Басты жаңалықтарЭкономика

Жаңа жобалар өңір экономикасын арттырады

Инвестициялық жобаларға кеңінен жол ашу бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеше Ақтөбе рельс-арқалық зауытында өткен кеңес барысында осы ой түйінін кеңінен өрбітті.
Кеңеске «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» президенті Асқар Мамин бастаған республикалық теміржол, автожол саласының бірқатар басшылары қатысты.
Кеңеске қатысқандар «ҚТЖ» ҰК» АҚ қатысуымен, сондай-ақ теміржол, автомобиль жолдары салаларымен біріккен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық орталықты дамыту және басқа бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Мәжілісте Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы әңгімелеп берді.
«Жезқазған-Бейнеу» магистраліне кіретін Ақтөбе облысы бойынша ұзындығы 287 км Шалқар-Бейнеу теміржол учаскесі құрылысын негізгі серпінді жобалар қатарына жатқызуға болады», — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев. Бұл теміржол учаскесінің іске қосылуы жүк тасымалын жеңілдетті, тасымал уақытын қысқартты, жүксіз бос жүрісті азайтты, ең бастысы — өңірдің транзиттік әлеуетін арттырды, бұл өз кезегінде аймақта жағымды экономикалық жағдай туғызды.
Сонымен қатар, жылына 430 мың тонна өнім шығаратын рельс-арқалық зауытының іске қосылуын да атап өтуге болады.
Облыс әкімі «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминге инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, инвестициялар тарту жөнінде бұдан былай да ынтымақтастықта болуды ұсынды. Бердібек Сапарбаев ірі-ірі инвестициялық жобаларды айта келіп, Ақтөбеде мұз сарайын айтпағанда, бірде-бір хоккей модулі жоқ екенін тілге тиек етті.
Одан кейін сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин теміржол көлігін дамыту бойынша Ақтөбе облысының әлеуеті үлкен екенін, Ақтөбе облысы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ арасында бұрыннан қалыптасқан тығыз байланыс бар екенін атап өтті. Соңғы бес жыл ішінде акционерлік қоғамнан 287 млрд. теңге бөлінуінің өзі осының дәлелі.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев инвестициялық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, электрлі болат балқыту зауыты, рельс дәнекерлеу кәсіпорны, мультимодельді көлік-логистика орталығы, Орталық-Батыс автожолы құрылысы, республикалық маңызы бар Ақтөбе-Орск-РФ шекарасы автожолын қайта жаңғырту, калий тыңайтқыштары өндірісі, Ақтөбе қаласындағы әуежайдың жүк айналымын ұлғайту және басқа барлығы оннан астам жоба ұсынылды.
Баяндамашы өнім өңдеуді өзімізде жүзеге асырудың тиімділігін, ол іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылатынын атап көрсетті. Бұл өз кезегінде бюджеттің толығуына да оң әсерін тигізер еді.
2014 жылы көлік-логистикалық орталығы құрылысын жүргізу туралы Қазақстан темір жолы басшылығымен меморандумға қол қойылған болатын. Кеңес барысында осы шаруаны тиянақтау мәселесі көтерілді. Аталған нысанға 1,5 шақырымдық автомобиль жолын салу жоспарланатын болып келісілді.
Ақтөбеде «Тальго» жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету пункті құрылысы жүргізілуде. Мердігерлердің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта белгіленген жұмыстың 20 пайызы орындалған. Бұл жұмыстар алдағы жылы жалғасын табатын болады.
Кеңесте рельс дәнекерлеу кәсіпорны туралы сөз болғанда, «Жөндеу» компаниясының меморандумға қол қойылғаны айтылды. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін 27 гектар жер бөлінген. Бұл жобаны жүзеге асыру келер жылы басталмақшы.
Теміржол шпалдары зауыты өндірісі де бүгінгі күннің қажеттіліктерінің бірі. Бұл жұмыстың акционерлерінің қатарында итальяндық компания да бар, осы мақсатта тиянақтайтын, келісімге келетін бағыттар әлі де бар.
Кеңес барысында сондай-ақ қытай кәсіпкерлерімен калий тыңайтқыштары зауытын салу мәселесі талқылану үстінде екені айтылды. Қытайлықтар жобаның өзін-өзі ақтауы үшін өздеріне ыңғайлы шарттар қоюда. Бұл мәселеге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының» қатысуы сұралды.
Ақтөбенің теміржол вокзалында да проблемалар бар. Соның бірі — жолаушылардың екінші, үшінші жолдарға өтуіне байланысты. Орталық-Батыс автожолына байланысты ұсыныстар да айтылды. Жоба бойынша бұл жол Торғай-Ырғыз арқылы өтпекші. Ал жергілікті жердің ұсынысы — Торғай-Қарабұтақ және Ырғыз-Шалқар арқылы өтетін мүмкіндікті қарастыру.
«Ақтөбе» халықаралық әуежайы арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін молынан пайдалану жайы да осы кеңесте сөз болды.
Тағы бір қаралған мәселе — Ақтөбе индустриалды аймағында контейнерлік терминал құрылысын жүргізу жайы.
Теміржол бойларындағы станциялар мен разъездердегі сумен жабдықталу жайы да өткір күйінде тұр.
Қысқасы, кеңесте көптеген мәселелер қозғалды. Өңірдің ілгері дамуына оң ықпалын тигізуі тиіс бірқатар жобаларды жүзеге асыру екі жақты келісім арқауына айналды.
Кеңесте «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов шығып сөйледі.
Қорытынды сөзінде Асқар Мамин ұсынылған инвестициялық жобаларға оң көзбен қарап, қолдау жасайтынын айтты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қонақтарға ынтымақтастық пен өзара байланыс және инвестициялық жобаларға қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «ҚазавтоЖол» ҰК» АҚ төрағасы Ермек Қизатов 2016 жылға арналған автожолдар жобаларын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button