Жаңалықтар

Дауды шешу мерзімі қысқарады

 

Кеше облыстық сот кеңсесінде былтырғы жылдың жұмыс қорытындысы бойынша судьялардың кеңейтілген жалпы отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллин, облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов, сондай-ақ сот жүйесі қызметкерлері мен журналистер қатысты.
Жиын барысында Е.Айтжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында сот жүйесін реформалау шараларының маңыздылығы турасында айтты.
Былтыр барлық аяқталған азаматтық істердің саны — 27467. Бұл көрсеткіш салыстырмалы кезеңмен есептегенде 1054 бірлікке кеміген. Азаматтық істерді қарау жүктемесіне сәйкес Ақтөбе қалалық сотының қараған істері барлық облыс бойынша істердің 56 пайызын құрайды. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша қаралған 20608 істің ішінен белең алып тұрғандары — жүргізушінің алкоголь немесе есірткімен мас күйінде көлік жүргізуі және ұсақ бұзушылықтар. Дегенмен бұл көрсеткіш салыстырмалы кезеңмен есептегенде 9,6 пайызға кеміген.
Е.Айтжановтың айтуынша, былтыр облыс соттары барлығы 2755 қылмыстық іс қараған. Нәтижесінде 1727 сотталғандар арасынан нақты бас бостандығынан 17,7 пайызы айырылып, жазалау тәжірибесі 21,3 пайызға азайған. Сотталғандардың басым көпшілігі ұрлық, тонаушылық, бұзақылық, денсаулыққа қасақана ауыр және орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін айыпталған.
Судьялардың кеңейтілген отырысында сот ісін электронды жүргізу мәселесіне айрықша мән берілді. Кеңсе басшысы Әсет Мәмбетов сот ісін электронды жүргізу бойынша насихаттау жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Былтыр облыс соттарында 7259 талап-арыз, шағым, сот бұйрығы қолма-қол тапсырылса, оның 7256-сы бойынша тіркеу туралы талон берілген. Сондай-ақ, есепті кезең ішінде облыс соттарында 27152 талап-арыз бен азаматтардың жүгінулері «Сот кабинеті» қызметі бойынша түскен. Мамандардың айтуынша, бұл сервис сот органдарының онлайн-қызметіне бірден-бір қолжетімділігін мойындатады. Сондай-ақ, олар жаңа жүйенің шақырту қағазын пошта байланысы арқылы жолдаудан біртіндеп бас тартуға әкелуі мүмкін дегенді түсіндірді.
Абай Рахметуллин жиынды қорытындылай келе, облыстың сот жүйесі алдына бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
**
Жиын аясында облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру бойынша ҚР жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллиннің қатысуымен брифинг өткізілді. Брифингте еліміздегі сот жүйесінің әрі қарай даму жолдары мен реформалар жөнінде сөз болды.
— Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында елімізде біраз жұмыстар жасалды. Былтыр елу Заң қабылданды. Биыл
1 қаңтардан бастап осы Заңдар шеңберінде жұмыс жасап жатырмыз. Әсіресе, «Ұлт Жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасының 11 қадамы сот жүйесіне қатысты болды. Реформаға қатысты сот жүйесінде де біраз Заңдар дайындалып, түгел қабылданды. Соның бірі — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Азаматтық процестік Кодекске қол қойды. Осы Заңның шеңберінде еліміздің құқықтық жұмысын әлемдік стандарттардың озық деңгейіне жеткізетін өзгерістер енгізілді. Бұған дейінгі 5 буынды сот жүйесі 3 буынды сот жүйесіне көшті. Сондай-ақ, бұл құжат татуластыру және сотқа дейінгі реттеу шарасының қолданылуы аясын кеңейте түспек. Татуласу шарасын кеңінен қолдану сот жүйесіне жүктемені азайтатын болады. Ең бастысы — дауды шешу мерзімі қысқарады, — деді А.Рахметуллин.
Жоғарғы Сот өкілі сот жүйесін реформалауға қатысты бұдан өзге де жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, сот жүйесіне жүргізілген реформа барысында аудандық және облыстық соттардың рөлі күшейтілді. «Енді біраз істер облыс деңгейінде қаралатын болады. Жоғарғы Сот облыстық деңгейде жүргізілген жұмыстарға мониторинг жасап, бақылайды», — деді А.Рахметуллин.
Ол өз сөзінде бұдан былай жұмысқа судьяларды қабылдаудың тәртібі мен жолын түсіндіріп, Жоғарғы Сот Кеңесі мүшелерінің міндеттері жайында кеңінен айтып берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button