Басты жаңалықтар

Кібісе. Қандай жыл?

 

 

Қолданыстағы күнтізбе бойынша биылғы 2016 жыл кібісе боп есептеледі. Бұл — осы жылдағы тәулік саны жылдағыдан бір күнге артық деген сөз. Халық арасында төрт жылда бір келетін кібісе жылы турасында әртүрлі пікір айтылады. Кібісе дегеніміз не? Қайдан шыққан? Ол қандай жыл? Әлқисса…
Кібісенің не екенін білу үшін әуелі күн сайын қолданып жүрген қазіргі күнтізбенің тарихына зер салайық. Кібісе жыл туралы түсінік алғаш ежелгі Египетте пайда болыпты. Мысыр санақшылары әр таңның атуын есептеп жүріп, бір жылда 365 тәулік барын анықтайды. Сонымен бірге, төрт жылда бір рет тәулік санының көп болатындығын да мысырлықтар дәлелдеген. Кейіннен астрономдар да бұл зерттеулерді нақты ғылыми тұжырымдармен дәлелдеді. Бұл туралы бізге Ақтөбе облыстық планетарий қызметкері Сағымбай Өтениязов айтып берді:
— Аспанның көк күмбезінде Күннің көрінерлік жолын «эклиптика» деп атайды, осы жолдың бойында бізге көрінетін шоқжұлдыздар бар, оларды «жануарлар- зодиакалдық белдеу» шоқжұлдыздары дейді. Күн соларды басып өтіп келгенде тәуліктің түн мен күндізгі мезгілдері теңесіп 12 сағаттан болады, осы нүктеге Күн келгенде «жазғытұрғы күн теңелу нүктесі» дейді. Бұл нүктені γ (гамма) деп оқығанмен, ол латын не грек әліпбиіндегі әріп емес. Ол біздер «Тоқты — Овен» дейтін шоқжұлдыздың шартты белгісі. Осы жазғытұрғы күн теңелу нүктесі біздің дәуіріміздің басында Тоқты шоқжұлдызында болғанмен, қазіргі кезде бұл «Балықтар» шоқжұлдызында орналасқан. Сөйтіп, ерте кезде «жыл» дейтін уақыт мезгілі, яғни Күн аспан күмбезінде толық бір айналып шығуы үшін 365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд уақыт болады екен. Біз үш жылды 365 тәулік деп, төртінші жылда есептелінбей қалған уақыттарды (5 сағ. 48 мин. 46 сек. *4≈24 сағ=1 тәулік) қосып, жаңа жылдың алдындағы ақпан айының 29-тәулігі дейміз. Сонымен, биылғы қыс мезгілінің соңғы айы — ақпан 29 тәулікпен аяқталып, 366 тәуліктен тұратын 2016 жыл — кібісе жылға жатады.
Планетарий қызметкері аспан денелері туралы әңгімені қызықтырып айтады. Оның айтуынша, аспанда 13 шоқжұлдыз бар, яғни бір жылда 13 ай болуы керек. Күн өз жолында сол шоқжұлдыздарды басып өтеді.
Батыс Еуропа халықтары 13 санын қырсықтық саны («шайтан дюжинасы») деп, қалаларында үйлер, қонақүйлердің бөлмелері 13 санымен белгіленбейді және де кез келген айдың 13 датасында туған балалардың куәлігіне 14 күні көрсетіледі. Сол сияқты, астрономиялық эклиптикадағы «Жыланбөктерген» шоқжұлдызы ескерілмей, Күн 12 шоқжұлдызды басып өтеді де жылдың әр айына 30 және 31 тәуліктен деп бөлінген. Рим императорлары Юлий — июль айын 31 тәуліктік, Аугуст — аугустус айын 31 тәулік, Октавиан — октобер айын 31 тәулік деп өз аттарымен аталатын айларға бір-бір тәуліктен қосып алып, ақпан айын 28 тәулік етті. Сөйтіп, қазіргі календарьдың негізін құрастырып, бір жылдағы айларға тәуліктер біркелкі бөлінбеді.

