Жаңалықтар

Жауыр болған мәселелер тағы алдан шықты

Әкімдер есебі

Нақты деректер, биік көрсеткіштер

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын алдын ала жоспарланған халық алдындағы жеті есеп беру жиналысының алғашқысын Благодар ауылдық округі тұрғындарымен кездесуден бастады. Округке қарасты 11 елді мекеннің өкілдері қатысқан кездесу жиналысы Ақтөбе ауылшаруашылық коледжінде болды.
Қала әкімі Ақтөбе қаласының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және үстіміздегі жылға арналған міндеттер туралы қысқаша хабарлама жасады. Өйткені қала басшысының баяндамасының тезистері облыстық басылымдарда алдын ала жарияланған еді. Оның үстіне жиынға қатысушыларға ол тасқа басқан күйінде таратылып берілді. Дегенмен Бекбол Сағын 450 мыңға таяу халқы бар қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі қадамдары қақында қала тұрғындарына бірқатар нақты деректер ұсынды. Өндірілген өнеркәсіптік өнімдер көлемі өткен жыл ішінде 265,4 млрд. теңгеге жеткен. Негізгі капиталдағы инвестициялар көлемі 114,3 млрд. теңге құрады. Орта бизнес субъектілерінің саны 40,9 мың бірілік болды. Бұл бағыттағы ілгерілеушілікті Благодар ауылдық округінің мысалынан да көруге болады. Өткен жылы мұнда 53 кәсіпкерлік субъектісі, 36 шаруа қожалығы, 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және бір өндірістік кооператив тіркелді.
Қала әкімінің мәлімдегеніндей, есепті кезеңде «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаланың 124 кәсіпорнына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, қала аумағында және оған қарасты елді мекендерде бәсекеге қабілетті және импортты аламастыратын тауар өндірісіне ықпал ету мақсатында тауар өндірушілер мен сауда кәсіпорындарының көрмелері, ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілді. Бұл жаһандық дағдарыс ықпалы жағдайында қаланың сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтылығын қалыпты сақтауға жәрдемдесті.
Есепті кезеңде қаланың ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің көлемі 14,8 млрд. теңгені құрады. Бүгінгі таңда қала аумағында 101 ауылшаруашылық құрылымы жұмыс жасайды. Тек Благодар ауылдық округінде мал шаруашылығымен 22 шаруа қожалығы айналысады. Бұдан басқа дәнді дақыл және көкөніс өсіретін 14 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы қаланың осындай шаруашылық құрылымдарының күшімен 1,4 мың тонна астық, 400 тонна майлы дақылдар және 53 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс жинап алынды. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы саласында өнімдердің артуымен бірге, малдың барлық түрлерінің өсімдері байқалады. Мұндай жетістіктер қаланың әр округінде бар. Ол жөнінде осы жиында қала әкімінен кейін есеп берген Благодар ауылдық округінің әкімі Бақұзақ Дарин де нақты деректер келтіріп айтты. Мәселен, тек осы округте 3,5 мыңның үстінде ірі қара, 1,5 мыңға жуық жылқы, 7,5 мыңға жуық қой-ешкі өсіріледі екен.
Қалада да, аталған округте де құрылыс жұмыстарының қарқыны сүйсіндіреді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қалада өткен жылы тұрғын үй құрылысы 14,5 пайызға артық салынды.
Әрине, қаланың жұмысы сан-салалы екені белгілі. Соның барлығын қамтып және жан-жақты талдап айта келіп, қала әкімі үстіміздегі жылы атқарылуға тиісті жұмыстар мен міндеттерге де тоқталды. Ауылдық округте де алға қойылып отырған мақсаттарды орындауда бірқатар қадамдар жасалып жатқаны белгілі болды. Әкімнің есебіне жиналған қала тұрғындары есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды қанағаттанғадық тұрғыда қабылдап, мақұлдағандай болды.

