Жаңалықтар

Мүгедектер біржолғы көмекті неге алмады?

Мәслихат

Былтыр мүгедектер күні берілген біржолғы материалдық көмекті Темір ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандар алған жоқ. Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында белгілі болды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың қатысуымен болған комиссия отырысына депутаттар, бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшылары мен облыстық мүгедектер қоғамы және ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде бір ғана мәселе — былтыр «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын іске асыру және аз қамтылған азаматтар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмыс нәтижесі туралы баяндама тыңдалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиеваның айтуынша, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мақсатында аймақта халықты жұмыспен қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар құрылған. 2016 жылдың 1 қаңтарына кешенді жоспардың жалпы орындалуы — 129,6 пайыз.
Комиссия отырысында бұл бағытта мемлекеттік, салалық және өңірлерді дамыту бағдарламаларының орындалу барысы айтылды.
Былтыр 66 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2037 адам жұмысқа орналасып, 656 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.
— Қазір облыста 23809 мүгедек бар. Оның 2620-сы — мемлекеттен арнайы жәрдемақы алатын он алты жасқа дейінгі мүгедек-бала. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау мақсатында былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып, игерілді. Соның 480 миллион теңгесі мүгедектер күніне біржолғы материалдық көмек ретінде берілді, — деді Б.Бисенғалиева.
Комиссия отырысында белгілі болғандай, былтыр мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген біржолғы материалдық көмекті Темір ауданындағы мүгедектер алмаған. Жергілікті атқарушы органның шешімімен берілген мұндай көмекті жарымжан жандар мүгедектер күнінде алуға тиіс еді.
Былтыр мүмкіндігі шектеулі жандар үшін берілген біржолғы материалдық көмектің мөлшері әр адамға 37 мың теңге көлемінде болды. Өткен жылы бұл көмек Темір ауданындағы мүгедектерге берілген жоқ. Себеп — бюджеттің қалтасы көтере алмаған. Сондықтан аталған аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға 2015 жылы мүгедектер күніне берілуге тиіс біржолғы материалдық көмек қаражаты осы жылдың ақпан айында төленбек.
Комиссия отырысында депутаттар тарапынан қойылған әлеуметтік мәселелерге қатысты нақты жауап алынды. Алдағы отырыста осы айтылған мәселелерді қарастыруға байланысты шешім қабылданды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button