Жаңалықтар

Жұмыртқа мен көкөністі неге сырттан тасимыз?

Қарауылкелді, №142, 137-разъездер, Тереңқұдық, Көкбұлақ, Қосарал, Қазақстан елді мекендері, сондай-ақ, 20 далалық елді мекендер қарайтын округтегі негізгі мәселе мал шаруашылығы, оның ішінде жеке қожалықтардағы мал басын көбейтумен байланысты екені белгілі. Осы Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Ерназар Қалиевтің есебінде де негізінен мал шаруашылығына қатысты әңгімелер өрістеді. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының жергілікті жерде қаншалықты жүзеге асырылып отырғаны айтылды. Мәселен, осы есепті кезеңде тек бір шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2,4 млн. теңгеге 11 сиыр, 1 асылтұқымды бұқа, ал екінші бір шаруа қожалығының иесі «Алтын асық» бағдарламасымен 3,3 млн. теңгеге 123 қой сатып алған. Ауылдардың жеке табындарындағы мал тұқымын жақсарту мақсатында 42 асылтұқымды бұқа қосылған. Асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау, мал азығын арзандату мақсатында округ шаруашылықтарына 10,4 млн. теңге субсидия берілген.
Ауыл әкімінің есебінде тұрғындардың атына бірқатар сын-ескертпелер де айтылды.
— Айтуымыздың кемі жоқ. Алайда соған қарамастан, аудан орталығындағы халықтың көпшілігі жеке малдарын бақташыға қоспайды. Содан бос жүрген мал көшеде қаңғып, бағана түбіне жинап қойған қоқыс салынған қапшықтарды шашып, ауыл ішін бүлдіреді. Тіпті сондай бос жүрген малдардың теміржол үстіне шығып кетіп, пойыздың астына түсу фактілері орын алуда. Қандыағаш жол дистанциясы мекемесі теміржолдың бойынан қоршау салып, қаңғып жүрген малдарды қамап, полиция арқылы мал иелеріне айыппұлдар салды, — деді ауыл басшысы.
Ауылдарда әлеуметтік салалар жыл санап өсіп келеді. Округ бойынша 5 монша, 33 дүкен, 9 дәмхана жұмыс істейді. Мұнымен бірге, 4 шаштараз, 3 жүк тасушы, 30 такси қызметі, 4 дөңгелек жөндеу орны, 1 көлік жуу орны, 3 терезе жасау шеберханасы, 2 жанармай беру, 1 газ құю бекеттері, 2 аяқкиім жөндеу, 3 тігін цехы, 4 тойхана, бірнеше базарлар халыққа өз қызметтерін ұсынуда. Тек осы округке қарайтын ауылдардан жаз айларында жекенің малын бағуға 23 мал бақташысы шығады.
Бір игілікті іс — соңғы үш жылда Қарауылкелдіде 7 көше асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы теміржол бекетіне дейін ұзартылды.
— Көше тазалығына жоғары мән беріліп, аудандық санитарлық қадағалау мекемесімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта бірнеше мәрте рейдтер өтті. Бөкенбай, Бармақ, Барақ батырлар атындағы және Құрылысшылар, Қазақстан, Ешбаев, Жармағамбетов, Жазықов атындағы көшелерде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды. Осындай шараларға қарамастан, күл-қоқысын көшеге шашатын, тазалық шараларын сақтамайтын тұрғындар шағын ауылдар түгілі, ауданның орталығында да кездесіп қалып жатады. Дегенмен тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз, — деді округ әкімі өз есебінде.
Әкімнің есебінде айтылғандай, аудан орталығында өткен жылы 457 жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңадан ашылған және босаған жұмыс орындарына 398 адам орналасыпты. Соның нәтижесінде аз қамтылған отбасылар саны азайған. Жыл ішінде мемлекеттік атаулы көмек алатын отбасылардың тіркелмеуі осының дәлелі.
Ауыл әкімінің есеп беру жиынында аудан әкімі М.Аққағазов:
— Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламамен 80 үй салынды. Сол үйлердің қасында бірде-бір тал жоқ. «Құлан» бағдарламасы мүлдем жүзеге аспады. Жұмыссыздардың есебінде 420 адам бар. Аудан жұмыртқаның 92 пайызын, көкөністің 80 пайызын сырттан алады. Ал тауық өсіріп, көкөніс егуге округте жағдай жеткілікті. Бизнесті дамытуға, мал өсіруге барлық қолайлы жағдай бар өңірде әр үйде бір шаруа қожалығын құруға болады. Бұған мемлекеттік қолдау да қарастырылған. Бірақ осыны ұйымдастыра алмай отырмыз, — деп ашық қынжылыс білдірді.
Жиналысқа қатысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жұмағали Тымбаев ауылдық округ тұрғындарына Елбасының Ұлт жоспары 100 нақты қадам тапсырмасынан туындайтын міндеттерді жеткізді.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА.
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button