Басты жаңалықтарМереке

Мырзатай Жолдасбеков: Ол — туған халқының кемеңгері

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі филолог-ғалым Мырзатай Жолдасбеков — Тәуелсіз еліміздің туын көтерісіп, сол бір күрделі кезеңдерде Елбасымыздың сенімді серіктерінің бірі болған, оң жағынан табылған тұлға. ол «Ел тағдыры – ер тағдыры», «Сөзді ұғатын кез келді», «Күндерімнің куәсі», тағы да басқа еңбектерінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық, қайраткерлік, адами келбетін бейнелейді.
Кейінгі он жылдықтар көлемінде Мырзатай аға Ақтөбе жеріне бірнеше рет келіп, танымдық-тағылымдық конференция, жиындарға қатысып, ел алдында сөз сөйледі, өзінің өмір тәжірибесінен өнегелі әңгімелер айтып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Біз Тұңғыш Президент күні қарсаңында астанаға хабарласып, мырзекеңмен тілдесіп, «Елбасы бейнесі — Мырзатай Жолдасбеков пайымдауында» деген тақырып төңірегінде сұхбат алғымыз келетінін айтқанбыз. Ол кісі біздің өтінішімізге келісімін берді. Бірақ, сөйлесе келе біз сұхбат алудың өзгешелеу формасына тоқталдық. Ол — ғалым әрі қайраткер ағаның жоғарыда аталған еңбектеріндегі пікірлерін оқырман назарына ұсыну.
Өйткені сұхбат иесі «Мен әр жылдарда нұрекең туралы ойларымды қағаз бетіне түсіріп, кітаптарда, жергілікті басылымдарда жариялап отырдым. Сол ойларымнан өзгертерім жоқ. Сондықтан маған қойған сауалдарыңның барлығының жауабын сол еңбектерімнен алуыңа рұқсатымды беремін» деді.
сонымен…
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл ғұмыры дерлік халықтың көз алдында өтіп келе жатыр. Былай қарағанда, ол туралы бәріміз де жақсы білетін сияқтымыз. Тіпті балалық шағынан бүгінгі кемелденген, Ұлт көшбасшысы дәрежесіне жеткен кезге дейінгі кезеңдері бізге баспасөзден, теледидар хабарларынан, түрлі кітаптардан, фильмдерден етене жақын. Дегенмен мұның бәрі салыстырмалы түрдегі пайымдаудар.
Ал шын мәніне келсек, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы көбірек білетін адамдар санаулы. Соның бірі өзіңіз екендігіне тіпті де күмән жоқ. Сондықтан әңгімені ол кісіні алғашқы көрген сәтіңізден бастасаңыз.
— Болашақ Президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педагогикалық практикадан өткенімде Нұрсұлтан оныншы кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Қажырлы, еңселі болатын. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Намысшыл болатын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін.
«Болат кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, ол жастайынан қынаптан суырылған қылышқа ұқсады, әуел бастан-ақ мұзжарғыш кемедей қай ортаға барса да сыйып, сіңіп жүре берді.
Орта мектепті үздік бітірді. Бала жастан елгезек болып өсті. Ерте тұрды, кеш жатты. Отбасының ауыртпалығын әке-шешесімен бірге көтерісті. Жатпай-тұрмай ата-анасына қолғабыс тигізді.
Асылы, ықылым заманнан бері қоғамдық өмірде қалыптасқан белгілі бір құбылыс — кесек, біртуар тұлғалардың жаратылысы ерекше болып, көпшілік ортада Құдай берген қадір-қасиетімен бала кезден танылатындығы. Сөйтіп, жасынан көзге ілігіп, қай істе де мақсаткерлік мінез-болмысымен дараланып, шоқтығы биік тұратындығы.
Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қаласына, онда да оқуға емес, жұмысқа тартып кеткенін, кейіннен өзге де қазақстандық жастармен Днепродзержинскіге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақстан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке — Орталық Комитеттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағындағы ең жас Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып бекітілгенін де бүгінде халық жақсы біледі.
