Жаңалықтар

Аудиожинақ таныстырылды

Өнер

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» аудиожинағын көпшілікке таныстыру рәсімі өтті.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай (https://www.aqtobegazeti.kz/?p=35744), Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән мен күй жиынтығында 12 СD диск бар. Оған 213 шығарма енгізілген. Авторлардың айтуынша, бұл жинаққа енгізілген туындылар кемінде үш ғасырды қамтиды.
Салтанатты кешке белгілі өнер майталмандары қатысты. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қыдырғали Ермұхан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Момын Байғанин, ҚР мәдениет саласының үздігі Жайлау Асылхановтар сөз алып, жаңа аудиожинақтың құндылығы жөнінде пікірлерін білдірді.
Филармония директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, аудиожинақ 1000 данамен шығарылған. Ол мәдениет мекемелеріне, оқу орындарына таратылады.
— Биыл қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы Ахмет Жұбановтың туғанына 110 жыл толады. Бұл тойға филармония ұжымы да барынша атсалыспақ. Ең алдымен Ахмет Жұбановтың барлық шығармаларын жинақтап, аудио антология шығару үшін әкімдікке ұсыныс беріп жатырмыз. Яғни, алдағы уақытта осындай тағы бір құнды дүние жарық көреді деген сенімдемін. Бұдан өзге Ахмет Жұбановтың 110 жылдығын еліміздің әр түкпірінен өнер майталмандарын шақырып, парад ретінде өткізгіміз келеді, шара аясында облыстағы бірқатар мәдениет мекемесінде Жұбанов шығармаларының кештерін өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді Елубай Кенжалиев.
Салтанатты кеш барысында республикаға, облысқа белгілі сахна шеберлері өнер көрсетті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button