Басты жаңалықтар

Ақтөбе «АСТАНА ЭКСПО-2017» көрмесіне өз үлесін қосады

Кеше «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында өткен форумда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ батыс аймағындағы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары әкімдіктерімен Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Форумға аталған 4 облыстың әкімдіктері мен өнім өндіруші кәсіпорындары және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов алдымен төрт облыста шығарылатын құрылыс индустриясы өнімдері мен ол облыстардың туристік мүмкіндіктері ұсынылған көрмені аралап көрді. Мысалы, ақтөбелік «Композиттік арматура» мекемесі заманауи нанотехнология бойынша жаңа арматура өнімдерін шығарады. Бұл өнімді болат арматураға балама ретінде үйлердің іргетасын, едендерін құюға, жол құрылысына пайдалануға болады. Композитті арматураның ерекшелігі болат арматураға қарағанда 3 есе берік. Ал бағасы 20-40 пайызға төмен.
— Композиттік арматура әйнек талшықтары мен термобелсенді смоладан дайындалады. Жаңа өнім болғандықтан сұранысты арттыру жолында жұмыс жасап жатырмыз, — деді минизауыттың басшысы Ғалымжан Машаров.
Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жаңашыл идеяларының туындылары да «Астана ЭКСПО-2017» басшысының қызығушылығын тудырды. Мектеп оқушыларының қанат қақты жобалары мақтауға тұрарлық.
— Менің роботымның аты — «Ақылды ақсақал». Ол домбырада тартады, бата береді. Оны ұялы телефон арқылы да басқаруға болады. Бұл роботты дайындауға екі апта уақыт жұмсадым. Мақсатым — балаларды өзіміздің ұлттық дәстүрге баулу, — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дияс Төлеуов.
Форум отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзін ұлттық маңызға ие «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің дайындық жұмыстарына қатысты аймақтық форумды өткізуге Ақтөбе қаласын таңдағаны үшін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімовке алғыс білдіруден бастады.
— Бұл форум батыс өңірінің 4 облысындағы кәсіпорындардың басшыларына, бизнесмендерге «ЭКСПО-2017» нысандарының құрылыс жұмыстарына қатысуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлттық жоба — «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жүзеге асуына барлық өңірлер атсалыссын» деген арнайы тапсырмасы бар. Әрбір өңірдің өзіне тән мүмкіндіктері бар. Облысымыздың құрылыс, жол салу, туристік маршруттар белгілеу жағынан қандай мүмкіндіктері бар екенін жаңа көрмеде өзіңіз көрдіңіз. Ең негізгісі — біздер, қазақстандықтар осы халықаралық шараның абыройлы өтуіне өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Бердібек Сапарбаев.
«Астана ЭКСПО-2017» басшысы Мемлекет басшысының таяуда айтқан халықаралық көрме нысандарында жүргізілетін жұмыстардың барлығында отандық өнімдерді мейлінше көп пайдалану керектігі жөніндегі тапсырмасын еске салды.
— Ең бастысы — қазіргідей дағдарыс кезінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы ең алдымен жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмыс жасап, бар жұмыс орындарын сақтап қалуына қолдау көрсету. «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де сол мемлекеттік бағдарламалардың бірі. Көрме нысандарында отандық тауарлар мейлінше көп қолданылуы керек. Әрине, ол тауарлардың халықаралық шара нысандарының құрылысын жүргізу үшін қойылатын тиісті талаптарға сәйкес болулары қажет. Біз де өз кезегінде бас мердігерлерімізді сондай қазақстандық өнім өндірушілерге бағыттаймыз, — деді «Астана ЭКСПО-2017» басшысы Ахметжан Есімов.
Ол бүгінге дейін Қазақстанның 10 аймағымен жалпы құны 30 миллиард теңге шамасындағы меморандумдарға қол қойылғанын айтты. ЭКСПО нысандарын салу жұмыстарына тартылған барлығы 220-ға тарта кәсіпорында 20 мыңнан аса адам еңбек етеді.
Ахметжан Есімов ел ішінде «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мән-маңызын түсіндіру жұмыстарының кеңінен жүргізілуі керектігіне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, Нидерланд премьер-министрі мен Қазақстанның премьер-министрі қол қойған көрмеге қатысу келісімшартынан кейін, Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысатынын ресми түрде нақтылаған мемлекеттердің саны 55-ке жетті. Жалпы, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне 100-ден аса мемлекет қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 10 ірі халықаралық ұйымның қатысуы жоспарланған болса, бүгінгі күні 12 халықаралық ұйым Астана көрмесіне қатысуға ниет білдіріпті.
ЭКСПО не береді? Одан Қазақстанға қандай пайда келеді? Міне, осы сұрақтар халықтың көңілін көп мазалайтындығына тоқталған Ахметжан Есімов:
— Бұл шара барлық ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда өткізілгелі отыр. Халықаралық қауымдастық алдында еліміздің абыройын арттыратын шара екендігін айтпағанның өзінде, көрме Қазақстанның экономикасына да оң әсерін тигізбекші. «Милан-2015» халықаралық көрмесінің нәтижелері бойынша келген туристердің арқасында Италияның жалпы табысының мөлшері 6 миллиард еуроға жеткен, — деді.
Форумда Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері сөз алып, ойларымен бөлісті.
Форумның соңында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстары әкімдіктері арасында жасалған Ынтымақтастық туралы меморандумдардан бөлек халықаралық көрмені ұйымдастырушы ұлттық компанияның бас мердігерлері мен төрт облыстың жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындары арасында жалпы құны 10 млрд. теңге шамасындағы 8 тауар жеткізу туралы келісімшарт пен 3 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Форумнан кейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге «Ақтөбе» индустриялық аймағы мен «Ақтөбе рельс-арқалық зауытына» барды. Халықаралық көрме басшысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауытта шикізат темірді балқытып, дайын рельске айналдыру үдерісіне куә болды.
Форум қонақтары сондай-ақ, «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС-ның полиэтилен құбырларын өндіру зауытын, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті жанындағы медициналық орталықты, «Дару» медициналық оңалту орталығын және жылыжайларды аралады.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button