Басты жаңалықтарЭкономика

«Миакро» және 300 қоян

Ақтөбеде «Миакро» шағын фермасында қоян өсіріліп жатыр. Қоян шаруашылығын дамытуды «Жаңа қоныс» шаруа қожалығының иесі Болат Отарбаев қолға алған. Кәсіпкер қоян етін сауда орындары арқылы сатылымға шығаруды көздейді. Қазір шаруашылықта қоян соятын цех салу жұмыстары басталған.

Сұраныс пен сенім

Қазір Ақтөбеде қоян етін сататын бірде-бір дүкен жоқ. «Алдағы уақытта шаруашылықта ай сайын 200 келі ет алуды жоспарлап отырмыз. Егер сұраныс артса, ет мөлшерін 300 келіге дейін жеткізу ойымызда бар», — деп бастады әңгімесін кәсіпкер жігіт.
Қоян етін өткізу үшін Ақтөбедегі бірқатар желілік ірі сауда орындарына тапсырыс түсіргенмен, әзірге олардан хабар жоқ. Қапталған қоян етін сатып көрмек ниетінде алғашқылардың бірі болып қаладағы «Дастарқан» шағын маркеті алыпты. Болат шаруашылық ісін дамыту, өнімді өткізу үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінген.
— Сайтқа тапсырыс бердім. Енді шаруашылықтың негізгі жұмыстарын көрсететін, бір жағынан жарнамалау мақсатында сайт жасалмақ. Өнімді өткізу, жұмысты дамыту ісінде сайттың маңызы зор. Ет қаптамаларын жергілікті баспаханаларға тапсырыс беру арқылы жасатып жатырмыз, — дейді кәсіпкер жігіт.
Болаттың айтуынша, қоянның еті 95 пайызға дейін қорытылады. Адамның иммунитетін күшейтіп, ағзадағы улы заттарды шығаратын қасиеті бар. Қоян еті аллергиясы бар балалардың бойындағы ауруды жазуға көмектеседі. Дәрумені мол жемшөп жеген қоян еті өте жұмсақ әрі дәмді болады. Ол қоян етін экологиялық таза өнім санайды. Алдағы уақытта көпшілік үшін таңсық асқа деген сұраныстың болатынына іштей сенімді.

Тор және трансформатор

Шаруашылықтағы қояндар даладағы арнайы үйшікте тұр. Ақтөбе қаласы маңындағы жылыжай кешендерінің бірінің базасында орнатылған бұл үйшіктер «Миакро» шағын фермасы деп аталады. Әзірге үйшіктердің 32-сінде ғана қоян өсіріліп, көбейтіліп жатыр. «Миакро» шағын фермасының бөлшектері Ресейден тасымалданғанмен, Ақтөбеде құрастырылған. Үйшіктерде қуат күшін азайтатын лабораториялық трансформатор орнатылған. Бұл қыстың салқын күндерінде тор ішіндегі судың температурасын реттейді.
— Қыста мал болсын, қоян болсын, қар жеп, мұз жаласа, онда жануардың бар күші бойын жылытуға жұмсалады да, қоң жинамайды. Ал мында қояндарға барлық жағдай жасалған. «Миакро» шағын фермасының төменгі бөлігінде қояндарды суықтан қорғауға арналған жылытқы орнатылған. Сондықтан торда тұрған қоянға сырттағы салқын ауа еш әсер етпейді, — дейді шаруашылық зоотехнигі Аман Қайыров.
Былтыр қараша айында шаруашылық иесі Астанадан 14 асыл тұқымды қоян сатып әкелген. Қазір сол қояндардан көбейген жануарлардың саны 310-ға жетіпті. Зоотехник маманның айтуынша, аналық қоян төрт айда бір рет көжектейді.
Бүгінде шаруашылықта 4 аталық, 48 аналық қоян бар.

