Басты жаңалықтар

Алғаға жаңа әкім барды. Биік межелер белгіленді

Өткен жұма күні облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Алға ауданында болып, өңір активімен кездесті.
— Өздеріңіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп жатқандай, облыста бірқатар кадрлық өзгерістер жасалуда, — деді ол кездесу барысында, — облыс әкімінің орынбасарлары санын тағы да бір адамға көбейттік. Бұл алдымызда тұрған міндеттерді үйлестіріп, оңтайлы шешу мүддесінен туындады. Бұған дейін Алға ауданының әкімі қызметін атқарып келген Асқар Шериязданов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Қазіргі уақытта халықтың арасында қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту аса маңызды. Біз жаңа тағайындау барысында осы өлшемдерді, кандидаттың тәжірибесі мен беделін ескердік.
Бұған дейін Ойыл ауданына басшылық жасаған, мамандығы экономист-менеджер Мавр Абдуллин енді Алға ауданының әкімі болып қызмет атқарады. Бұл азамат та бұған дейін өзін көрсете білді, Ойыл сияқты күрделі ауданда мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде бірнеше нысандар құрылысын салды, басқа да бірқатар шаруалар тындырды. Ендігі мәселе — бірлікте, ауызбіршілік болса, іс өнеді. Сіздерге соны тілеймін.
Кездесу барысында сөз алған еңбек ардагерлері Есентай Сүлейменов, Данияр Құрманалин, Мүнәрия Орманбекова, Шапай Қожмағамбетов Алға кешегі бір күндері біраз қиындықтарды бастан өткергенін, қазіргі уақытта оң өзгерістер орын ала бастағанын атап көрсетті. Тұрғындардың басым көпшілік бөлігі тұратын аумақтар газбен, сумен қамтамасыз етілген. Медициналық қызмет көрсету саласында ілгерілеулер болған. Қысқа мерзім ішінде Бесқоспаға барар жолда көпір тұрғызылған.
Сонымен бірге жүзеге асырылуын күтіп тұрған түйінді мәселелер де бар. Мәселен, Алға қаласында жаңадан бір зауыт ашылса, жұмыс күші көбейер еді, сонымен бірге шаһардың қалыпты тіршілігіне де септігі тиер еді. Осындай ұсыныс-тілекпен бірге құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігі де айтылды. Бестамақтағы Мәдениет үйінің кезінде жекешеленіп кетіп, бүгінде халыққа пайдасы тимей отырғаны сыналды.
Жиын қорытындысында Бердібек Машбекұлы барлық мемлекеттік бағдарламалардың толық күйінде орындалуы қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, таяуда жария етілген Елбасының халыққа Жолдауындағы мәселелер күн тәртібінде тұрғанын, осы бағытта көп істер тындырылуы тиістігін жеткізді. Облыс басшысы қазіргі уақытта көптеген әлемдік деңгейдегі банкілермен келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар жасалып жатқанын, осындай мүмкіндіктерге сай ірі жұмыстар атқарылатындығын да айтты.
— Алға өңірі де Ақтөбе агломерациясына кіретіні белгілі, бірақ бұл әңгіме қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Осыған байланысты жұмыстар жасаудамыз. Сіздерге айтарымыз, қолда барды қадірлеп, пайдалана білуіміз қажет. Мәселен, ет, сүт, тары өзімізде өңделуі тиіс. Әр ауылда шағын болса да цехтар болғаны жөн. Сүт жинайтын кооперация жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Мемлекеттік-жеке әріптестікті өрістетпей болмайды, — деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.
Кездесуден кейін Бердібек Сапарбаев бірқатар нысандарды аралады. Алғашқы жол Алға қаласындағы индустриалды аймақта орналасқан «Молочные истории» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатына түсті. Серіктестік басшысы Нұрлан Сағыналин жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңге болғанын, оның 1,8 миллиардын «Агробизнес» корпорациясының несие қаржысы құрайтынын айтты. Германияның «GSF» фирмасының заманауи жабдықтары сатып алынып, қондырылған. Мұнда жылына 7,2 мың тонна ет өңделетін болады. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша кәріз, электр және су желілері жүргізілген. Құрылыс жұмыстарына 120 адам тартылса, енді тұрақты түрде тоқсанға жуық жұмысшы еңбек етпекші. Ет комбинаты «АкТеп» серіктестігінің жұмыс істеп тұрған мал бордақылау алаңымен сабақтас жұмыс істеп, түпкі өнім шығарғанға дейін бірыңғай технологиялық тізбекті құрайды.
Ертеңгі күні толық қуатында жұмыс істеуге бет алған ет комбинаты аумағындағы іс-шаралармен толық танысқан облыс басшысы тұрғындарды ет өнімдерімен қамтумен бірге, Елбасы алға қойған басты міндеттердің бірі — экспортқа өнім шығару мәселесін талап деңгейінде шешуді тасырды.
