Басты жаңалықтарМереке

Тұңғыш Президент күні тойланды

ҚР Тұңғыш Президенті күнін ақтөбеліктер «Қоныс» спорт сарайында тойлады. Мерекеге орай ұйымдастырылған «Менің Елім! Менің Президентім!» атты театрландырылған қойылымды төрт мыңға жуық адам тамашалады.
Салтанатты шарада облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
— Қазақстандықтар жиырма төрт жылдың ішінде талай қиындық пен қуанышты өткерді. Осы уақыт ішінде Қазақстан деген мемлекетті дүниежүзі мойындады. Қазіргі таңда еліміздің көк байрағы көптеген халықаралық ұйымдарда желбіреп тұр. Қазақстандықтар жиырма төрт жылдың ішінде өзінің Елбасымен бірге абырой, беделін асырды. Оның дәлелі — соңғы кездерде елімізде болып жатқан халықаралық саммиттер, форумдар, кездесулер. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын Астана қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының отырысында бұрын бір-бірімен кездеспейтін мемлекет басшылары бір келісімге келді. Дәстүрлі түрде өтетін бүкіл дүниежүзінің дін басшыларының кездесуі де Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен Астанада өтеді. Осының барлығы Елбасының көрегенді саясатының жемісі.
Мемлекет басшысының негізгі ұраны — Тәуелсіздік, Бейбітшілік, Тұрақтылық. Барлығымыз жақсы білеміз, Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Соған қарамастан елімізде достық, бейбітшілік, ынтымақ, бірлік бар. Қазақстанның ең негізгі байлығы — осы. Елбасы осы мәселені үнемі айтып келеді. Ал біздің негізгі міндетіміз — Мемлекет басшысының еліміз үшін, жеріміз үшін, болашағымыз үшін жасап жатқан еңбегін ескеріп, әрі қарай Қазақстанның абырой, беделінің асуына жұмыс жасау. АҚШ-тың 41-ші Президенті үлкен Буш «Бұл кісінің көріпкелдігі бар. Алдын ала болжай білетін қасиетке ие» деген екен. Оның дәлелі экономикалық қиындықтарға қарамастан Елбасының тапсырмасына сәйкес былтырғы қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасы, биылғы қабылданған жаңа әлеуметтік саясаты қандай қиыншылықтар болмасын экономиканың даму қарқынын сақтай отыра, қазақстандықтардың тұрмысын, әл-ахуалын жақсартуға бағытталған. Өздеріңіз кеше куә болдыңыздар, Мемлекет басшысы қиындықтарға қарамастан бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақыларын және көпбалалы, жарымжан кісілердің жәрдемақысын көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл тек өзінің халқын, мемлекетінің болашағын ойлаған басшының ғана қолынан келеді.
Бүгін бүкіл Қазақстанда Тұңғыш Перзидент күні аталып отыр. Бұл — қазақстандықтардың ең бірінші басшысы — Елбасының алдындағы борышы, ол кісінің саясатын қолдағаны, мойындағаны. Сондықтан сіздерді облыс басшылығының атынан бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Барлықтарыңызға денсаулық, үйлеріңізге құт-береке, елімізге абырой тілеймін! — деді облыс басшысы.
Ардагерлер мен еңбек ұжымдары, этномәдени бірлестіктер және қала жастарының қатысуымен ұйымдастырылған ауқымды шара бес бөлімнен тұрды. Қойылымның әр бөлімінде атаулы даталарға арналған композициялар орындалды. Бірінші бөлімде Елбасының осы уақытқа дейін атқарған еңбек жолы баяндалып, Мемлекет басшысы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильмнен үзінді көрсетілді. Мерекелік шараның екінші бөлімінде Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының курсанттары мен музыкалық колледж оқушылары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қаһарман ұрпаққа мың тағзым» хореографиялық композициясын ұсынса, 120 адамнан құралған хор ұжымы соғыс әндерінен попурри орындады. «Достығы жарасқан — өркениетті Қазақстан» атты үшінші бөлім Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Кішкентай өнерпаз балдырғандардың орындауындағы «Бала — өмір шаттығы» композициясы көпшіліктің көңілін көтерді. «Абыройлы тарих ұлы болашаққа жетелейді» бөлімінде қазақтың айбынды хандары мен даңқты батырларының ұрпағына қалдырған аманаттары баяндалды. Бағдарламаның соңында Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауынан үзінді көрсетіліп, соңында флешмоб пен патриоттық әндер орындалды. Үш сағатқа созылған кеш Спорт сарайына жиналған халыққа ерекше әсер сыйлады.
Жалпы Тұңғыш Президент күніне орай қаланың басты орталықтарында көптеген мерекелік шаралар, жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button