Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Жолдауда айтылған жайттарды халыққа түсіндіру қажет

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген селекторлық мәжіліс өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс прокуроры, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік департаменттер, басқармалар басшылары, аудан әкімдері, Ақтөбе қаласының әкімі, бірқатар кәсіпорын, шаруашылық мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың басшылары, бизнес құрылымдары және ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты биылғы халыққа Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттер туралы сөз болды. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Әлемдегі жаһандық саяси-әлеуметтік дағдарыстың салқыны біздің елге де тимей қоймайтыны ақиқат. Осы тұрғыда еліміздегі экономикалық қиындықтарға қарамастан өңірдегі экономиканың даму қарқынын төмендетпеуге күш салу керек.
— 2014 жылдың аяқталуына бір ай уақыт қалды. Осы уақытты тиімді пайдаланып, жылды жақсы көрсеткішпен аяқтауымыз керек. Ішкі өнімнің көрсеткіші дұрыс болуы тиіс. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берген уәдеміз бойынша, жылды 101,5 пайызбен аяқтауымыз керек. Өкінішке қарай, 10 айдың қорытындысы бойынша, кейбір әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер төмен, әсіресе, бұл өнім өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштеріне қатысты. Осы екі көрсеткіш бойынша біздің өңір республикадағы соңғы орындарда. Бұған қатысты арнаулы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы өзіне тапсырылған міндеттерді дұрыс атқарып, алдағы жылға жақсы негіз жасауы керек, — деді облыс әкімі.
Жыл сайын бітпей тұрған құрылыстардың барлығын толық аяқтау керек. Халықтың әл-ауқатына әсер ететін жайттар — бағаның өсімі, жалақының, зейнетақы мен жәрдемақының дер кезінде берілуі, алдағы келе жатқан мерекелердің дұрыс ұйымдастырылуы — барлығы да жоғары деңгейде жүзеге асырылуы тиіс. Бердібек Сапарбаев облыс әкімі орынбасарларына, қала, аудан әкімдері мен департамент, басқарма басшыларына осы және тағы бірқатар тапсырмалар берді:
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап көрсетті. Оның біріншісі — қаржы секторын тұрақтандыру. Бұл тұрғыда бірқатар кездесу өткіздім. Екінші деңгейлі банктер филиалдары басшыларымен кездестім. Банк филиалдары әлеуетті клиенттермен тығыз жұмыс жасауы керек, Елбасының тапсырмасы бойынша, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор» деді Мемлекет басшысы. Барлық бағытта ұлттық валютамен жұмыс жасау керектігін банк секторы халыққа кеңінен түсіндіруге тиісті.
Екінші бағыт — бюджет саясатын оңтайландыру. Елбасы Жолдауында жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі — ақшаны үнемдеу, яғни «көрпеге қарай көсілу» қажет екендігін айтты. Біз бюджет саясатын 2,3 миллиард теңге көлемінде оңтайландыруға қол жеткіздік. 10-15 желтоқсанда өткізілетін облыстық мәслихат сессиясында осы мәселені тағы да бір пысықтау қажет. Ең бастысы, осы жылға бөлінген барлық қаржыны толық игеріп, алдағы жылға дұрыс жоспар құруымыз керек, — деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев ең алдымен Елбасының халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру қажеттігін тапсырды. Бюджетке түсетін кіріс көздерін қарастыру, салықтың, айыппұлдардың дер кезінде төленуін қадағалау туралы да айтылды.
— Тағы бір бағыт — мемлекет пен жеке сектордың әріптестігі. Бұл туралы мен үш айдан бері айтып келе жатырмын, алайда әлі күнге дейін нәтижесіз. Ақтөбедегі мемлекет пен жеке сектордың әріптестігінің нашар дамып отырғандығы Үкімет отырысында да, Елбасының жиынында да айтылды. Бұл мәселеге барынша мән беру керек. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылғандай, біздің кәсіпкерлер, бизнес өкілдері мемлекеттің қолдауының нәтижесінде сондай үлкен жетістіктерге жетті. Елбасы айтқандай, 4 қабатты үйде тұрып, қымбат көлік мінгендері мемлекеттің қолдауының арқасында. Әрине, бизнес саласы дамысын, өсіп, өркендей берсін. Алайда кәсіпкерлер де мемлекетке қолдау көрсетуі керек. кәсіпкерлік саласындағы қажетсіз тексерулерді, әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру керек.
