Басты жаңалықтар

«Мәселелер ашық айтылса ғана шешімін табады»

Облыс басшысы аудан тұрғындарымен кездесулер барысында осылай деді

Биылғы қыста Мәртөк өңіріне қар біршама қалың түсті. Бұл жай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өткен сенбі күні ауданды аралаған сәтінде ерекше көзге шалынды. Әсіресе, Родниковка селосының көшелерінде жал-жал болып үйілген қалың қар арасынан түскен дәліздердің биіктігі адам бойымен бірдей. Ауылды жаяу жүріп аралаған әкім осындағы серіктестіктің жұмыс жайымен танысты.
Ауыл жұртшылығымен жүздесу барысында тұрғындар үшін бірнеше басты проблемалар талқыланды. Соның ең бастысы — ауызсу. «Бұл мәселені шешуге қаржы бөлеміз, қазіргі жасақталған құжаты тым қымбат, сондықтан оны қайта қарап, жылдың аяғына дейін сапалы ауызсуға қол жеткізесіздер», — деді Бердібек Машбекұлы.
Елбасының тапсырмасымен 2017 жылы елімізде апатты жағдайдағы, сондай-ақ үш ауысымды мектептер проблемасы толық шешілуі керектігін айтқан облыс басшысы ауыл мектебінің қазіргі ахуалы мүлдем сын көтермейтіндігіне көз жеткізді.
Облыс орталығынан қырық шақырым қашықтықтағы ауылда клуб жоқтығы сын тезіне алынды. Бұл мәселе де жедел түрде шешімін табатын болды.
Ауылда қазіргі уақытта 14 шағын қожалық жұмыс істейді. Олардың тіршілігі сол шаруа басындағы жекелеген адамдар үшін пайдалы болғанымен, ауқымды несие алуда, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуда дәрменсіз. Сондықтан олардың бірігуі, күш қосуы тиімді екендігі айтылды.
Родниковкадағы ауыл дүкенінде наубайханадан жаңа шыққан нан сатылады екен. Жергілікті өнімнен дайындалғандықтан оны алу қолжетімді болғанымен, күріш, күнбағыс майының бағасы едәуір қымбат.
— Ауданда мектептердің, бірқатар әлеуметтік нысандардың проблемалары бар екенін көріп тұрмын. Олардың кейбіреулері бұрыннан орын алған. Өкінішке қарай, жергілікті билік орындары мұны айтпай келген. Қазақта «Ауруын жасырған — өледі» деген сөз бар. Мәселен, Родниковадағы мектептің төбесі жарылып тұр, бір бөлегі қауіпті болғандықтан пайдаланылмай тұр. Бұл адам өміріне қауіпті емес пе? Сондықтан қандайда мәселе болмасын, ашық айтуымыз керек, сонда ғана ол жария түрде шешімін табады, — деді облыс басшысы сапар қорытындысында.
Ауылдардың проблемалары бір-біріне ұқсас. Мәселен, ауылдың маңын жеке қожалықтар иеленіп, құжаттарын заңдастырып алғандықтан жайылымдықтар тарылып қалған. Жекелер малын жаю үшін бірнеше шақырымға ұзап кетуге мәжбүр. Мәселен, ауыл тұрғыны Тынбай Ерматов осы жайды қаншалықты жанайқайы шығып айтқанымен, әкімнің сабырмен берген кеңесі оны тоқтатқандай болды. «Ауылдық жерде мал бағудың ежелден қалыптасқан ережесі бар. Мәселен, ол кезекпен бағылуы мүмкін немесе бақташы болады. Ол сіздің малыңызды таңертең айдап алып кетеді, кешкісін айдап әкеледі. Ал сіз жеке қожалықтың жерін пайдаланғыңыз келеді. Бұның бәрі заң аясында қаралуы тиіс», — деді облыс басшысы.
Кеңсахарадағы «Рад Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бағымында 300-ден астам ірі қара бағылуда. Жылы қораларда мал төлдеп, бұзаулардың үні естіледі. Серіктестік басшысы қазіргі уақытта әр сиырдан күніне 3-4 литрден сүт сауылып отырғанын баяндады. Бұған байланысты облыс әкімі сын айтты.
