АуылБасты жаңалықтар

Ақтөбеде «Ауыл кәсіпкерлігі» жобасы жүзеге асырыла бастады

АктобедеҚарғалы ауданының тұрғыны Сәрсен Асылжаров — «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы бойынша несие алған алғашқы кәсіпкер.

Несие алуға немқұрайлылық бар

Соңғы жылдары кәсіп ашып, іс бастаймын дегендерге, оның ішінде тұралап қалған жұмысты қайта жандандыруды қолға алушыларға мемлекеттік бағдарламалардың арқасында төмен пайыздық үстемеақымен несие беріліп, қолдау көрсетіліп келеді. Соның айқын бір көрінісі — биылдан бастап өңірімізде пилоттық жоба — «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып қолға алынған бұл бағдарлама арқылы ауыл кәсіпкерлерінің ісін жандандыруға 900 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Бұл — облыс әкімдігі мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы үш жақты меморандумның нәтижесінде жүзеге асырылған жоба. Бұл бағдарламаның негізгі операторы — «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы. Биыл 1 ақпаннан бастап кәсіпкерлік субъектісі мәртебесіне ие шаруашылық иелеріне қор тарапынан несие беру жұмыстары басталды.
— Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қор тарапынан бөлінген 300 миллион теңгені игеру жұмыстары 1 ақпаннан басталды. Енді облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы тарапынан бұл мақсатқа берілуі тиіс 600 миллион теңге наурыз айында түседі деп жоспарлап отырмыз. Бағдарламаға кәсіпкер мәртебесі бар тұлғалар ғана қатыса алады. Егер бизнес бастаушылар болса, оларға 5 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Ал кәсібін кеңейту мақсатында қарыз алушыларға 8 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 17 миллион теңгеге дейін несие беріледі. «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасына қатысушыларға несие 5 жылға дейін 6 пайыз үстемеақымен беріледі. Бір ескеретін жайт — бұл бағдарлама арқылы сауда саласынан басқа бизнестің барлық түріне несие беру қарастырылған, — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.
Қор директорының айтуынша, осы бағдарламаның шеңберінде биыл 150-ге тарта кәсіпкерге қаржылай көмек берілмек. Бүгіннің өзінде аталған бағдарлама аясында
22 адамнан түскен құны 109 миллион теңгенің жобасы бойынша құжат қабылданыпты. Соның ішінде 15 жоба 57,6 миллион теңгеге мақұлданса, тоғыз адам 36 миллион теңгеге несие рәсімдеп үлгеріпті. Сонымен қатар, бұл бағдарламаны жүзеге асыру аясында мақұлданған 12 ірі жобаның құжаты орталық аппараттың қарауына, ал 7 жоба бойынша құжат халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеуге жөнелтіліпті. Сондай-ақ, қазір 30 адам жалпы сомасы 139 миллион теңгеге бағаланған жобаны жүзеге асыру негізінде құжат жинақтап жатыр.
Гүлжанат Ерғазина жаңа бағдарламаға қатысуға белсенділік танытып отырған аймақтардың қатарында Ақтөбе қаласының селолық округтері мен Алға ауданының тұрғындарын ерекше атады. Бүгінде Ақтөбе қаласынан жалпы құны 19 миллион теңгеге бағаланған 2 жоба ұсынылса, Алға ауданы бойынша 13 миллион теңгеге 4 жобаны қаржыландыруға тапсырыс түскен. Қарғалы ауданы бойынша — 4, Мәртөк ауданы бойынша 2 жоба мақұлданыпты. Бұлардың қатарын Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Хромтау аудандарынан жалпы сомасы 40 миллион теңгеге бағаланған жобалар толықтырады. Ал жаңа бағдарлама арқылы мүмкіндікті пайдаланбай отырған өңірлердің қатарында Темір, Ойыл, Шалқар аудандары тұр. Өйткені, аталған өңірлерден әзірге ешқандай тапсырыс түспепті.

