз» — деген жауап берілді.
Облыс әкіміне жер телімін алу, елді мекендерге газ жүргізу, автобус қатынастарын жүйеге келтіру сияқты жайттарды қамтитын сауалдар қойылды.
«Емшан» компаниясының жұмысшысы Қасымбек Қалибаев өздеріндегі еңбек бағаланудағы сәйкессіздіктер туралы айтты. Осыған байланысты облыс әкімі еңбек инспекциясы басшысына берді.

Әзірлегендер: Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Қуат МҰХТАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button