Жылдың жаманы болмайды

Халық арасында кібісе (високос) жылы туралы теріс пікірлер бар. Тіпті, қазір де осы жылдан үрейленіп, сақтанатындар табылады. Кейбірі кібісе жылында апат көп болады деп сендіретінін қайтерсің. Бұндай түсініктің болуын кейбіреулер 1812 жылғы Наполеонның Ресейге қанды жорығымен байланыстырады. Алайда, тарих беттерінде кібісе жылы соншалықты апатты жыл ретінде сақталмаған.
Мысалы, кейбір көріпкелдер осыдан төрт жыл бұрын адамзаттың соңғы жылы деп болжағаны әлі есімізде. «Майя күнтізбесі 2012 жылдың 21 желтоқсанымен аяқталады», «ақырзаман болады екен» деп, үрей туғызғаны белгілі. Ертеңіне ұйқыдан аман тұрған халық бұндай үрейлі әңгімелердің бос сөз екеніне көздері жетті. Десек те, соңы 9 санымен аяқталатын күні жолға шықпайтын адамдар да кездеседі. Тіпті кейбірі кібісе жылында шаңырақ көтеруге болмайды дейді. Осы жолдардың авторы «ақырзаман болады» делінген 2012 жылдың 21 желтоқсанында ұзатылды. Тойға келгендердің «Ақырзаман деген күніңнің өзі осындай болсын!» деген тілектері әлі есімде.
Кібісе жылында жаңа құрылыс бастауға болмайды. Бұл да бекер сөз. Тарихты парақтасақ, 1886 жылы — кібісе жылында Парижде өткен жалпыфранцуздық сәулет және инженерлік жобалар байқауына Эйфель мұнарасын салу жобасы ұсынылыпты.
Ал кібісе жылында құрсақ көтеруге немесе нәрестені дүниеге әкелуге болмайды деген біртүрлі түсініктің де қисыны жоқ. Бір ғана мысал, кібісе жылы, 1952 жылы 29 ақпан күні әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев өмірге келді емес пе?! Ол қазақтың халық әндері, Мұхиттың, Ғарифолла Құрманғалиевтің кең тынысты қажет ететін әндерімен қатар, терең философиялық мән-мағынаға толы өткен ғасырлардың Бұхар, Базар, Қашаған секілді көптеген жыраулардың терме-жырларын, халық композиторларының әндерін шебер орындайды.
Дәйегі жоқ тыйымдар мен болжамдарға сенсеңіз, кібісе жылын жек көріп, үнемі үреймен жүруіңіз мүмкін. Алайда, бәрі — керісінше. Ең әуелі, ақпандағы артық бір күннің ел экономикасына берері мол. Елімізде бір күнде шамамен 258,6 мың тонна көмір, 184,8 мың тонна мұнай және газ конденсаты, 80,1 миллион текше метр табиғи газ өндіріледі. Сол сияқты 61,9 мың тонна темір, 85,2 мың тонна мыс кендері, 13,5 мың тонна боксит шығарылып, 23,4 мың тонна қорғасын-мырыш, 30 мың тоннадан астам құрамында алтыны бар кен өндіріледі екен. Бұл — еліміздегі ірі кен орындарындағы есеп қана. Ал басқа да ірілі-ұсақты кәсіп¬орындар қаншама!
Қысқасы, жылдың немесе күннің жаманы болмайды. Римдіктерше високос жылы, ана тілімізде кібісе жыл тіршілікке жайлы, игілікті оқиғаларға толы жыл болсын!

Тоғызыншы туған күн

Хромтау қаласының тұрғыны Азамат Мусин — 29 ақпанда дүниеге келгендердің бірі. Ол кібісе жылда, 1980 жылы дүниеге келді. Азамат — Алдияр мен Күләннің төрт баласының бірі. Қазір тау-кен құтқарушысы болып қызмет етеді. Ләззат есімді келіншегі бар.
— 29 ақпан күні туғандықтан туған күнімді төрт жыл сайын бір рет атап өтемін. Биыл күнтізбеге сәйкес келетінін есептесек, тоғызыншы туған күнімді тойлайды екенмін. Құрдастарым 36 жасқа толып жатыр, — дейді өзі күліп. — Кейбіреулер 9, 19, 29 күні жолға шығуға болмайды деп жатады. Өз басым осы високос жылына қатысты ырымдарды елемеймін. Меніңше, адам бұзық ниетімен жамандық шақырады. Менде бәрі өмірдің ағысымен болып жатады. Шынымды айтсам, бұған мен аса мән бермейді екенмін.

«29 санын жақсы көремін»

29 ақпанда дүниеге келгендердің бірі — Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының психологі Жанна Тәжібаева.
— Анамның айтуынша, мен кібіседе, 1984 жылы 29 ақпанда Ойыл ауданы Саралжын ауылында нағашы атамның ауылында дүниеге келіппін. Анам сол кезде нағашы атам ауырып қалып, төркініне барған ғой. Анам туған күнімді басқа күнге ауыстырғысы келіпті. Бірақ, босандырып алған акушер «баланың тағдыр санын өзгертуге болмайды» деп, менің туған күнімді туу туралы куәлікте 29 ақпан деп көрсетіпті. Алайда мен жыл сайын 29 ақпанды күтіп отырмаймын. Кейбіреулер 29 ақпан төрт жылда бір келетін болғасын, туған күндерін 1 наурызда тойлатып жатады. Ал мен ақпан айында туғандықтан, туған күнімді осы айдың 28-і күні атап өтемін, — дейді Жанна.
Қазір Жанна — сүйікті жар, аяулы ана. Ол 29 санын жақсы көреді. Өзі туғандықтан ғана емес, тағы бір себеп бар: 2012 жылы — кібісе жылдың 29 қыркүйегінде ұлы Жандәулет дүниеге келді. «Кібісе жылдан жұрт үрейленіп жатады. Алайда, ерекше жылдан қорқудың еш реті жоқ. Нумерология ғылымында адамның туған күні тағдырына әсер етеді делінеді. Соншалықты ырымшыл болмасам да, туған күнімді төлқұжат алғанда да өзгертпегеніме қарағанда, мен бұған сенетін болып тұрмын. Тағдыр саны деген түсінік жапон халқында да бар. Психолог болғасын ба, мен нумерология саласын қызыға оқимын», — дейді ол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button