Жолдауда Елбасы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босату, яғни екі тиімді құралды — кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіс екендігімізді айтты. Қазір облыс бойынша белгіленген 18 нысанның 12-сі ғана жекешелендірілген, нәтижесінде бюджетке 64 миллион теңге түскен. Бұл өте аз. Ақтөбе облысында осыған байланысты құрылған жұмыс тобының құрамын қайтадан қарауды тапсырамын, — деді аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ антимонополиялық қызметті күшейту, банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу сынды Жолдауда айтылған мәселелерге де тоқталды:
— Жолдаудағы төртінші бағыт — жаңа инвестициялық саясаттың негіздерін қалыптастыру. Жоғарыда айтқанымдай, бұл бағытта да біздің облыстың көрсеткіштері жақсы емес. Екі-үш күндікте ғана халықаралық инвестициялық форум өткіздік. Осы форум барысында жалпы сомасы 1,5 миллиард доллар болатын бірнеше меморандумға қол қойылды. Бастапқы кезеңде осы соманың ең болмаса 10-15 пайызы түссе, соның өзі үлкен жетістік болар еді, — дей келе, облыс әкімі орынбасары Ғали Есқалиевке қол қойылған әр меморандумның орындалуын бақылау қажеттігін тапсырды.
Келесі мәселе — халықаралық ұйымдармен, банктермен жұмыс істеу. Б.Сапарбаев Еуразиялық даму банкі, Ислам және Азия Даму банктерімен тығыз жұмыс жасау қажеттігін айтты. Өңірдегі қала құраушы ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнесті қолдау бағытында барынша белсенді болуы жөнінде пікірін білдірді.
— Көршілес елдермен жұмыс істеу керек. Әсіресе, бұл шекарадағы бес аудан басшыларына қатысты. Шекарадағы Ресейдің, Өзбекстанның өңірлерімен, одан әрі Моңғолия, Қытай, болашақта салынатын Ақтаудан Әзірбайжанға, Иранға шығатын жол арқылы жүргізілетін жұмыстарды жалғастыру керек. Шетелдердегі Қазақстанның елшіліктеріне біздің бизнес жобаларды жіберу керек. Бұл бағытта жаңадан құрылған сыртқы байланыстар және туризм басқармасына үлкен жауапкершілік жүктеледі, — деді Б.Сапарбаев.
Жолдауда Елбасы техникалық кадрлар даярлау жүйесін барынша дамыту қажеттігін айтқан болатын. «Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар даярлау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады», — деді Елбасы. Аймақ басшысы облыста осы бағытта жүргізілуі тиісті жұмыстарға тоқталды. Ол дегеніміз — сұранысқа сай кадрлар тізімін анықтау, дуальды білім беру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру, жыл сайын мектеп бітіретін түлектердің қаншасы оқуға түсе алмайтынын анықтау, мамандар сұранысына сай өңірдегі компаниялармен, техникалық білім беру орындарымен тығыз жұмыс жасау. Бұл бағытта білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының басшыларына жауапкершілік жүктелді.
— Елбасының тапсырмасы бойынша ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсы болуына мән беру керек. Жолдауға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиіспіз. Шағын несие беру, адамдарды жұмыспен қамтуға мән бәру керек. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуымыз қажет. Кезінде бірнеше сервистік дайындау орталығына жарты миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген, алайда жұмыс жасалмаған, сол мәселені қайтадан қолға алу керек. Бұған қоса Ақтөбе еліміздегі агломерация орталығы болатын төрт қаланың тізіміне кірді. Осы бағдарлама аясында тиісті қаржыны алып, тиімді жұмсау керек. Міне, осы мәселелердің барлығын, Жолдауда айтылған жайттарды халыққа түсіндіру қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы Жолдауды насихаттау жөніндегі ақпараттық топ аудандарға, соның ішінде ауылдық жерлерге барып, халықпен кездесу өткізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдеріне, департамент, басқарма басшыларына Жолдаудан туындайтын мәселелерді уақытында әрі толық орындау қажеттігін қатаң тапсырды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button