Жаңалықтар

Жол азабынан соңғы жүздесу

Аудан басшысы Нұржауған Қалауов бастаған топ ауа райының қолайсыздығы салдарынан Байторысай селолық округіне жол азабымен бес сағат дегенде әрең табан тіреді. Екі К-700 тракторын алдына салған басшылық аталған аймақтың әкімі Қалыбай Жұмабаевтың айтуынша, екі мәрте жиналып, қайта тарасқан жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысы мен ағымдағы жылға жоспарлар туралы баян етілді.
Алқалы жиында жыл бойына атқарылған істер бейнематериал түрінде ұсынылды. Онда барлық бағытта жүргізілген жұмыстар мәлімделді.
Есепті мерзімде ауданда жалпы ішкі өндіріс 2 миллиард теңгені құраған. Бұл өндіріс саласындағы тапсырыстың азаюы мен «Алғабас», «Қарасор» ЖШС-ның жұмысының тоқтауына байланысты. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 11416,9 теңгені құрап отыр. Яғни 7,7 мың тонна ет және 39,2 мың тонна сүт өндірілген. Шаруашылықтар егін өсіріп және мал басын көбейту үшін мемлекеттен 482,5 млн. теңге субсидия алған. Ауылдарды дамыту мақсатында жұмыс жасап жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен ірі қара 300-ге, уақ мал 1700 басқа өскен.
Аудан агломерациялық аумаққа кіретіндіктен, қалалықтарды азық-түлікпен қамту бағытында белгілі жұмыстар жүргізілуі керек. Сол себепті, барлық округтерде шағын мал бордақылау алаңдары, сүт фермалары, жылыжайлар, қоян фермалары сынды өндіріс орындарын ашу бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Ең өзекті мәселелердің бірі — жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес, 1350 адам мемлекеттік бағдарламаларға тартылып, жұмыспен қамтылған. Алғаш рет «Өрлеу» серпінді жобасы аясында 10 отбасына көмек көрсетілсе, биылғы жоспар 25 отбасын көздеп отыр. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасына 152,4 млн. теңге қаражат бөлініп, игерілген. Сондай-ақ, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен 23 жас көтерме ақы және 18 маман тұрғын үйге қол жеткізген. Ал білім сапасын арттыру мақсатында ҰБТ орталығы ашылды.
— Бұл округтің де көкейкесті мәселесі бізге белгілі. Бүгінге өзекті боп тұрғаны — жол жайы. Жол салу қомақты қаражатты қажет етеді, ал қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында әзірге тек шұқырларды құм төсеу арқылы түзете тұруға тура келеді. Ал көптің көңілін күпті етіп жүрген ұялы байланыс бойынша талаптар өзгеріп, 500-ден аса халқы бар ауылға оны қондыру мүмкіндігі мол екендігін анықтадық, бұйырса, ол да өз шешімін көп күттірмес, — деген аудан басшысы алға қойылған міндеттер мен жоспарлы жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, әкім білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік, ветеринария, тағы да басқа салаларда орындалған жұмыстар туралы толық айтып өтті.
Байторысайдан шыққан аудан басшысы бастаған топ әрі қарай Қызылжар ауылдық аймағына жол тартты. Біресе қарлы боран, біресе жауынды жел кедергі келтіріп, Шевченко елді мекеніне кіреберісте биіктігі 2 метрден астам қарлы дуалды еңсеру ұзақ уақытқа созылды. Ауылдарына бірнеше күннен бері жете алай жүрген, аудан әкіміне сенім артқан біршама автокөліктер де тізіліп қалды. Олардың арасында есепті кездесуге асыққан Қызылжар округінің депутаты Назым Хұсайынова да, ауылдықтарды азық-түлікпен қамтып жүрген жеке кәсіпкер Нина Галета да бар еді. Кеш батқанда халықпен кездесуден дәмелі болмаса да, жолдың азабын жолаушылармен бірге көтеруді жөн санаған Нұржауған Қалауов, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Шамиль Саринов ауыларалық жолдарды тазарту міндетін арқалаған мердігермен түн ортасы ауа, барлық қиындықтарды еңсеріп, Мәртөкке оралды.
— Дүкенге азық-түлік тиеген күйі Байторысай елді мекенінде 3 күн түнедік. Жемістер мен көкөністерді бір түсірдік, бір тиеп, жолға да өз бетімізбен шығып көрдік, нәтиже болмады. Біріншіден, аудан әкіміне алғысымыз шексіз. Жол бойында қиындықты бізбен бірге бөлісті. Күні бойы жол тазартқан техника жүргізушілеріне ыстық тамақ ұйымдастырды, — дейді жеке кәсіпкер Нина Петровна.

Аманат ҚАЛПИЕВА,
Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button