Басты жаңалықтар

Облыс басшысы қаланы аралады

Сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Бекбол Сағын қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, серіктестіктердің жұмысымен танысты.
Облыс басшысы Ясный ауылында орналасқан №41 қазақ орта мектебі мен Ақтөбе орта мектебіне барды. Алдымен 1974 жылы салынған Ақтөбе орта мектебін аралады. Білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Спорт залы мен асхананы аралап, сыныптарға кіріп, оқушылармен тілдесті. Бұдан соң Ясный және Су қоймасы мен Құс зауыты аумағының балалары келіп оқитын №41 мектепке барды. Мектеп ғимаратының салынғанына отыз жылдан асыпты. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен ескі ғимарат оқушыларға тарлық етеді. Қазіргі таңда мектепте 506 оқушы білім алады.
— Мектептің негізі 1996 жылы қаланды. Білім ордасы 140 орынға есептелген балабақша ғимаратында орналасқандықтан оқушыларға тарлық етеді. Екі ауысымда оқимыз. Жыл сайын халық саны өсіп, оқушылардың қатары көбейіп жатыр. Соңғы жылдары әр жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 110 балаға дейін қабылдаймыз. Өзімізге сыймаған балаларды көрші Ақтөбе орта мектебіне жібереміз, — деді мектеп директоры Айжан Дәулетқызы.
Білім ордасын аралаған Бердібек Сапарбаев жаңа ғимарат салу үшін жер телімі бөлінетінін айтып, қала әкімі Бекбол Сағынға осы шаруаларды реттеуді тапсырды.
Сондай-ақ облыс басшысы «Южпромснаб» серіктестіктерінің өндірістік базаларын аралап көрді. Кәсіпорын мұнай өнімдерін сақтау, сату, битум өндірісі және темір бұйымдар жасаумен айналысады. Сонымен бірге серіктестік түрлі темір бұйымдарын шығарады. Оның ішінде темір қоршаулар, саябақтарға арналған мүсіндер мен көрнекі құралдар, жеке үйлерге арналған сәндік бұйымдар бар. Негізі тапсырыс жеке кәсіпкерліктерден түседі. Сондай-ақ серіктестік поролон және одан жасалған өнімдер шығарумен де айналысады. Спорттық төсеніштер, жұмсақ бұйымдар, ойыншықтар өндіреді. Кәсіпорын мектепке дейінгі балалар және медицина мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өндірістік базаны аралаған Бердібек Сапарбаев серіктестік жұмысына оң баға берді.
Облыс әкімі Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан «Әлихан» спорт кешенін аралап, «Тенке Капитал» серіктестігінің жоғарғы қабатында орналасқан спорт залды көрді. Екі кешен де болашақта мемлекет пен жеке кәсіпкерлік серіктестігі негізінде қаладағы спорт мектептерінің оқушыларына тегін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев пен Бекбол Сағын тау-кен саласына және темір-бетон құрастырмаларын өндіруге қажетті бекіту материалдарын, темір құрастырмаларын және арматуралық дәнекерлендірілген торларды шығаратын «Каспий Плюс» серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл өндірістік компания еліміздің тау-кен өндіру саласы үшін отандық бекіту материалдарын өндіретін тауар өндірушілер тізіміне енгізілген. Сонымен қатар автокөліктерге, тұрмысқа қажетті түрлі бекіту бұйымдарын шығарады. Серіктестік өз жұмысын 2008 жылы бастаған. Өндіріс алаңы 3 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорында біліктілігі жоғары жиырма маман жұмысшылар еңбек етеді. Өндірістік цехтар Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытайдың қондырғыларымен жарақтандырылған. Темірлерді өңдеу жоғары сандық басқару бағдарламасымен жұмыс істейтін орталықтарда жүзеге асырылады. Осы технологиялардың тиімділігі мен көп салалығының арқасында жаңа өнімді шығаруға, қайта реттеуге көп уақыт кетпейді, мұнда дайындалған өнімнің сапасына кепілдік беріледі. Бұйымдарға қажетті негізгі шикізат Қарағанды қаласы мен Ресейден тасымалданады. Биылдан бастап өндірістің жаңа бағыты іске қосылыпты. Серіктестік директоры Жандос Пангереев өңір басшыларына кәсіпорын жұмысын түсіндіріп, өнімнің негізгі тұтынушысы тау-кен шахтасы екенін айтты. Ал кәсіпорын инженері Санжар Жабаевтың айтуынша, тұрғындар арасында әлі де болса отандық өнім сапасына күмәнмен қараушылар көп.
— Біздің серіктестік өндіретін өнімнің сапасы еуропалық стандартқа сай жоғары сапаға ие. Жасалу жолы да бірдей. Мәселен, қай елдің станогін алсақ, мамандар сол елде оқып келеді. Алайда әлі күнге дейін отандық өнім сапасына күдік келтіретіндер көп. Қазіргі таңда өнімнің негізгі бөлігі жергілікті кәсіпорындарға жіберіледі. Сонымен қатар Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан да тапсырыстар түседі, — деді инженер.
Өндіріспен танысқан өңір басшысы кәсіпорын жұмысын жоғары бағалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button