Басты жаңалықтар

175 мың тонна астық жиналды

Биылғы жаздың құрғақшылықпен өткеніне қарамастан, облысымыздың диқандары әр гектардан орта есеппен 5,9 центнерден өнім алды. Барлығы 295,4 мың гектар жерге егілген егін орылып, қамбаға 175 мың тонна астық түсті. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Асылхан Әбтиев мәлімдеді.
— Биылғы жаз да диқандар үшін қолайсыз өтті. Шілде айы өте ыстық болды. Бұл, әрине, ауыл шаруашылығы дақылдарын егушілерге өз әсерін тигізді. Тіпті үнемі суарылып тұратын көкөніс түрлеріне де оңай тимеді. Дегенмен, осынша қолайсыздықтарға қарамастан, алынған өнім мөлшері көңілден шығып отыр, — дейді облыстық басқарманың егіншілік бөлімі басшысы.
Күздің алғашқы айының жауын-шашынсыз өтуі егілген егінді төкпей-шашпай жинап алуға мүмкіншілік берді. Шаруашылықтардың қолда бар техникаларын сақадай сай әзірлеп, жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етілуінің арқасында өнімді жинау кезінде ешқандай қиындық туындаған жоқ. Шілде-тамыз айларында облысымыздағы шаруаларға субсидиялардың берілуі де жұмыстың тиімді жүргізілуіне әсер еткен секілді. Асылхан Әбтиевтің айтуынша, биыл егін егушілерге барлығы 859 миллион теңге субсидия төленіпті. Бұған қоса, диқандар қолданылған тыңайтқыш пен гербицидтер үшін қазан айында тағы да шамамен 100 миллион теңге субсидия алады.
Әдеттегідей ең көп өнімді облысымыздың астықты аудандарының егіншілері алған. Әйтеке би ауданының диқандары әр гектардан орташа есеппен 6,8 центнер, ал хромтаулықтар — 6,5, мәртөктіктер — 6, қарғалылықтар 5,5 центнерден өнім жинаған. Осы жерде қолында ылғалды сақтап қалу техникалары бар ірі шаруа қожалықтарының көп өнімге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Олардың арасында Әйтеке би ауданындағы «Алтынсарин» ЖШС, «Құмқұдық» ЖШС, «Жамбыл-С» ЖШС, «Еңбек-Агро» ЖШС, Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС, «Велиховка» ЖШС, «Жосалы» ЖШС, Мәртөк ауданындағы «Родники» ЖШС мен «Акбар» ШҚ, Хромтау ауданындағы «Акжар-Агро» және «Елім-Табантал» ЖШС бар. Бұл аталған шаруашылықтардың әрқайсысы бір гектердан 10 центнердің үстінде астық алған.
Биыл астықтың бағасы да егіншілердің көңілінен шығып отырған көрінеді. Корпорациялар үшінші сыныптағы астықты әр тоннасын 42 мың теңгеден сатып алмақшы. Ал кейбір элеваторлар қатты бидайды 68 мың теңгеден сатып алып жатыр.
— Қазір облысымызда картопты жинау науқаны да аяқталып қалды. Десек те, жаздың өте ыстық болуы көкөніс түрлері мен картоп егушілерге ыңғайлы болған жоқ. Осы картоп егуге маманданған шаруашылық «Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі өнімді аз алды. Өткен жылы бұл шаруашылықта орташа өнім мөлшері 400 центнер болған болса, биыл әзірге әр гектардан 180 центнер өнім алуда, — дейді Асылхан Әбтиев.
Облыс бойынша негізгі картоп өндіруші шаруашылықтардың Қарғалы және Алға аудандары мен Ақтөбе қаласына қарасты селолық округтерде орналасқаны белгілі. Қарғалы ауданында ең үлкен картоп егілетін алқаптардың аумағы 500 гектарды құрайды. Облысымызда биылғы жылы картоптан өнім алу әр гектар жерден орташа есеппен 160 центнердің шамасында болды.
Биылғы жазда облысымыздың мал азығын дайындаушылары да өнімді еңбек етіпті. Қысқа қажет шөп мөлшері 1 миллион 698 тонна болса, жиналып, дайындалған шөптің мөлшері — 1 миллион 886 мың тонна. Барлық аудандар өздеріне қажет мал азығын толықтай дайындап үлгерген. Соңғы жылдары қысқа дайындалатын мал азығы құрамында құнары мол шөп түрлері үлесінің артып келе жатқаны қуантады. Мұндай құнарлы мал азығын дайындаумен «Айс» және «Анди» сынды сүт өндіретін фермалар айналысады. Биыл 7,5 мың тонна сүрленген шөп пен 4,5 мың тонна пішен дайындалыпты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы суармалы алқаптардың көбейіп келе жатқанын айтады. Өткен жылы 1 500 гектар жер суарылған болса, биыл оның аумағы 2 700 гектарға жеткен. Әзірге мал азығы дайындалатын алқаптарды суару жұмыстарын «Айс» компаниясы ғана жүргізіп отыр. Дегенмен келесі жылы «АкТеп» ЖШС 816 гектар жерге, ал «Рад-Агро» ЖШС 100 гектар жерге суару технологиясын енгізбекші. «Милкер» ЖШС-ның сүт фермасы жобасы іске қосылатын болса, суарылатын алқаптардың ауданы қосымша 1 700 гектарға ұлғаяды. Нәтижесінде облысымызда суару технологиясы енгізілген мал азығын дайындау алқаптарының аумағы 5 400 гектарға жетеді. Суарылатын алқаптардың басты артықшылығы — шаруашылықтар бір маусымда екі-үш мәрте өнім алу мүмкіншілігіне ие болады.
Асылхан Әбтиевтің айтуынша, жиын-терін науқаны аяқталуға жақын болғанымен диқандар қол қусырып бос отырмай, алдағы жылдың қамына кірісіп те кеткен көрінеді. Облысымыз бойынша қазірдің өзінде 4 мың гектардан аса алқапқа күзгі егіс егіліпті. Осы жерде 3 мың гектар жерге егіс еккен мәртөктік диқандарды атап өтуге болады.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button