Жаңалықтар

Үшінші сынақтан үздік өтті

Өткен жексенбіде облыстық Достық үйінде Ақтөбе қаласындағы, облыстағы шығармашылық ұжымдар үшін маңызды оқиға болды. 60-қа жуық өнер ұжымдары халықтық атағына лайықтылығы жөнінде сынақтан өтті.
Олардың ішінде кәрістің «Чхинсон» халықтық би ансамблі де болды. Бұл ұжым мұндай сынақтан үшінші рет мүдірмей өтті. Ансамбльдің ересектер тобы «Сетарен», бөбектер тобы «Танец с цветами» атты екі биді орындады. Астанадан келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері жөніндегі департаменті директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов төрағалық еткен қазылар алқасы ансамбльдің өнеріне жоғары баға берді. Ансамбльдің кіші тобының хореографы Әсел Жетенова сахнаға бүлдіршіндер соншалықты жүрексініп шықса да, биді шебер келістіріп орындағанына риза. «Чхинсон» ансамблінің көркемдік жетекшісі Галина Леонидовна:
— Біздің ұжым халықтық атағын үшінші рет лайықты қорғап шыққанына қуаныштымыз, алдағы уақытта балғын бишілердің шеберліктерін шыңдап, репертуарымызды кәрістің ғана емес, басқа да халықтардың биімен байыта береміз. Көздің жауын алатындай кәрістің ұлттық киімдерін Оңтүстік Кореядан келген еріктілер Симон мен Сара сыйға тартқан болатын, оларға рақмет, киімдер балалардың үстіне қона кетті. Балғын бишілерімізді БАҚ арқылы насихаттау да олардың құлшынын арттырады, — дейді.
Сынақтың толық есебі газетіміздің алдағы номерлерінің бірінде жарияланады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button