Жалдамалы жер, жеті жұмыс орны

Сәрсен Асылжаров — аймақта «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы бойынша несие алған алғашқы кәсіпкер. Бастапқыда ол несие алу үшін екінші деңгейлі банктерге барады. Пайыздық үстемеақысы жоғары банк талабы оның кәсіпкерлік ісін кеңейтудегі көңілін су сепкендей басады. Екінші қайтара қаржы институттарының табалдырығын аттамастай болып кеткен кәсіпкер әлдекімдерден қор арқылы жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба туралы хабарды естиді. Сөйтіп, операторлардан кеңес алып, несие рәсімдеуге бел байлайды. Бір аптаның ішінде Сәрсеннің есепшотына 5 миллион теңге аударылады.
— Қазір әлемдік дағдарысты алға тартып, қол қусырып отыруға болмайды. Дағдарыстың өзі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, кім-кімді де тығырықтан шығуға әрекеттендіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдауларды ұтымды пайдаланып, іске асыра білу керек. Бастапқыда менің өзім мұндай мүмкіндікке қол жеткізетініме күмәнмен қарағаным рас. Дегенмен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалындағы операторлардың ұғынықты тілде кеңес беруінің арқасында ісімді кеңейтуге жол аштым. Несие рәсімдеп, қомақты қаражатқа қол жеткіздім. Қазір алдағы маусымға дайындық жұмыстарын бастап кеттім, — дейді Сәрсен Асылжаров.
Былтыр жергілікті билік тарапынан Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Асылжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелігіне 110 гектар жер 49 жылға жалға берілген еді. Серіктестік басшысы Сәрсен Асылжаров Қарғалы өзені маңына жақын орналасқан жердің қырық жылдан бері игерілмегенін, мұны картоп және көкөніс өнімдерін егу мақсатында пайдаланатынын айтты. Ол биыл 20 гектар аумаққа картоп, қалған бөлігіне жүгері егуді көздеп отыр. «Биылға картоп егумен шектелемін. Өнімнің шығымын байқаймын. Егер өнім көлемі жоғары болса, келер жылдан бастап бұл жерге сәбіз, қызылша, қияр, пияз секілді көкөністің сан түрі егіледі. Қарағандының «Астра-Агро» ауыл шаруашылығы кәсіпорнынан несие қаражатына 45 тонна тұқым алып, оны қазір қоймада сақтап отырмын. Ол жақтағылар тұқымның бір тоннасын 130 мың теңгеге бағалады», — дейді кәсіпкер.
Суармалы егіспен айналысуға бел шешкен кәсіпкердің иелігінде Чехословакиядан 2,5 миллион теңгеге алған соңғы үлгідегі техникасы бар. Дегенмен егіс суаратын барабан типті техниканы пайдалану үшін талапқа сай жол керек. Қазір Сәрсен Қарғалы өзені мен егіс алқабының арасындағы жолды жөндеуге кіріскен. Себебі заманауи техниканы іске асыруда жерасты құбыры арқылы тартылған суды пайдалану керек. «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы бойынша несиені үш жылға 6 пайызбен алдым. Оның бір жылы біз үшін демалыс кезеңі ретінде берілді. Биыл жобамен 600-700 тонна картоп алуды жоспарлап отырмын. Өнім ойымдағыдай шықса, бірінші кезекте несиені өтейтін боламын. Өйткені жаңа бағдарламаға екінші қайтара қатыссаң, 17 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігіне ие боласың. Бұл бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы — осы, — дейді С.Асылжаров.
Кәсіпкердің алға қойған жоспары көп. Соның бірі — балық шаруашылығын дамыту. Биылдың өзінде ол ауылдағы 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
P.S. Кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын пилоттық жобаға бүгінде Маңғыстау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары тарапынан қызығушылық бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Касипкерликти бастайтындарга бес Милион дегени жалган мен торт милиондык баспанамды кепилге койып бар болгары еки милионга дейин несие алалады екенмин .реки милионга касип бастау мумкин емес 3-3,5 милион тенге несие берсе бастауга болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button