— Неге сүт өнімділігі соншалықты аз? — деді ол. — Сіздердің сиырларыңыз сонда ешкі болып кеткен бе?
Бұған байланысты шаруа басшысы өндіріп жауап бере алмады. Осы ауыл тұрғындарымен кездесу барысында әкім елдегілердің қалаға көп алаңдамай, бәрін өздері өндіруге мүмкіндіктері бар екенін айтты.
Мәртөк жерінің өзге өңірлерге қарағанда құнарлылығы, көптеген елді мекендердің үлкен жол бойында орналасқандығы тұрғындардың қандайда шаруасын оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Мұнымен шектеліп қалмай, суармалы жерлерді ұлғайтып, көкөніс өсіріп, әрбір үйдің ауласындағы мал басын көбейту қажет.
Ауылдағы азаматтардың бойында әлі де масылдық пиғылдары байқалады. Олар қарт әке-шешелерінің зейнетақыларына, әйелдерінің жалақасына сүйеніп, бос жүруді, еңбектен жалтаруды дағдыға айналдырған. Бұған көпшілік болып тосқауыл қою, еңбекке жұмылдыру қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында көптеген отбасыларының өз мүмкіндіктері бола тұра, үйлерінен нан пісірмейтіні, дүкеннен сатып ала салуды дұрыс көретіні әңгіме өзегіне айналды.
«Ауылда тұрған соң әрбір адам еңбекпен айналысып, егін салуы, мал бағуы тиіс. Сонымен қатар, оның өнімдерін өңдеп, игілігін көргені жөн. Ең бастысы, ауылдық жерде дағдарыс болмайды. Яғни, дағдарыстың ауылға қатысы жоқ», — деп елдегілерді жігерлендірген облыс басшысы биылғы қаңтар айында жарияланған «Кооперция туралы» Заңға сәйкес бірігіп еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын өркендетуге бағытталған, жеке кәсіпкерлерге қолдау жасайтын мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануды ұсынды.
Саржансай ауылындағы орта мектеп те күрделі жөндеуді күтеді. Осындағы мектеп директоры Айбек Өтепбергенов білім беру сапасы, мұғалімдер құрамы, ата-аналармен байланыс, сондай-ақ мектеп түлектерінің ұшқан ұяларына қамқорлықтары туралы кеңінен баяндап берді.
Қарақалпақ жерінен осы ауылға қоныс аударған Әділбай Сақиев өзінің құжаттарын рәсімдеуде қиындықтарға кезігіп жүргенін айтты. Облыс басшысы мәселені заңды түрде жедел шешу жөнінде тиісті орындарға сол арада тапсырма берді.
Саржансайлықтардың біразы жолдың арғы бетінде орналасқан «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді. Олардың тұрақты табыстар да бар. Алайда әкім сонымен шектеліп қалмай, ауылда басқа да жұмыс түрлерін өрістетуге шақырды.
Қаратоғай селосындағы кездесу де көп жайдың басын ашып берді. Ауыл тұрғындары Ақтөбеге қарай тура шығатын жол бойындағы көпірді дұрыстауға көмектесуді сұрады. Қазіргі жағдайда қаратоғайлықтар көп ретте Мәртөк арқылы айналып жүріп, уақыттан біраз ұтылады екен. Көпірдің ахуалын көзімен көрген әкім бұл жайды зерттеп, оң шешімін алуға тиісті орындарға тапсырма беретіндігін айтты.
Бүгінгі уақыт бойкүйездікті көтермейді. Әрбір тұрғын белсенділік танытуы тиіс. Әсіресе, алдағы келе жатқан сайлауда әр азаматтың өз ұстанымдарын білдіруі маңызды. Ол еліміздің ілгері дамуына, қоғамның жандануына әсерін тигізеді.
«Бәріңіз де сол күні сайлау учаскелерінен табылуларыңыз керек. Ең бастысы — осы. Ал кімді қолдайсыздар, қай партияға дауыс бересіздер, ол өздеріңіздің еріктеріңіз. Маңыздысы — мемлекетіміз үшін, әрқайсысымыз үшін орта істе селқостық білдірмеу», — деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button