Қазіргі уақытта мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру күн тәртібіне батыл қойылуда. Осы бағытта жеке кәсіпкер Балкенже Аймұхамбетова көпқабатты үйдің бірінші қабатынан балалар бақшасын ашып, игі іс бастапты. Мұндағы үш топта жетпіс бес бүлдіршін тәрбиеленеді.
2007 жылға дейін Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінде бас бухгалтер болып еңбек еткен кәсіпкер иесіз қалған жатақхананы қолға алып, күрделі жөндеу жүргізіпті. Сөйтіп, бөлмелерді тұрғын үйге лайықтап, қайта құрылымдаған.
Жаңа балабақша мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайды, мұнда бөлмелердің барлығы, сондай-ақ ойын алаңдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Бердібек Машбекұлы аудан басшылығына осы үлгіде мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуды міндеттеді.
Білікті жұмысшы кадрларын даярлау Алға өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аудан орталығындағы индустриалды-техникалық колледжде қазіргі уақытта 297 оқушы білім алуда. Олар фермер шаруашылығы, аспаз, дәнекерлеу ісі, жөндеуші-слесарь, киім пішу, тігінші, тракторшы-жүргізуші, электр монтері, т.б. маман иелері болып шығады.
Облыс басшысы оқушыларды сөзге тартып, білім сапасы, оларға жасалатын жағдай жөнінде білді. Сонымен бірге оларға елімізге қай кезде де білікті мамандар қажеттігін, соған сай білім алып шығулары қажеттігін айтты.
Колледж директоры Қанат Нұрғалиев өздерінің «Елек-Алға», «АкТеп», «Алға-Тазалық», «Алғабас», «Жармұхамбетова Г.Т.» секілді бірқатар кәсіпорын-ұжымдармен-стратегиялық әріптестермен тұрақты жұмыс істейтіндіктерін, мұның өзі болашақ мамандарға шыңдалуға, дағдыларды игеруге мүмкіндік беретінін баяндады.
Адам денсаулығын сақтау, салауатты тіршілік салтын қалыптастыру бүгінгі күні қай кездегіден де күн тәртібіне ерекше қойылып отырған мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл ретте «Алғабас А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Шипагер» санаторий-профилакторийі атқарып отырған жұмыстар жұртшылыққа танымал. Басқа жағдайларды айтпағанда, балтыры сыздап, белі ауырған жанның бәрі дерлік осында келіп, сырқаттарына дауа тауып кетіп жатады.
Бердібек Машбекұлы емдеу орнының материалдық базасымен, мүмкіндіктерімен танысты. ЖШС директоры Азамат Өтепбергенов жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін профилакторийдің негізінен қозғалыс-тірек буындары, омыртқа, сіңір бұлшықеттері сырқаттарына, сондай-ақ тыныс алу органдарына қатысты ауруларға ем жүргізетінін айтты. Мұнда емдік жүйелер заманауи медициналық жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Бірнеше түрдегі емдік ванналары жұмыс істейді, ең негізгісі, балшықпен емдеу өз нәтижесін беріп, көптеген сырқаттарға ем болуда.
Бестамақтағы «Париж коммунасы ХХІ» ЖШС-ның мал шаруашылығы кешені бүгінде шошқа өнімдерін өндіру, өңдеу және өткізу ісін жолға қойды деуге болады. Серіктестік директоры Гайк Тертерян облыс басшысына жыл сайын қырық мың бас шошқаны бордақылауға қою жоспарланып отырғанын, мұның өзі жылына 3,2 мың тонна ет өндіру мүмкіндігін беретінін баяндады.
Кешенде 17 мал шаруашылығы ғимараттары орналасқан, сондай-ақ жылына 72 мың тонна өнім беретін құрама жем зауыты жұмыс істейді. Құрылыстың бірінші кезеңінде жобаны жүзеге асыру үшін тартылған инвестиция көлемі 1127,3 миллион теңге болды, бұл ретте «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының үлесі қомақты.
Облыс басшысы биылғы жыл басынан бері экспортқа 1328,7 тонна ет шығарылғанына назар аударып, алдағы уақытта оны ұлғайту қажеттігін айтты. Бердібек Машбекұлы мұндағы еңбек ұйымдастыру, жұмысшылардың еңбекақысы, оларға жасалатын жағдай жөнінде біліп, қанағат сезімін білдірді.
…Ауданға тағайындалған жаңа әкімнің алдында жаңа міндеттер тұр. Ол — Елбасы Жолдауында айтылған бағыттар бойынша жұмыс істеу, өңірдің экономикалық көрсеткіштерін көтеру, белгіленген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындауға жұртшылықты жұмылдыру. Облыс әкімі сапарының түйіні де осы еді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button