— Бүгінде тәуелсіздігімізді нығайтып, алыс-жақынға танылып, тіпті бірсыпыра жерлерде мойындатып, біраз ілгері бастық. Ал кешегі бір қиын күндерде, яғни өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тұсқа қайта бір оралайықшы. Сол кездегі Президент, сіздің көзіңізбен қарағанда, қандай қиындықтарды бастан кешті және елді адастырмас тура жолды қалай тапты?
— Тәуелділіктен арылып, тәуелсіздікпен қауышқан тұста, ызы-қиқы кезеңде мен Нұрсұлтан Назарбаевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың айла-әрекеттерін іздеп шарқ ұрған, елі үшін төсегінен түңіліп, түн ұйқысын төрт бөлген мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелісін де көрген адаммын. Жан-жақтан анталаған кезеңде жанында болған, ерлігін, қайсарлығын, тәуекелшілдігін көзіммен көрген, елі үшін атқарған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген нөкерлерінің бірімін.
Тәуелсіздіктің қиын да күрделі жылдары бес жыл бойы күні-түні қасында болып, тереңдігін, кемелдігін көрдім. Елім дегенде ен дүниеге сыймай талай тебіренгенін, талай ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндерді басынан кешіргенін көзіммен көріп, жүрегіммен сездім.Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кестеңі шығып жатқан, алда не боларын білмей жұрт сасқалақтаған уақытта ол именбей қол бастады, тар кезеңнен жол тапты. Алаштың аманатын мойнымен көтерді. Азаттыққа қолымызды жеткізіп, мәртебемізді асқақтатты.
Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Назарбаев осындай қадамға барды. Керек десеңіз, бәйгеге басын да тікті. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Ес жиып, етек жапқан кезде ол туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың: мен халқымның тәуекеліне сендім деп жазғаны да, …Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын… деп ағынан жарылғаны да жадымызда. Қандай да бір шешім қабылдағанда да, нендей бір істі бастағанда да Елбасы осылай, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да өзінің туған халқы.
Осының бәрі айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе тар кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек керек еді. Білек те керек еді, қолдайтын тілек те керек еді. Риясыз жүрек те, тілек те болды. Алла не берсе де оңынан берді. Соның арқасында біз басымыздан кешпеген өмірді кешіп отырмыз, жүріп өтпеген жолға түсіп отырмыз. Назарбаевты қазақтың пешенесіне берген, халық үшін туған ұлы перзенті дейтініміз сондықтан.
— Жалпы жұртшылықтың бәрі тереңдеп біле бермейтін, әп дегеннен ұғына алмайтын жайттары болады. Әр кезеңдерде Елбасы ұстанған саясат туралы айтып берсеңіз.
— Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі — ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміздерінен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қайта аузынан тастамайтыны елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді.
Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Ырың-жырыңға жол бермеу керек еді. Бұдан басқа жол жоқ еді. Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сол жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да, тозақтың отынан да, қияметтің қыл көпірінен де бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өтті.
Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың барлығы дерлік дағдарысты басынан кешіргені есімізде. Қалыптасқан колхоз-совхоздар ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан-таражға түсті, экономика құлдырады, ел күйзеліске ұшырады; жұртты үрей биледі, мұның аяғы не болады деп пұшайман болды. Қайтіп ел боламыз деп сергелдеңге түсті. Неше түрлі арандатушылар пайда болып, әбіржітті, ел ішіне іріткі салды.
Толып жатқан ессіз митингілер, шерулер елге кесірін тигізді; мемлекеттің алға қойып отырған, биліктің жүзеге асырсақ, құлағанды түзесек, қисайғанды демесек деген тірлігіне кедергі болды. Көбінің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Елді бүлікке де шақырды. Елбасын балағаттап та жатты. Тобықтан қағып, етектен алмақ түгілі, жағадан да алып, кеңірдекке де қол салып жатты. Сөйтіп жүріп «Демократия қайда?» деп айқай салды.
