Басты жаңалықтар

Облыс әкімі қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық қоғамдық кеңестің отырысына қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жасалған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, саяси партиялар, кәсіподақ өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Аталған кеңес облыстық мәслихаттың шешімі бойынша биыл 18 ақпанда құрылды. Оның құрамында қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Әлемдегі экономикалық жағдай тұрақсыз. Осындай жағдайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық саладағы көрсеткіштердің төмендемеуіне, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір облыстағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Халықтың тұрмысы жаман емес. Мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындап отыр.
Әлемдік дағдарыс өндіріс саласына салқынын тигізбей қоймады. 2014 жылмен салыстырғанда өткен жылы облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі төмендеді — 95,6%. Бұған 2014 жылы өңірде үш ірі зауыт салынғаны, осы кәсіпорындарға 1 млрд доллардан астам қаржы бөлінгендігі, бұл деректің 2014 жылдың есебіне жазылғаны да себеп болып отыр.
Жұмыспен қамту мәселесіне де мән беріліп отыр. Өткен жылы 20,9 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,8 пайыз болды. Бұл — республикалық көрсеткіштен төмен.
— Жұмыссыздықты болдырмау — Елбасының ең негізгі тапсырмаларының бірі. Мен аудандарды, елді мекендерді аралап, халықтың жағдайымен таныстым. Мекемелерде, компанияларда кездесулер өткіздік. Ірі кәсіпорындар әлемдік дағдарыс жағдайында өнім көлемін төмендетпеуге, жұмыссыздықты болдырмауға, жұмысшыларға жалақыны уақытында беруге бар күшті салуы керек. Бұған қоса Мемлекет басшысы қосымша қаржы көздерін қарастыру қажеттігін де алдымызға міндет етіп қойды. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді аймақ басшысы.
Қоғамдық кеңес алдындағы есебінде облыс әкімі Б.Сапарбаев жол-көлік, кәсіпкерлік, денсаулық, білім мен мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық салаларында өткен жылы жасалған және алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жөнінде айтты. Мысалы, Индустриялық картаға біздің өңір бойынша құны 800,1 млрд болатын 91 жоба енгізілді, оның 71-і жүзеге асырылды. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Биыл 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында қытайлық инвесторлармен бірге қолға алынатын цемент зауытының құрылысы, калий тыңайтқыштары өндірісі, «Үй құрылысы комбинаты» серіктестігінің жылына 50 мың шаршы метр қуаты бар үй құрылысы комбинаты сынды бірнеше жоба бар. Экономиканы дамытудың көзі — оған инвестиция салу. Бұл бағытта да бірқатар жұмыс атқарылды. Өткен жылы ұйымдастырылған «Ақтөбеинвест-2015» форумы аясында инвестиция тарту жөнінде бірқатар компаниялармен келісімдерге, меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында да өңірде біраз жоба қолға алынды. Білім, мәдениет, спорт, денсаулық салаларында инвесторлардың көмегімен біраз жаңа нысан салынбақ. Мәселен, түрік инвесторлар Ақтөбеде жаңа жедел жәрдем бекеті құрылысын қолға алмақ. Түріктің «Hemogens Health Care» компаниясы алдағы 8 жылда өңірдің медицина саласына 5,5 млрд теңге инвестиция салмақ, оның 3,5 миллиард теңгесі биыл игеріледі. Сондай-ақ, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында офтальмологиялық клиника құрылысы жүргізіледі. Облыс орталығында жаңадан салынатын хоккей корты, жекпе-жек орталығы, оқушылар сарайы, шығармашылық үйі, музей құрылыстарының жүргізілуіне де жеке сектор барынша қолдау көрсетпек. Облыс әкімі аудандарды аралау барысында әлі күнге дейін от жағатын мектептердің бар екендігін, білім саласының материалдық базасының көңіл көншітпейтінін, әлі де болса, апатты жағдайдағы мектептердің бар екендігін алға тартты. Биыл апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешу, балабақшалардағы орын жетіспеушілігін азайту бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бұл бағытта да мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында істер атқарылады. Білім саласымен салыстырғанда денсаулық сақтау саласының материалдық базасы жақсырақ. Облыста 5 елді мекенде медициналық бекет жоқ. Бұл мәселе жыл аяғына дейін шешілмек. Аймақ басшысының айтуынша, Ақтөбеде еліміздің тұтас батыс өңірі үшін медициналық кластер құрылмақ.
Өңірде мәдени шаралар өте аз өткізіледі. Аймақ басшысының айтуынша, ай сайын кемінде бір рет өңірлік, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі шаралар өткізілуі тиіс. Бұл халықтың көңіл күйіне әсер етеді. 12 ауданның тек 3-еуінде ғана спорт кешені бар екен. 2-3 жылда әр аудан орталығында осындай кешендер салу керектігі айтылды. Спортшыларға қолдау қажет, аймақ басшысының айтуынша, ең мықты деген бапкерлер сыртқа кетіп қалған, солармен жұмыс жасау керек.
Жиында басқа да мәселелер айтылды.
Аймақ басшысы Б.Сапарбаев өңірде атқарылатын барлық істерде қоғамдық ұйымдардың билік пен халық арасындағы көпір ролін атқаратынын айтты. «Сондықтан жасап жатқан жұмысымыз жемісті болуы үшін билік пен азаматтық сектор бірігіп әрекет етуі керек», — деді аймақ басшысы.
Қазір өңірде тұрақты жұмыс істеп тұрған 108 үкіметтік емес ұйым бар. Өткен жылы ҮЕБ-ге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша республикалық және жергілікті қазынадан 125 млн теңге қаражат бөлінген. Облыста сондай-ақ, 6 партия, 60-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді.
Жиын барысында кеңес мүшелері көшелерді тазарту, жастар үйін салу, балалар алаңдарын салу, ауылдарға газ тарту мәселелеріне қатысты өз ойларын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button