Сауалдан туған «сақалды» мәселелер

Алайда қала тұрғындарының сауалдарына жауап беруге кезек келгенде, әлі де көп мәселелерді ескеру қажеттігі, әсіресе, халыққа қызмет көрсету саласында көптеген кемшіліктердің орын алып отырғаны, бұрынғы жылдардан жалғасып келе жатқан «сақалды» мәселелердің шешім таппағаны көрініп қалды. Обалы не керек, залда сауал берушілерге қолайлы жағдай жасалып, бірнеше жерге микрофон қойылған екен. Округ тұрғындары бірінен соң бірі сөз алып, қала әкімі мен округ әкімін сағаттап сұрақтың астына алды. Қайсыбір сауалдарға жауап беруге келгенде жиынға арнайы шақырылған қаланың жолаушы тасымалдау, жарық пен сумен қамтамасыз ету мекемелерінің басшылары да мүдірді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жерде сөз болған көп мәселелер өзге түгілі, біздің өзімізге де бұрынғы жылдардан таныс еді. Мысалы, қашаннан айтылып жүрген осында Кеңес Нокин ауылында жыры бітпейтін Мәдениет үйі бар. Ол ғимаратты бір кезде жеке кәсіпкер сатып алған. Одан кейін оған ештеңе жасамаған, ашық-тесік, азып-тозып, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанға ұқсайды. Осыны жөндеп, ауылдың мәдени орталығына айналдыру туралы тұрғындардың мәселе көтергеніне неше жыл болды, одан бері қалада қанша әкім ауысты? Бұл — бұрын болған екі-үш әкімнің кезінде көтерілген мәселе. Осындай есеп беру кезінде айтылады, жаңа әкім мойнына алады, мәселе шешілгенше ауысып үлгереді. Әлгі кәсіпкерге бірде-бір әкімнің сөзі де өтпейді, тісі де батпайды. Бір қызығы, бұл кәсіпкердің кім екені де айтылмайды. Соған қарағанда онымен мәселе шешейін деп сөйлесіп көрген де адам жоқ сияқты. Болмаса, ондаған жылдар бойы бұны не бересің, не өзің кәдеге жаратасың деген мәселе оған неге қойылмайды? Бұл өзі заңмен реттеуге де келетін мәселе емес пе?
Сосын осы жиында ұзақ жыр болған тағы да баяғы халық «Астана» деп атайтын ауылдың көне мектебі, ауызсуы, көшесі, жарығы, күрелмей, аршылмай жатқан сіреу қары. Алдыңғы жылғы, өткен жылғы көріп отырған қорлықтан сол күйі арыла алмаған. Енді содан жаңа әкім құтқара ма деп үміттеніп, бірінен соң бірі сұрақты жаудырады. Тек бұл ауыл емес, Қызылжар, Бекқұл әулие, Украинка, осы окургке қарасты тағы бірнеше елді мекендер, жаңа қоныстар қосылған. Мұнда құдайдың құтты күні электр қуатынан ажырап қалу, жолаушы тасымалдайтын бағыттағы автобустардың қатынамай қалуы, бораннан кейін ауылдарды тәуліктеп қар басып жату әдетке айналған. Мәселен, осы қызметтерді атқаруға тиісті арнайы тендерде ұтып алған кәсіпорындар бар. Бірақ солар өз жұмыстарына салғырт қарап, міндеттерін дұрыс атқармайды. Бюджет қаржысын иемденуге жақсы, уақытылы қызметін көрсетуге келгенде жоқ. Кездесуде халық осыны ашынып айтты.
Бұған әкімдер не дейді? Сол жерде жауапты мекемелердің өкілдерін көтерді. Жарық, ауызсу, мектеп, балабақша, мәдениет ошағы мәселелерін шешу үшін пәлен миллион теңгеге сметалық-жобалық құжаттар жасалып жатқаны айтылды. Алайда экономикалық дағдарысқа байланысты ол қаржы бола ма, жоқ па? Кесімді жауап беру қиын. Бір кездерде қаржы бар еді, бірақ бұл жұмыстар сен салар да мен салар болып ыждағатталмады. Енді мынадай кезеңге килікті. Зәбірді халық көріп жатыр. Жоққа шара жетпейді, бірақ барды ұқсата алмау да бар бұл мәселелердің ішінде. Округ тұрғындары Төлеу Шектібаев, Жанат Асылханова, Сәуле Нұрдәулетова, Сағынғали Таналиев, Айгүл Өтешова, тағы басқалары бұл жағдайларды қатты күйініп, ашына айтты.
Ашуға булыққан, ренжіген тұрғындарды сабырға, ақылға шақырғандар да болды. Халық қазіргі әлемдегі, елдегі экономикалық жағдайдың қиындығын түсінеді. Елбасының халыққа Жолдауында, «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында алға қойылған мақсат-мұраттардың жаңа ізгіліктер мен игіліктерге жеткізетініне сенеді.
Жергілікті билік орындарына үлкен талап қоюмен басталған, өздерінің ерік-жігерлерін, сыни пікірлерін ашық білдірген бұл жиынның да соңы өзара түсіністікпен, әріптестік ықыласпен аяқталды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button