Ешкімге оқ атылған жоқ. Елбасы осының бәріне шыдады. Мұратымызға жету үшін біз осындай қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз керек деп жүрді. Тілі байланған, қол-аяғы кісенделген ел едік. Енді аяқ-қолы, тілі босаған соң, жұрт еркін сөйлеуді де үйренсін деді. Кеңшілік жасады. Соның арқасында көрші елдер бүлініп жатқанда, бізде тышқан мұрны қанаған жоқ. Осылай демократия жолына түстік.
Сол бір алмағайып кезеңде Елбасы халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты.
Президент Назарбаев — мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Елбасының аз ғана жылдарда адам айтса нанғысыз атқарған қыруар істері болашақ ұрпаққа аңыз болып жететіні сөзсіз. Аумалы-төкпелі, алмағайып заманда мың өліп, мың тірілген қазақтың, үш ғасыр бодан болған елдің тізгінін Нұрекеңдей азаматтың ұстауы Алланың халыққа берген сыйы еді. Қазақ халқы сан мың жылдар іздеген мұратына да, арманына да Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жетті. Осы жылдарда біз Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін айқын таныдық.
Нұрсұлтан Назарбаев — ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды Азаматы; қалың елдің жанашыры; мұңдасы, тағдырласы; қорыққанға қорған, тарыққанға пана, зарыққанға сана бола білген өз елінің шын перзенті; алдағыны болжай білетін, ертеңгісін де оза ойлай білетін көсемі; елінің жүгін көтеріп келе жатқан қара нары; халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткері.
Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев — тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, текшіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің өзегім дейтін Азамат.
Нұрсұлтан Назарбаев — адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын жіті ойлайтын, әлемнің озық тәжірибесін ұтымды пайдаланып, ата-бабадан қалған асыл өнегені әдемі ұштастырып келе жатқан стратег, тәуелсіздік заманының бірнеше ұрпағын өсіріп келе жатқан тәлімгер.
— Президенттің көпшілік біле бермейтін тағы қандай қырларын айтар едіңіз?
— Бұл сауалыңызға байланысты мынаны айтайын. Біз абзалы, Елбасымыз туралы өзіміз айта бермей, сырт көздің де пікіріне құлақ түріп көрелікші. Мәселен, Ұлыбританияның саясаткері Джонатан Айткеннің Лондонда, ағылшын тілінде «Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: коммунизмнен капитализмге» деп аталатын кітабы жарық көрді. Бұрын бұл автордың АҚШ президенті Ричард Никсон туралы кітабы шыққан. «Назарбаев туралы кітап жазуға не себеп болды?» деген тілші сауалына кәнігі саясаткер: «Дүниедегі саяси лидерлер маңайына ауа райын жасай біледі. Маңайына жарқыраған шуақ шашсын, я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар туралы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзінің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күнгі Обама мен Медведевпен бір бойлықта қажыр-қайрат танытып жүрген жампоздар некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқырманды қатты қызықтырады» деп жауап береді. Иланбасқа шараңыз жоқ.
Сауд Арабиясына барған жылы ол жерде үш ай бойы ылғал тамбаған екен. Нұрекең қасиетті Қағбаға кірерде жаңбыр құйып, шыққанда аспан шайдай ашылыпты. Бұған таңғалған король Фейсаль:
— Сіз тегін адам емес екенсіз, Алладан не тіледіңіз? — деп сұрапты.
— Қазағымды, елімді аман қыл деп тіледім, — деген екен Елбасымыз.
Көк түріктің кіндігінен жаралғандардың ішінен озып туғаны да, түрік тектес халықтардың лидері де Нұрсұлтан Назарбаев. Түркияның Премьер-министрі Тайып Ердоғанның Назарбаевты түрік әлемінің лидері дегені — сол мойындаудың келісті көрінісі.