Қоян қорегі: 14 келі жем, 7 келі шөп

Қоянның жиынтықталған қорегі бар. Құрамында кальций, қажет мөлшердегі тұз, май, бидай, арпа сынды 12 түрлі қоректік заттан құралған жиынтық ұнтақты өндіру үшін шаруашылық «Рамазан» серіктестігімен келісімге отырған. Ал дайын ұнтақты түйіршіктеу ісі шаруашылық иелігіндегі қондырғы арқылы жүзеге асырылады. А.Қайыровтың айтуынша, енесінен ажыратылған көжектің өсіп, союға жараған кезге дейінгі аралықтағы қорегі үшін 14 келі жем, 7 келі шөп қажет.
— Жас аналық қояндардың бауырына 8 көжекке дейін қалдырамыз. Ал үлкен аналықтары бір мезгілде 10 көжекке дейін емізеді. Еркек көжектерді анасының бауырында 75 күн ұстасақ, ұрғашыларын тоқсан күнге дейін қалдырамыз. Тоқсан күн анасының сүтін емген көжектің иммунитеті жоғары, күші мықты болады. Түйіршіктелген қоректерді асқазанда жақсы қорыту үшін көжектерді енесінің жанында ұзақ ұстаймыз. Еркек көжектерді анасынан ерте айырудың себебі — олардың аталық безі тез жетіледі, сондықтан бір-бірімен байланысып, тұқым өрбітуге жол бермейміз. Қоян шаруашылығын дамытуда арнайы бағдарлама бар. Яғни, таза қанды қоян өсіру үшін көбейту жұмыстарына ерекше мән берілуі керек. Ол үшін қояндардың он бес атаға дейін шағылысуына тосқауыл жасалуы тиіс. Сонда ғана асыл тұқымды, таза қанды, ірі қояндардың тұқымын көбейтуге болады, — дейді Аман.
Шаруашылықта енесінен ажыраған көжектер бір ай бойы салмақ жинап, семірту үшін арнайы торға қамалады. Союға семіртілген қоян 5-6 келіге дейін ет береді.
Қазір мұнда қоянның «великан» аталатын тұқымының ақ, сұр түрлері өсіріліп жатыр. «Қоян — тез көбейетін жануар. Олар түрлі ауруларды бойына тез қабылдайтын қасиетімен де ерекшеленеді. Соған қарамастан біз таза қанды қояндардың түрін көбейтуді қолға алып отырмыз. Ол үшін тамақтандыру, көбейту жұмыстары уақытында жүргізілуі керек», — дейді Аман Қайыров.

«Келер жылдан кіріс күтеміз»

Қоян шаруашылығын дамыту үшін арнайы маман қажет. Болат Отарбаев шаруашылықта екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Екеуін де Ресейдің
Санкт-Петербор қаласында оқытып алған. «Әзірге біз кіріс түсіріп жатқан жоқпыз. Қоян етін сатылымға шығарудағы ісіміз енді-енді жүзеге асырылып жатыр. Биыл желтоқсан айында сауда орындарын нақты белгілеп алмақпыз. Келер жылдан бастап кіріс түсіреміз деген ойдамыз», — дейді Болат.
Қазір бұл шаруашылықта қоян соятын цехты жүзеге асыру жұмыстары да басталған. Шағын бөлменің ішін санитарлық талаптарға сай жабдықтауға қатаң мән бермек. Әзірге мұндағы сойылған қояндар үй жағдайында қапталып, жиынтықталып жатыр. Алдағы күндері бұл жұмыстардың барлығы цехта жүзеге асырылмақ.
— Қоян етінің келісі — 1500 теңге. Қазір жекелеген адамдар бір-бірінен естіп, қоян етін көптеп сатып алып жатыр. Арасында денсаулығына байланысты қоян етімен қоректенетіндер, болмаса бала кезінен қоян етін жеп өскен адамдар да бар, — дейді Аман Қайыров.
Кәсіпкер қоянның қиын пайдаға асыруды да ойластырып қойыпты. Қазір қоян қиы жинақталып жатыр. Кейін жылыжайға тыңайтқыш ретінде тапсырылмақ. Болашақта қоян терісін өңдеуді де қолға алғысы келеді.

P.S. Облыстық кәсіпкерлер палатасы Болаттың бизнесі үшін сервистік қызметті қолдау бойынша бір беттік сайт ашып беруге ықпал етпек. Сайтта қоянның таза еті ғана емес, іш құрылыстарына дейін кәдеге жаратылатыны жайында жазылмақ.
**
«Миакро» шағын фермасында «Батыр», «Бульдозер», «Ақ тұмсық» атты қояндар бар. Мамандар «Батырдың» суретке түсуге құмар екенін айтады. Шақырсаң, жаныңа жетіп келіп, ұзын құлақтарын тікірейтіп, отыра қалады…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button