Аты әлемге мәшһүр қаламгер Шыңғыс аға Айтматов: «Ойпырмау, бұл кісі данышпан екен ғой. Зауыт салуға болар қазір, фабрика салуға болар, өндірісті дамытуға болар, бірақ мынадай қиын заманда университет салып, рухын еліне оралтып отырған мынау шын мәнінде түріктің түнегін ашқан данышпан ғой. Мен өмірімде, соңғы кезімде көрмеген рахатымды көріп келдім. Нұрекеңмен сөйлескенде үлкен бір байтақ дарияда жүзгендей болып келдім» дегенде төбем көкке екі елі жетпей қалды.
— Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше қуанған, толқыған немесе жаны күйзелген сәттерін көрдіңіз бе?
— 1992 жылы Өскеменде бір келеңсіз жайт орын алды. Төрт қазақ жігіті шешендердің қолынан қаза тауып, халық ұлт-ұлтқа бөлініп, кек қайнап, Өскеменнің жұрты тұтанатын отқа ұқсап тұрған шақ еді. Көрші Семей, Талдықорған облыстарынан қазақ жастары қаптап келеді екен. Қаланың соғыс алдында тұрғандай жағдайын білген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы шұғыл комиссия құрып, оның басына мені тағайындап, Өскеменге аттандырды.
Қысқасы, елді көп күш жұмсап тыныштандырып, Алматыға оралғаннан кейін Президент ағынан жарылып, алғысын айтқан еді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол сәтте толқып тұрып: «Жастар нақақ кетті-ау, қыршын кетті-ау», — деп мұңайып, көзіне жас алып еді. Міне, Елбасы елін осылай сүйеді, «әр қазақ — менің жалғызым» деп, қыршын кеткен әр жасқа осылай егіліп, жаны ауырады.
Президенттің ең алғашқы инаугурациясын өткізгендегі бір көрініс көз алдымнан кетпейді. Елбасы халыққа қарап отырды. Ол кісінің арт жағындағы ту шымылдықтың қозғалысынан орнынан жылжып бара жатқанда, құдайдың құдіретімен сезіп қалып, туды ұстай алды. Сонда абыржып қалған бәріміздің көңілімізді орнықтырған ол «Қазақтың туы енді құламайды!» деп бәрімізді жігерлендіргені жадымда.
— Елбасының өзіңізге деген ықыласын қалай сезінесіз? Еңбегім толық бағаланып жүр деп айта аласыз ба?
— Мен қандай кезде де Нұрекеңнің ықыласынан кенде қалған адам емеспін. Бұл әрине, ылғи мәпелеуде жүрдім деген сөз емес.
Күнделігіме 2005 жылғы 15 желтоқсан күні былай деп жазыппын: «Өмірімдегі елеулі күндердің бірі болды. «Парасат» орденімен марапатталдым. Бұл, менің үшінші орденім. Кеңес дәуірінде «Халықтар достығы», тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Құрмет» орденін алған едім.
Нұрекең құттықтап, маған жылы-жылы сөздер айтты. Мен ризашылығымды білдіріп, тілек айттым. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп, біз Нұрсұлтанның бағасын әлі біле алмай жүрміз. Оның жүріс-тұрысы да, күлкісі де, сөзі де, ісі де бөлек жаратылған адам».
Бұл — сол сәттегі өзімнің шын көңілімнен туған сөздер. Оны арада он жыл өткенде, яғни қазір де өзгерткім келмейді.
Елбасы көп шаруаларды маған сеніп тапсырғанын өзіме берген тағдыр сыйы іспетті сезінемін. Қиындау бір кезеңде Еуразия университетінің тізгінін ұстатты, басқа да жауапты жұмыстарға жұмсады. Мен де аянып қалған жоқпын, Елбасы сенімінен шығуға ұмтылдым.
Нұрсұлтан Назарбаев — әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп, айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер; гуманист, туған халқының Бәйтерегі, Көсемі, Кемеңгері. Елінің аманатын арқалаған тірегі, алтын діңгегі.
Міне, менің шын жүрегімнен шыққан сөзімнің түйіні осы!

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button